Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Жансая Нұрәлиева Ресей қазіргі жағдайда Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болуға мүдделі екенін, мұны Ресей тарабы мойындап отырғанын айтады. Сондай-ақ сарапшы Путин Қазақстен мен Ресейдің қарым-қатынас тең құқықты деп атағанына назар аударды.
Соңғы апталар президентіміз үшін тығыз болды. АҚШ-қа сапарынан келер-келмес Ресей еліне алғаш рет екі күндік мемлекеттік сапар шекті. Мемлекеттік сапар дипломатияда екіжақты ынтымақтастықты шегелейтін жоғары деңгейлі сапар болып саналады. Соған сай сапар барысында ресми кездесулер, мемлекеттік қабылдау, салтанатты шаралар, мәдени орталықтарға бару, баспасөз конференциясы секілді шараларды қамтиды. Мемлекеттік сапармен тек мемлекеттің басшысы ғана бара алады. Және мемсапар мемлекет басшыларының өкілеттігі тұсында әдетте бір рет ғана болады.
Бұған дейін Тоқаев Ресейге 2019 жылы президент болып сайланғаннан бастап 23 рет ресми және жұмыс сапарларымен ғана барған.
Сапардан бұрын Президент Қ.Тоқаев ресейлік «Российская газета» басылымында авторлық мақаласы жарияланды. Мақаланың бірінші жолдарынан-ақ Тоқаев Ресейді тарихтың өзі айқындаған одақтас ел және стратегиялық әріптестер екенін атап көрсетеді. Айтып кететін жайт, дәл осы одақтас мемлекет деген риториканы төрт ай бұрын В.Путиннің өзі айтқан болатын.
Жалпы екі ел арасында айтарлық мәселе жоқ. Президент Тоқаев айтқандай, ондай мәселелер туындаса, мемлекет басшыларының немесе қос ел үкіметтерінің араласуымен дер кезінде шешімін тауып отырады.
Әуежайдан Президент Тоқаевты В.Путиннің өзі емес, РФ вице-премьері Д.Мантуров қарсы алды. Кейінірек Кремлде В.Путинмен жүзбе-жүз кездескенде «жылы қарсы алғаныңыз үшін рахмет» деп ишара білдірді. Өзара сөз алмасудан кейін В.Путин Қ.Тоқаевты жеке әңгімелесуге, шайға шақырды.
Сапар барысында Қазақстан мен Ресей екіжақты 14 құжатқа қол қойды.
Ресми кездесуде Тоқаев Ресейді құдай қосқан көрші деп атады. Путин болса Қазақстен мен Ресейдің қарым-қатынас тең құқықты деп атады.
Жалпы, Ресей қазіргі жағдайда Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болуға мүдделі. Мұны Ресей тарабы мойындап отыр. Қазақстан Ресейдің оңтүстіктегі ең ұзын шекаралас мемлекет. Онда қауіпсіздікті ұстап тұру айтпаса да белгілі нәрсе. Санкциялардың астында қалып, Еуропа жұртшылығынан қағылып отырған Ресей үшін Қазақстан экспорт үшін қосымша бағыттардың бірі. Қол қойылған құжаттардың бірқатары логистикаға қатысты. Бұл дегеніміз Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Аягөз-Бақты, Достық-Мойынты теміржолдары мүмкіндіктерін арттыру.
Аталған сапар Қазақстанның сыртқы саясатының көпжақтылығын және оның маңыздылығын тағы да айқындап берген сапар болды.