Қазақтың тұңғыш аудиокітабын әлемде алғаш шығарған кім екенін көп жұрт білмеуі мүмкін. Қытайда жүріп, қазақтың ән-күйін миллиардтар еліне кеңінен насихаттаған ақын, сазгер, диктор Серік Әбілұлы қазақ руханиятының миллиардтар еліне кеңінен насихатталуына зор үлес қосқан қайраткердің бірі. 2021 жылы Әнуарбек Байжанбаев атындағы халықаралық дикторлар байқауының жеңімпазымен Шыңжаңдағы мәдени-рухани ахуал жайында әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Сіз арғы беттегі қазаққа ерте танылдыңыз. «Авторы Серік Әбілұлы» деген ән мен күйді көпшілік сүйсіне тыңдайтын. Өнер әлеміне қалай келдіңіз?
– 1973 жылы өмір есігін ашыппын. Мен мектеп табалдырығын аттаған шақта Қытайда «Мәдениет төңкерісі» деген зобалаң аяқталып, Дэн Сяопиннің «сыртқа есік ашу» саясаты орнаған мамыражай шақ еді. Қытайдағы қазақтар өзінің төл мәдениетімен сусындап, айтыс, терме, халық әндері кеңінен тарай бастады. Радио-телеарналардың қазақша хабары көбейіп, газет-журналдар саны артты. «Шұғыла», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай» секілді әдеби журналдар әр аймақтан ашылып, халық мәдени әлемге бет бұрды. Бұл бір рухани түлеу дәуірі болды.
– Ол жақтағы Қазақ әдебиетінде үлкен дүмпу болды ғой осы кезде?
– Иә, қуғын-сүргін аяқталып, Тарым лагері мен әртүрлі жазамен сотталған қаламгерлер елге оралды. Олар іркес-тіркес роман, повесть, әңгімелер жазып, ауыл-ауылда кітап оқитын жастар, жаңа оқырмандар легі қалыптасты. Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабдан, Оразхан Ахмет, Жақсылық Сәмитұлы, Жұмабай Біләл, Ғаппар Біләл, Қаусылқан Қозыбаев, Шайсұлтан Қызыр секілді қаламгерлер бірінен кейін бірі әртүрлі тақырыпта романдар жазды. Әдеби журналдар олардың шығармаларын талдап, бірімен бірі айтысып-тартысып, сынап, бір қызықты дәуір басталды. Бала болсақ та, соларды оқып, журналдардағы өлеңдерді жаттап алатынбыз. Осы жаймашуақ мезет бізді өнерге сүйреді. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде «әнші бала» атандым. Ән айтқанды, өлең оқығанды ұнататынмын. Өнерге ерте бастан қызығушылығым әдебиет әлеміне әкелді.
Мектеп бітіре салып, аудандық Мәдениет үйіне әнші болып қабылдандым. Кейін Алтай аймақтық радио-телевизия мекемесінде тілші болдым. Одан соң Шыңжаң университетінің әдебиет факультетінде оқып, Шыңжаң халық радиосына диктор болып қабылдандым. Конкурсқа 2042 адам қатысты. Екі диктордың бірі болып қабылдандым. Содан ұзақ жыл бойы, атамекенге оралғанша радиода қызмет еттім.
– Әлемде ең алғашқы қазақша аудиокітапты шығарғаныңызды естіп едім. Аудиокітап шығару үшін қаржы керек екенін білеміз. Оны қалай жүзеге асырдыңыз?
– 2000 жылы Шыңжаң радиосының «әдебиет, көркемөнер» бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалдым. Шыңжаң радиосы – үлкен мекеме. Қытай, ұйғыр, қазақ, моңғол, қырғыз тілінде хабар таратады. Менің бөліміме әр ұлт өзінің әдебиет пен көркемөнер саласындағы жоспарын бекітіп, ұсынады. Мұндай оңтайлы сәтті дұрыс пайдалану бізге де міндет екенін түсіндім. Ең алдымен 1960-70 жылдары сапасыз жазылған ән-күйлерді сүзгіден өткізіп, қайта жазуды қолға алдық.
