Қасқабасов қағидатын ұмытпайық

Бүгін, 15:45 / Túrkіstan International Political Weekly

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаларымыз аз емес. Солардың алдыңғы қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың  есімінің ерекше аталуының өзіндік себептері бар.

Ұлттық құндылықтар жүйесін құрай­тын ұлттық руханиятқа ел тәуел­сіздігін алғаннан кейін көп көңіл бөліне бастағаны белгілі.
Академик Сейіт Қасқабасов ғылыми жұртшылыққа негізінен көрнекті ға­лым, ғылымды ұтқыр ұйымдастырушы, ғы­лыми-зерттеу институтының білікті бас­шысы ретінде кеңінен танымал еді. Со­нымен бірге туған халқы ардақты ака­демигін ұлттық руханиятқа қалт­қы­сыз қызмет қылған, атап айтсақ, ұлт тілі, әде­биеті, мәдениеті, өнері мен дәстүрі ту­ралы ой толғап, ұлттық руханиятты сақ­тау, оны дамытып өскелең ұрпақты ұлт­тық құндылықтарға тамырын жібер­ген жастар етіп тәрбиелеу тетіктерін ұсы­нып, еліміздің әлеуметтік-мәдени өмі­ріне атсалысқан қоғам қайраткері ре­тінде де жоғары бағалайтын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысынан бастап, Түркістандағы екін­ші, Атыраудағы үшінші, биыл ғана Бура­байда өткен төртінші отырысының күн тәртібінде ұлттық құндылықтар мә­­­­селесі үнемі көтеріліп келеді. Реті кел­генде, академиктің де тәуелсіздіктің ал­ғ­ашқы жылдарынан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ұлттық руханият туралы ойлары бүгінгі күні Ұлттық құрылтай көтеріп отырған мә­селелермен үндес екенін айта кет­ке­німіз абзал.
Ғылым-білімсіз сапалы ұлт қалып­тастыру қиын болатынын сонау тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарының өзін­де ғылыми «Зерде» журналында кө­тер­генін ғылыми жұртшылық жақсы біледі.
Жас ғалымдар бәсекеге қабілетті, ел­­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на ғылым үлесін арттырсын десек, олар­ға әлеуметтік қолдау қажеттігін айтып, олар­ды ғылымға тарту тетіктерін ұсын­ған Қазақстан Республикасы Ми­нистр­лер Кабинеті жанындағы Жоғарғы Ат­тес­тациялық комиссиясының алғашқы тө­рағасы, академик Сейіт Асқарұлына біз сияқты сол кездегі жас ғалымдар ри­за болған едік. Академик былай деп еді: «Қазір де, келешекте де ғылым мем­ле­кеттің қамқорлығында болуға тиіс, олай болмаса, ғылым дамымайды, демек, қоғам кері кетеді. Иә, озық ойлы мемле­кет ғылым мен техникаға, қаржы ая­май­ды, ол рас… Ал бізде бүгінде нарық қыс­­­­­пағы қинап тұрған уақытта ғылым­ның беделі түсіп тұр. Көптеген талантты жас аспирантураны тастап, коммер­ция­ға, бизнеске кетіп қалды. Тіпті, кексе тарт­қан ғылым кандидаттары мен кей­бір докторлар да ауысып жатыр. Не­ге? Ең басты себеп – ғалымдар жа­ла­қы­сының төмендігі. Мұндай жағдаймен жү­ре берсек, енді 3-4 жылда ғылымда еш­кім қалмайды. Міне, мемлекет осы­ның алдын алуы керек». Осылай деп, ғы­­­­лыми көпшіліктің көкейіндегісін би­ліктегілерге төтесінен дөп айту – екі­нің-бірінің қолынан келе қояр іс емес еді…
Мәселені айтып қана қоймай, ға­лым ретінде оның шешу жол­дарын ұсынғанына да талай мәрте куә бол­дық. «Ғылым жалғыз жалақыны кө­теру­мен дамымайды. Тиісті дәрежедегі жаңа аппаратура, лаборатория, при­бор­лар, жинап айтқанда,талантты, еңбек­қор маманмен бірге қажетті материал­дық база керек… Сонымен қатар жас ма­мандарды баулу, оқыту да қажет. Олар­ды шетелдегі алдыңғы қатарлы ғы­лыми орталықтарға жіберу керек», – деген болатын академик.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басындағы академик ұсы­ныс­тары бұл күндері мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылымға бөлінетін қаржат келемі 3 есеге ұлғайып, қазақ ғылымы дамуының қозғаушы күші болып санала­тын жастар ғылымға көптеп тартылып, әлемдік ғылым орталықтарында  тағы­лым­дамалардан өту үрдісі қалыпты жағ­дайға айналғаны көңіл қуантады.
