Ұлт ұстындары

Бүгін, 15:15 / Túrkіstan International Political Weekly

Қанша ғұмыр кешіп, қанша өмір өткелінен өтсең де ауық-ауық жадыңда жаңғырып, жаныңнан табылатын ой-толғамдар болады. Соның бірі – жастау кезімізде ұлы жазушының әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» романының соңғы томынан оқыған «тарихқа философиялық көзқарасы» дер едім. Оның арқауында тарихты жасайтын (қалыптайтын) жеке адамдар деген тұжырым жасалып, жасыл алқапта шашырай жайылып келе жатқан табын сиырдың да ең алдында бастап отыратын «көсемі» болатыны мысалға келтірілуші еді. Коммунистік идеологияның «тарихты жасайтын халық» дейтін біржақты қағидасы құлағымызға сіңіп қалған бізге бұл пікір қисынсыз көрінетін. Әйткенмен, ұлт тарихының ұзына бойында оның қойнауынан шыққан қадау-қадау қайраткерлердің көш бағытын түзеп отыратынына кейінірек көзіміз жетті де ғой.

Кейіпкерлері ел өмірінің әр сала­сында елеулі оң өзгерістер әкелген тұл­­ғалар болып келетін «Менің ағаларым­ды» оқу барысында ұлы Толстой тұжыры­мы­ның дұрыстығына ден қоя түскендей бол­дым. Осы ретте кітап авторы жазашақ дү­ниесінің әлеуметке етер әсері мен берер өне­гесін әуел бастан дұрыс айқындап алға­нын аңғарамыз. Әдетте, қаламгер атау­лы­ның жаңа шығармасымен жаңа бір нәрсе көр­­сеткісі кеп тұратыны бар ғой. Бірақ қан­­дай жаңа тақырып, қандай соны идея бол­са да шеберлікпен ұштаспаған жерде ауа­­дағы бос ызың боп қалатынын ұға бер­мейтіндер де бар. Автор Мұхтардың бұлар­дан айырмашылығы – пайғамбарды алыс­тан іздемей-ақ, жаныңдағы жақсының ша­рапатын шамшырақ ете отырып, ше­бер­лік шімшуірімен ойға от берер шоқты іліп ала білуінде. «Менің ағаларымда» оның бір қа­рағанда бәрімізге таныс бейнелердің та­ныс емес қырларын аша отырып, «кө­не­нің» қойнауынан нағыз жаңаны суырып алуы­ның сыры осында. 
Жаңа қазақ қоғамының тарихына жаңа көзқарас қажет екенін жедел байып­тап, өзін де, өзгелерді де осы қастерлі қыз­мет­тің ауыр арбасына жеккен академик Ма­наш Қозыбаевтың аяулы бейнесін Мұх­тар эссеист ыстық ықылас, асқан мейірім ая­сына нәзік тербейді. Әрине, қай еңбегінде болсын ұлттық рух пен ел мүддесін жоғары қойып, қайсыбіреулерге қисыны кінәмшіл, қаламы «бүлікшіл» адам ретінде көрінетін оның батыр бейнесін «керемет, сұмдық» деп келетін жалаң сөзбен жалаулатудың тым арзан болатынын жақсы ұққан автор әр пікірін дәйек-детальдармен бекітіп оты­рады. Мәселен, зердесі терең ғалымның ком­партияның сесі әлі сейіле қоймаған кез­дің өзінде әйгілі ашаршылықтың қа­сіретін ішек қырындысына дейін ақтар­ма­ла­ған «Шындық тағылымын» жазуы, жазып қа­на қоймай, оны жолбарыс жүрек Шера­ғаң басқарған «Қазақ әдебиетінде» жасын ойнағандай жарқ еткізе жариялап жіберуі, оны ғұлама келбетін кестелеуде автордың эссе бойына шебер жымдастыруы осының бір дәлелі дер едік.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа кіта­бын парақтай отырып, хас батыр да, ғ­а­жайып ғұлама да, айтулы ақын да жүрегінде елім деген оты, жұртым деген жалыны бар адам­дардан ғана шығатынын пайым­дай­сың. Автор мұны ашық текстке салмайды. Мұ­ны оның жүрегі түкті кейіпкерлерін көз ал­дымыздан өткере отырған өзіміз аң­ғара­мыз. Аңғара отырып, әйгілі алашбасы – Әли­хан Бөкейханның халыққа қызмет ету бі­лім­нен ғана емес, мінезден дегенге сая­тын дегдар сөзіне ден қоямыз.