Радиода әр ұлт өз тілінде күніне жарты сағат әдеби шығармаларды оқиды.
Абайдың 160 жылдығына орай «Абай жолын» қайтадан эфирден оқып, беруге талпындық. Төрт томдық ұлы шығарманы 160 күнге бөліп, 80 сағаттық аудио хабар ұсындық. Мұнымызды халық қатты қолдады. Абай туындылары ЮНЕСКО тізіміне енген соң Қытай да жақсы мән беріп, радиода бірнеше мәрте қайталанып берілді. Оқылатын шығармалар тізіміне Қытай қазақтарының шығармаларын ғана емес, қазақтың әйгілі романдарын біртіндеп қосып отырдық. «Көшпенділер», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Атаукере», «Менің Әуезовім» секілді шығармалар оқылды.
Осы кезде халықтың аудиошығармаларға ынтасы жоғары екенін байқадым. Қытай, ұйғырлар өзінің шығармаларын аудионұсқа арқылы шығара бастаған кез. Біз неге осылай істемейміз деген ой келді. Қазақстанда аудиокітап шықпаған екен. «Елден қалмайық» деген оймен тәуекел етіп Оралхан Бөкейдің «Атаукересін» аудиокітап етіп шығардым. Бір жолы Үрімжіге әйгілі ақын Есенғали Раушанов барды. «Атаукеренің» аудионұсқасын көріп, қатты қызықты. Кітаптар сериясын шығару керек деп ақылдастық. Есағамның пікірі маған қанат бітірді. Содан соң Бейжіңдегі әріптестеріммен келісіп, аудиокітап сериясын шығаруды қолға алдық. «Атаукереден» бөлек, Әуезовтің «Абай жолы», Кекілбаевтың «Күй дариясы», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыры», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романы, Шайсұлтан Қызырдың «Бұлаң дүние», Ғаппар Біләлдің «Ғасырлық қуғын», Мағаз Разданның «Алтайдың ақиықтары» секілді шығармаларды таспалап, халыққа ұсындық. Ел жаппай іздеп жүріп тыңдайтын болды. Ол кітаптарды елге алып келдім. Осындағы Ұлттық кітапханаға өткіздім.
– Осы жобаңызды елімізде ары қарай жалғастыруды ойластырмадыңыз ба?
– Менің ең үлкен арманым – қазақтың әйгілі шығармаларын оқып, елге аудиокітап түрінде ұсынсам деймін. Былтыр ғана ел оқитын 100 кітапты іріктеп алдық қой. Соның бәрін оқуға мүмкіндігім жетеді. Өзім Шыңжаң радиосында жүргенде 30-дан астам роман оқыппын. Олардың аудионұсқасы сақтаулы. Қазір қолым бос, жұмыссыз адаммын, кез келген шығарманы майын тамызып оқыр едім. Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың жолын заманауи тұрғыдан жалғастыру керек. Талай адамға осы ойымды айттым. Қытайда шығарған аудиокітаптарымды көрсеттім. «Керемет екен» дегеннен басқа нақты қолдау көрмедім. Демеуші іздеп көріп ем, табылмады...
– Сіздің «Керуен саз» және «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» деген бірегей жобаларыңыз туралы естіп едім. Қазақтың ән мен күйін CD форматта елге ұсыну идеясын қолға алып, жүзеге асырыпсыз.
