Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс – Президент

Бүгін, 12:52 / Алуа Арман
Ақорда

Қазақстанда су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада өтіп жатқан Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында айтты.

 «Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр.

Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді.

Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс.

Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек.

Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Тэгтер:

Су Ауыл шаруашылығы