Сонымен қатар Қазақстанның ха­лық­аралық ғылыми аренадағы бәсекеге қа­білеттілігін арттыруға ықпал  етуге бағыт­талып, елімізде  атын айға балаған отыз­дан астам әлем университеттерінің фи­лиалдары ашылуы да отандық ғы­лым­ды әлемдік ғылым кеңістігіне кірік­тірудің (интеграциялау) төте жолы де­сек, қателеспесіміз анық.
Академик рухани саланы сөз еткен­де, ел мәртебесі мәдениетімен жоғары болатынына көп мән береді. Қай мемле­кет болса да ғылымын, білімін, мәде­ние­тін дамытуды қолға алатынын айтқан ол, олай болмаған күнде қоғам алға жыл­жымайтынын, прогресс болмай­ты­нын атап көрсетеді. Мәдениетімізді да­мыту үшін заңға әрі ғылымға негізделген мәдени саясат жүргізу керек екенін алға тартқан академик жүйеленген мәдени саясат – мәдени үрдіске басшылық ету емес, оған қамқорлық жасау, оны ұйым­дастыру және жандандыру екенін, олай болмаған жағдайда, қолда барымыздан айырылып қалу қаупі туындайтынын, дәс­түрдің озығы мен тозығы бар екеніне на­зар аударып, сондай өнердің көр­кем­дік-эстетикалық сапасы төмен бол­мауын ескертеді. 
Елордамыздың  іргесін қалауға және бар­ша қазақстандықпен бірге жаңа Аста­на қаласының қалыптасуына зор үлес қосқан зиялы қауым өкілдерінің аты айтыла қалғанда, академик Сейіт Қас­қабасовтың да есімі ерекше еске түсуінің өзіндік себептері бар. Өйткені Астананы қазақыландыру мәселесін бірін­ші күннен бастап қолға алу керек еке­нін көтерген ғылым қайраткерлерінің алдыңғы қатарында Сейіт Асқарұлы жүрді. Елордада қазақ мектептерін ашып, олардың санын да, сапасын да кө­теру және қазақ мектебінің беделін арт­тырудың төте жолы заман талабына сай маман дайындауды мықтап қолға алу туралы өзіндік ойларын алқалы жиын­дарда ортаға салып, астаналық қоғам белсенділерімен бірге ұлт руха­ния­тын дамыту бойынша қоғамдық пі­кір  қалыптастыруға аянбай атсалыс­қан­ын айтқанымыз абзал. Әсіресе, ұлттық на­мыс басым болуына көп көңіл бөліну ке­рек екенін айтудан жалықпай өтті. Сон­дай-ақ тілдік орта мектепте қалып­тасуы­на аса назар аудару керек екенін тіл­ге тиек етіп, «қисық өскен жас шы­бық­ты ерте түзетпесең, өмір бойы жан­тайып қалады. Біз көп  сынап жүрген жас шенеуніктер – қазақ тілінің уызына қанбай қалғандар. Бұл олқылықтарға енді жол берсек, өкінішті-ақ» деген сөзі көптің көңілінен шыққан еді.
Академик ұлттық құнды­лық­тары­мыздың басты көрсеткіші – ұлттық мұ­ра­мызды сақтауда абай болуды көп ес­кертетін еді. Жаhандану заманында жұ­тылып кетпеу жолдарын іздестіруге үн­деп, «әрине, қазіргі кездегі жаhандану процесі бұрынғы замандағыдан өзгеше. Бірақ одан шошымау керек. Тек бүгін мемлекетіміздің ұлттық сипатын сақтап қалу мәселесі алда тұрғанда, біз жаhан­данудың зардапты, зиянды жақтарына көңіл аударып жатырмыз. Сөз жоқ, ұлт­тық руханиятты жаhанданудың зия­ны­нан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін те­мір шымылдық құрып, томаға-тұйық өмір сүрудің қажеті жоқ. Бүгінгі заманда ол мүмкін емес. Олай болса, оған қарсы күре­сіп, әуре болмай, мәдениетімізді, тілі­мізді, әдебиет пен өнерімізді жалпы ада­м­заттық игіліктермен толықтыра  білу керек» екеніне екпін түсіре айтатын. 
Еліміздің рухани, мәдени және ғы­лым-білім саласын дамыту үшін өт­кен­нен сабақ алып, өзіндік менталитеті, мә­­­­дениеті, рухани бай, арғы-бергісін ой­ластыратын, таза қазақтығымызды сақ­тай алатын ұлт болып қалыптасу бойын­ша академик Сейіт Қасқабасовтың ұсынған тұжырымдарын қаперге алатын болсақ, одан біз ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик

Тэгтер:

Сейіт Қасқабасов