– Қытайдағы қазақтардың әні мен күйін сақтап қалу біздің буынның міндеті еді. Өйткені Қытай қоғамында урбанизация үрдісі қарқынды жүріп жатты. Қалаласумен қатар, ассимилияция толқыны белең алды. Ал қазақтың күйін біз жинап, сақтап қалмасақ, ертеңгі ұрпақ оны қайдан тыңдайды? Сол үшін «Керуен саз» және «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» деген жоба жасап, Шыңжаңдағы қазақ басшылардың алдына бардым. Олар менің ойымды қолдады. «Керуен саз» деген атпен 500 күйді CD нұсқада жасап шықтық. Оркестрмен де, жеке орындаушыларға да орындаттық. Бұл дискілерді елге әкеліп, Ұлттық кітапханаға өткіздім. Оның элек-тронды нұсқасын да алып келдім.
– Бәрі Шыңжаң қазақтарының күйі ме?
– Дәл солай. Бұл түсінген адамға үлкен мұра ғой. Қытай қазақтарының мәдениетін, әсіресе, күйін зерттеймін дегендерге толық мәлімет дайын тұр. Бұл еңбекті жасау үшін қақпаған есігім жоқ. Алдымен күйлерді табу, жүйелеу, нотаға түсірту, оны орындату – толайым жұмыс. Ол кезде Қытай билігінің аз ұлттардың мәдени мұрасына көзқарасы дұрыс болды. Бірнеше жылдық еселі еңбектің арқасында осы бірегей жобаны ойдағыдай орындап шықтық. Мұнан соң қазақтың әндерін де таспалау қажет екенін айтып, «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» деген жобаны қолға алдық. Мұны да іске асыру оңа болған жоқ. Жанәбіл Смағұлұлы, Нұрлан Әбілмәжінұлы сынды ел ағаларын алдыға салып, 200 әнді таспалап, халықтың игілігіне жаратуға күш салдық. Қытайдағы қазақтардың халық әндерінен тартып, авторлық әндердің ең таңдаулыларын енгіздік.
– Бұл ғажап жұмыс екен. Екеуі де ел болып атқаратын істер ғой. Сол жұмыстарыңызды елге алып келдіңіз бе?
– Бәрі өзімде бар. Керек адамдарға беріп те жүрмін. Егер ол жақтағы қазақтардың ән мен күйін зерттеуге ынталы ғалымдарымыз болса, ұсына аламын.
Биыл Абайдың 180 жылдығы ғой. Бала кезімнен Абай шығармаларын сүйіп оқитынмын. Өйткені біздің ауылдың үлкен кісілері Абай туралы көп айтатын. «Абай жолы» романы екі үйдің бірінде тұратын. Сондықтан болса керек, Абаймен «ауырған» жанның бірімін. Білте шамның жарығында «Абай жолын» оқитынмын. Кейін ат жалын тартып мінген соң, радиохабарлар жасадым. Қытайда Мұратбек Тесебаев деген әйгілі диктор ағамыз болды. Сол кісі 50 жыл бойы қазақ романдарын радиодан оқыды. Оқу мәнері ерекше еді. Дауысы қандай қоңыр. Көп тәлімін алдым. Со кісі оқыған «Абай жолын» әлденеше рет тыңдап шықтым. 2017 жылы ірі ғалым Сұлтан Жанболатов ағамыз үйіне шақырды. Ұйғырдың бір айтулы компаниясы Абайдың қарасөздерін қытай, ұйғыр, қазақ тілінде аудиокітап етіп шығармақшы екен. «Ұйғыршасын өздері оқиды, қазақшасын сен оқы. Әкбар Мәжит қытай тіліне аударғанын білесің. Енді қытайшасын оқитын жақсы диктор тап» деді. Мен Бейжің радиосында істейтін Жаң деген әріптесіме хабарласып, оған қытайшасын оқуын өтіндім. «Қазақтың Абайын оқу мәртебе ғой» деді ол да. Сол жылы Абайдың қарасөздері үш тілде – қазақ, ұйғыр, қытай тілінде аудиокітап болып шықты. Абай мұрасын елге жеткізуге аз да болса үлесім тигеніне қатты қуандым. Бұл СD дискілер де менде бар.
