"Бүгінде әлемдік саясат пен ірі стратегиялар туралы пікірталастар басты ақиқатты көбінесе елеусіз қалдырады: қолымен де, ақыл-ойымен де еңбек ете алатын адамдарсыз өнеркәсіп те, технологиялық ілгерілеу де, өңірлердің тұрақтылығы да мүмкін емес". Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жаслан Нұрбаев XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы еңбекке деген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама екенін айтты.
Орал қаласында өткен XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл «Жұмысшы мамандықтар – экономиканың өсу тетігі» атты ерекше тақырыпқа арналды. Алғаш қарағанда бұл тақырып прагматикалық сипатта көрінгенімен, іс жүзінде ол екі елдің болашағына қатысты ең өзекті мәселені көтереді: ертеңгі күннің экономикасын кім және қалай қалыптастырады?
Бүгінде әлемдік саясат пен ірі стратегиялар туралы пікірталастар басты ақиқатты көбінесе елеусіз қалдырады: қолымен де, ақыл-ойымен де еңбек ете алатын адамдарсыз өнеркәсіп те, технологиялық ілгерілеу де, өңірлердің тұрақтылығы да мүмкін емес. Демек, жұмысшы мамандықтар туралы әңгіме – бұл ең алдымен Қазақстан мен Ресейдің басты капиталы саналатын адам ресурсы туралы әңгіме.
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара маңы ынтымақтастығының тарихи тамыры тереңде жатыр. Дәл осындай Орал, Орынбор, Саратов, Қостанай және Челябі сияқты шекаралас қалалар жұмысшылар, инженерлер, құрылысшылар мен технологтар секілді кәсіби қауымдастықтар қалыптасқан орталықтарға айналды.
Өңіраралық кооперация мен көршілік тығыз байланыстарды дамытты: адамдар бір-бірінен үйренді, бір кәсіпорыннан екіншісіне ауысып отырды, ортақ құрылыс нысандарында еңбек етті, бірлескен көлік бағыттарын қамтамасыз етті. Қазақстанның батыс агломерациясында ғана көптеген мамандық дәстүрлі түрде «шекарасыз» кәсіптер болды, олар – дәнекерлеушілер, механизаторлар, мұнайшылар, геологтар. Бұл жағдай еңбектің ортақ кәсіби мәдениетін қалыптастырды, онда шеберлік, жауапкершілік пен тәжірибе басты құндылыққа айналды.
Бүгінде бұл дәстүр бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Неліктен жұмысшыларға қайтадан назар аударылып отыр? Себебі әлем тек технологиялық өзгерістерді ғана емес, еңбектің мәні мен логикасының алмасуын бастан өткеріп отыр. Роботтандыру, автоматтандыру және цифрлық шешімдер жұмыс орындарының құрылымын өзгертіп жатыр, бірақ оларды жойған жоқ. Керісінше, білікті жұмысшыларға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.
Қазақстанда да, Ресейдегідей, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында білікті кадрлардың жетіспеушілігі айқын сезілуде. Көптеген сала мамандарды даярлау жүйесіне қарағанда жылдам дамып келеді. Жастар көбінесе кеңсеге жұмысқа тұрады, ал нақты экономикаға жаңа ұрпақтың токарьлары мен дәнекерлеушілері, автоматик мамандары мен өндірістік желілер операторларын, жоғары білікті механиктер мен слесарьлар, жабдықтарды күтіп ұстау техниктері және басқа да көптеген кәсіби маман қажет.
Жұмысшы мамандықтар – бұл дәлдікті, технологияны түсінуді және жүйелі түрде жұмыс істеуді талап ететін интеллектуалды еңбек. Сондықтан жұмысшы еңбегіне деген құрмет – тек экономикалық емес, мәдени құндылықтардың да мәселесі.
Алдыңғы форумдар көбіне инфрақұрылым, инвестиция және логистика тақырыптарына арналса, биылғы Форум адами капиталды ынтымақтастықтың стратегиялық ресурсы ретінде қарастырады. Мұнда ең маңыздысы не? Кәсіби білім беруді бірлесіп жаңғырту. Қазір Қазақстан мен Ресей білім стандарттарын үйлестіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Алайда бүгінгі күн бұл процесті тереңдетуді талап етеді: дуалды оқыту жүйесін дамыту, өндіріс базаларында тағылымдамалар ұйымдастыру, колледж оқытушыларымен алмасу, оқу жабдықтарын жаңарту қажет. Трансшекаралық құзырет орталықтарын құру. Бұл – екі елдің кәсіпорындары нақты өндірістік міндеттерге бейімделген мамандарды даярлайтын алаңдар. Мұнда білім беру өмірден алшақ теория емес, нақты өндіріс қажеттіліктеріне сай құрылуға тиіс.
Кәсіби бірегейлікті қайта жаңғырту. Жұмысшы мамандығы – «мәжбүрлі таңдау» емес, құрмет пен беделге ие, тұрақтылық, кәсіби даму және лайықты табыс әкелетін өмір жолы болуы керек.
Шекаралық аймақтардағы еңбек саясатын үйлестіру аймақаралық экономикалық байланыстарды нығайтып, жалпы еңбек нарығын жандандырады.
Орал – бұл форум үшін кездейсоқ таңдалған қала емес. Ол ежелден қолөнер мен өндірістің, еңбек мәдениеті мен рухани байлықтың ордасы саналады. Мұнда көпсалалы жұмысшы әулеттері қалыптасты, ал зауыттар мен колледждер әрдайым жай ғана өндірістік немесе оқу орындары емес, нағыз еңбек қауымдастықтары болған.
Жұмысшы мамандықтар бұл баршаға түсінікті, адамдарды біріктіретін ортақ тіл. Бұл салада серіктестік ұранмен емес, нақты іспен дәлелденеді.
Оралдағы форум ондаған кәсіби бағдарлама, тағылымдама, оқу орталықтары мен жаңа жұмыс орындарын құруға серпін бермек.
Бүгінде әлем тұрақсыздық кезеңін бастан кешіп жатқанда, ең мықты елдер – өз адами капиталына сүйенген елдер.
Орал форумы – еңбекке, шеберлікке және мамандыққа деген құрметті қайта оятуға бағытталған бастама. Бұл – экономикалық серіктестік адамның еңбегі мен білімі, кәсібі мен қабілетінен басталатынын көрсететін мүмкіндік.