Қазақ халқы үшін академик-заңгер Са­лық Зимановтың есімі айрықша қадірлі. Қа­тардағы көпшілік ол кісіні негізінен бі­лікті заңгер деп біледі. Ал оның өзі ко­ман­дир бола тұра, қан майданда қарауылға ілік­пей қойған жау орныққан төбеге жа­сы­рын жетіп, артта қалған қаруластарына «мен көрінген кезде маған туралап атыңдар, сонда жаудың көзі де жойылады», – деп бұй­рық бергенін де, қылышынан қан та­мып тұрған Кеңес кезінде ғылыми дәреже қорғамақ түгіл, атын атауға да болмайтын хан Бө­кей Ордасы тақырыбында кандидат­тық мансап қорғағанын да, оның алдында бүкілодақтық заң институтында оқи жүріп рес­публикалық Бас прокуратурада ірі қыз­мет атқарғанын да, соған орайлас қауіп­сіз­дік Комитеті «құда түсіп» қызметке ша­қыр­ғ­а­нын да, осындай жанға жайлы, жілігі май­­лы мансапты аш-арық күй кешетін ас­пиранттық тірлікке айырбастай сал­ға­нын да, еліміздің тұңғыш заң саласы кан­­дидаты, тұңғыш доктор-профессоры, тұң­­­­ғыш ака­демигі болғанын да, қызметі қияға өрлеп, төрлеп тұрған шағында Қонаев көкеміздің отбасындағы шетін жағдайға байланысты Зухра ханымның «көмектесуімен» лауа­зы­мын тастап кетуге мәжбүр болғанын да біле бер­мейді. Енді білер болсақ, ол осы эсселер жи­нағының арқасында болар. Қаламы қа­шан­нан қазақтың көркем тілімен қанық­қан, санасы энциклопедиялық біліммен то­лыққан Мұхтар осының бәрін сары май­­дан қыл суырғандай шеберлікпен ше­ген­­деп, шашасына шаң жұқпас шешен­дік­пен баяндайды. Сөйтіп, балаң шағынан өзін­дей көкөрімнің талайына өнеге болған ұлы бидің сом бейнесін орамды ой, сәулелі сөзбен айшықтайды.
Қаламгер Мұхтардың қаламына іліккен қай­раткер тұлғамыздың бірі Қазақ энцик­ло­­педиясының басшылығына «қайта құру­дың» қазаны қайнай бастаған тұста келген алаш­шыл азамат, академик Рымғали Нұрға­лиев екен. Бұл эсседе сол кезде өзі де осын­да қызмет еткен автор Бас редактор­дың ба­тыл бастамаларымен қатар, оның ұйым­дастырушылық рөлі мен жұмыс стиліне баса назар аударыпты. Іскер бастығының дә­некер болуымен энциклопедияға енуге тиіс­ті небір жайсаң тұлғалар мен оған қа­тысы бар адамдардың жан сарайын жа­лық­пай аралаған бүгінгі авторымыз көлемге жай, мазмұнға бай көптеген материал жаз­ған. 
Әсіресе, оның нарком Темірбек Жүр­геновтің жары, алашорда үкіметі басшыларының бірі Әлімхан Ермековтың қарындасы Дәмеш пен Санкт-Петербург уни­верситетін үздік бітіріп, қазақтан шық­қан тұңғыш право магистрі болған Жақып Ақ­баевтың қызы Арғыния апалармен та­ныс болған сәттері жылы да мұңлы естелік ре­тінде мәңгі есінде қалды. Кеңес қуғыны аясында мағыналы да машақатты ғұмыр кешкен заңгер әке Жақыптың жолын қуған қыздары – сәби күнінде шетінеп кеткен Им­музияны қоспағанда, Арғыния, Най­ма­ния, Аспазия, Андромеда ғылымның әр са­ла­сынан дәреже қорғап, ата салтына дақ тү­сірмес азамат болғанын алаш жұртына қуа­на жеткізді. «Халық жауларының» қо­сақ­­тары ретінде АЛЖИР лагерінде Гүл­жа­мал Майлина, Гүлбаһрам Сейфуллина сияқ­ты ғазиз жандармен жазықсыз жа­за­лау тезінен өткен «Дәмеш апаның әңгіме­ле­рін тыңдау өте қиын болды... Апамыз өзі бо­сап шығысымен-ақ, басын бәйгеге тіге жү­ріп жары Темірбек Жүргеновтің ақта­луы­на жанын салды», – дейді автор естелік ба­рысында. Оқырманды бейжай қалдыр­майтын мұндай деректер естелік бойынан молынан ұшырасады және бұл авторға шығарма әсерлілігін арттыру үшін емес, жасы бар, жасамысы бар жұртқа тағылым-сабақ болу үшін керек болғанын аңғарамыз. Ұлт руханиятының ұстынды тұлғасы Рым­ғали ағаның нұсқауымен жүзеге асқан мұн­дай жұмыстар аз емес. Және олар идея иесі Рымағаның да, оны хатқа түсірген Мұхаңның да тұлғасын тұғырлы етер дү­ние болып тарих хаттамасына енді. Ес­те­лік­те Рымғали аға өзі де жұмыс істейтін, өз­геге де жұмыс істететін қасиетімен кө­рі­ніс тапқаны көңіл марқайтады.