– Қазақтың әндерін қытай тіліне аудартып, Қытайдағы әр ұлттың ең мықты әншілеріне орындатқаныңыз бар екен. «Аққу сазы» деген атпен күллі Қытай телеарналарынан көрсетіліпті. Бұл идея қалай келді?
– Қытайда қазақтың көркем жерлері – саяхат орындары көп. Нарат, Қаражон жайлауы, Қанас, Сайрам көлдері, Еренқабырға мен Тарбағатай таулары қандай керемет. Бұл жерлерді қазақ әндері арқылы көрсетуге, сол арқылы қазақтың байырғы мекені екенін дәріптеуге тиіс екеніміз 2000 жылдардың басында ойыма келді... Жаңа ұрпақ біздің даламыздың көркемдігін көріп өссін деген арман еді. Оны қалай іске асырсақ болады? Бұл қазақтың жері деп айғайлай алмайсың. Сондықтан қазақтың ең таңдаулы елу әнін іріктеп алып, оның сөзін кәсіби аудармашыларға қытай тіліне аударттым. «Әнді Қытайдағы ең мықты әншілерге орындатқызуым керек» деген ұстаным болды. Қытайдағы әртүрлі ұлт өкілінен шыққан мықты әншілерге байланысқа шығып, соның дауысына келеді-ау деген әндерді ұсынып, олармен келісімшартқа отырып, орындауын өтіндік. «Дударай», «Ақтамақтан» тартып, ең таңдаулы әндерді таңдадық. Ән іріктелді, әнші табылды. Жобаның жалпы мазмұнын қағазға түсіріп, қанша қаржы кететінін есептедік. Ақыры, Қытайдың мәдениетті қолдау бөліміне өтініш айттық... Қазақ басшылардың және жеке таныстықтың арқасында қаржы да бөлінді. Содан іске кірістік. Екі жыл 50 әнге клип түсірдік. Өзім продюссер, ұйымдастырушы болдым. Қай әнге қай жердің табиғаты келеді, соның бәрін ойластырдық. Шыңжаң қазақтарының ең көркем жерлері таспаланды. «Аққу сазы» деген атпен Қытайдың әр өлкесіндегі мәдениет орталықтарына, радиолары мен телеарналарына, кітапханаларына өткіздік. Енді 100 жылдан кейін көрсе де қазақтың сұлу даласы ұлттық әндермен әрленіп, жер иесі кім екенін еске салып тұрады.
– Ұзақ жыл радиода қызмет еттіңіз ғой. Атамекенге оралғаныңызға да біраз жыл болды. Екі жақтың ақпарат құралдарында қандай айырмашылық бар? Қытайдағы радиохабарлардың ерекшелігі қандай?
– Қазақстан ақпараты кәсібилігі жағынан ешкімнен кем емес деп ойлаймын. Ойға, сөзге еркіндік мол. Кез келген тақырыпты қозғай алады. Дегенмен радио болсын, телеарна болсын, Қытайдың хабарларында елге пайдалы бір үрдіс бар. Ол шынайы еңбекті жақсы дәріптейді. Маңдай тердің өтеуінің болатынын жиі түсіндіреді. Айталық, төрт маусымда егіншілердің қалай тер төгетінін, егінді еккен сәтінен бастап жинап алғанына дейінгі барысты тәптіштеп көрсетеді.
Мысалы, сіз бір гектарға жүгері ексеңіз, жерді жырту, тұқым таңдау, тыңайтқыш себу, суару мезеттерін ғылыми тұрғыдан елге көрсетіп, диқанның сол жерден қанша өнім алғанын, қанша пайда тапқанын да нақты айтады. Бізде ондай жүйелі хабар аз сияқты. Егін екті, орып алды, пәлен тонна өнім жиналды деуден арыға бармайтын сияқтымыз. Қазақстан аграрлы мемлекет қой. Сондықтан осы жағына көп көңіл бөлсе деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