«Менің ағаларымды» оқыған адам ав­тор­дың эссе жазуды ғана мұрат тұтпай, сол дүниелердің оқырманға не берерін көбірек құнттағанын байқар еді. Олай болуы заңды да. Өйткені сырты сұлу сөзді әркім жазар, бір­ақ оның дерекке бай, өнегеге өлшем бо­лар кестесін кім келтірер. Осы орайда, тұр­паты ту биенің телшігіндей туырылып түс­кен екі эссені ерекше атар едік. Кейіп­кер­лері дәріп-даңқы дүйім жұрттың құла­ғына болған Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов. Еліміз ежелден батырға бай, биге байтақ болғанын бәріміз білеміз. Дегенмен бергі қазақта дәл Бауыржан Мо­мышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтай, Қасым Қайсенов пен Талғат Бигелдиновтей есімі ел жадына орныққан оғлан аз. Әйтсе де, бұлардың төртеуі де алған үлесі әрі аз, әрі көп, көрген құрметтері әрі кенен, әрі тө­мен, ауылдағы атағы нұрланған, алыста­ғы атағы ұрланған қызық та күрделі тағ­дыр иелері еді. Бұған соғыс аяқталғаннан кейін ұлы қолбасшы Баукеңнің республика компартиясы басшылығының келісім бермеуі салдарынан биік әскери лауазымға келе алмауын, Рейхстаг тозағында елдің ең алды болып ту тіккен Рақымжанның бүкіл құжат пен естеліктерде айғақталған жан­кешті ерлігінің желге ұшуын, Карпат тау­ларындағы «Белая Таня» концлагерінде азап шеккен жеті жүз тұтқынды азат еткен Қасым аға қаһармандығын штабта отырған А.Тканко деген біреу өз атына жазып, Кеңес Одағы Батыры атануын, Екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат ағаның соғыстан соңғы солғын тірлігін мысал етсек те жет­кілікті. 
«Менің ағаларымның» авторы аға­лары­ның басынан өткен осындай оңтайсыз сәт­терді дабыраға салмай-ақ, ерлік елге ұран, ұрпаққа үлгі екенін емеурінмен жет­кізіпті. Өйткені батыр аталар жасанған жау­мен атақ үшін алыспап еді. Түптеп кел­генде, ерліктің бағасы ел махаббатымен өл­шенбек. Соны терең түсінген олар да сыз­даған өкінішті сырып тастап, сыр бер­мей-ақ кеткен болатын...
Біз кең дүние керек пен керек еместен тұратынын жақсы білеміз. Оның өзі де әрқилы. Жақсыға жақсы, жаманға жаман керек дегендей. Осы тұрғыдан алғанда, жақсылықтың жолын қуған әр адамға мына кітап керектің керегі дер едік. Неге десеңіз, мұнда ел-ананың ақ сүтін ақтауда қалтқы­сыз қызмет етіп, ізгі жүрек, игі тілекке толы болмысымен үлкен мен кішіге өнеге бола білген біртуар қазақтардың қанық бейнесі беткейге біткен қарағайдай сап түзеген. Бұл дүниелер өмір жолы тақтайдай тегіс бола бермеген керімдердің күрескерлік келбетін жас буынның көкейіне көмей кермей-ақ құя салуымен құнды. 
Біздің сөзіміз бояуы кебе қоймаған жаңа кітаппен әзірше таныс емес оқыр­ман үшін жалаң мақтау көрінуі де мүм­кін. Бірақ талғамы таразы оқырман қа­зақ көркем сөзінің көк туын көкке кө­те­ріп, даналықтың делбесін ұстаған Халық жазу­шысы Қалтай Мұхамеджанов, меди­ци­на ғылымының мұнарасын биіктетіп, мұ­қым елдің пайдасына жаратқан Төрегелді Шарманов, зеңгір зерде, зерек қиялымен жалынды Баубек Бұлқышевтің отты тол­ғауларын қайта жаңғырта отырып ортаға олжа салған Камал Смайылов, қырыққа тол­май жатып тізгінін ұстаған КазГУ-ін оқытуы мен орналасуы тұрғысынан әлемнің озық университеттерінің өлшеміне жет­кізіп, инженерлік ғылымда ашқан жаңа­лық­тарымен әлем ғылымының еркесіне ай­налған Өмірбек Жолдасбеков, аузын ашса қанатты сөз төгілетін, қаламын қозғаса ғылым нұры себілетін, ұлы Мұхтар Әуезов­тің ең еңселі шәкірт-досы, академик Зей­нолла Қабдолов, қазақ ғылымының қаһар­маны Қаныш Сәтбаевтың лайықты із­басары академик Шаһмардан Есенов, Ежелгі Еке Ұлыстың ұлы Қағанының бүгінгі заман сәулетінің сайыпқыранына айналған ұрпағы Шот-Аман Уәлихан, Алматының жері бір дір етсе, КазГУ журфагының дәлізін екі дір еткізіп, ғылымның кенін құйғызған, шәкірттің есін жиғызған декан Темірбек Қожакеев, асылдың сынығы, ағынның тұнығы зияткер Мұрат Әуезов, осы аталған жақсылармен ақ дастарқаны қосылып, абыздық қасиетімен аталы сөздің ноқта ағасына айналған асылзада ақсақал Абрар Құл-Мұхаммед сынды сана сүлейлерінің «соқтықпалы соқпақсыз жерде» өткен күрес жолы көмкерілген туындылармен танысқан жан біз білдірген аз ықыластың ақиқат­тығына құмбыл болар еді.
Бір сөзбен айтқанда, «Менің аға­ла­рым­ның» әр эссе, әр кейіпкері жеке-дара кетпей, сүйегі балуан киіз үйдің уы­ғын­дай ұжымдана бой түзеп, көркемдік әлемінің шаңырағында тоғысқан арқауы бүтін, ажары тұтас туынды болып шығыпты. Кәдімгі ақ үзікпен көмкеріліп, бау-шуын түгелденген ақбоз үй сияқты бұл да көркемдіктің бар құралын келістірген ой отауы болып орныққан. Бүгінде ұлы ұстазы Қабдолов айтқандай, өзі де есімін айтып елі мақтанатын тұлғаға айналған автордың тағы бір тәуір жері – кейіпкерін геогра­фия­сы­на қарап таңдайтын кейбіреулердің ке­сір­лі дертінен ада екені. Қай жазбасында бол­сын айтар ойын ұлы Абайдың құнарлы қи­сындарымен әдіптеп, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» келетін ұранын ұлығ ұстанған автор кейіп­кер­лері атажұрты­мыз­дың қай тара­бынан да бола беретіні содан. Ол үшін қай ауыл­дың баласы екенің емес, кісілік келбетің мен халыққа етер қызметің қым­бат. «Менің аға­ларым» кітабы мысалы­нан алатын бір тағ­лымымыз осы болса ке­рек.
Өз басым көлемі төрт жүз беттің үстіне шық­қан осы кітапты бір деммен оқып шық­тым. Іші толған неткен кемеңгер жан­дар, неткен жалын жүрек, жаны жібек жақ­сылар еді. Кітаптың соңғы бетін жаба оты­рып һәм қуандым, һәм мұңайдым. Абай ата­ның «әм жалықтым, әм жабықтымының» күйін кештім. Қуанғанымның сыры – шы­ғар­маның шелді шығуы дейік, ал мұңай­ғ­а­ным­ның ше? Қазақта «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деген сөз бар еді. Қа­рап отырсам, бұрыннан да жаныма жақын, мына кітапты оқу барысында, тіпті, жақын болып кеткен жайсаң жандардың бүгінде біреуі де бұл фәниде жоқ екен. Бәрінен айы­­­­рылыппыз. Ел бар, ағасы бұлың, тон бар, жағасы жұлым заманға жетіппіз... Әйт­се де, тәубә дейміз, орнында бар оңалар.
Кезінде заманымыздың сөз зергері Зей­нолла Қабдолов «Менің Әуезо­вім­ді» жазып еді. Ойы анық, бояуы қанық сол туындының оқырман жүрегін жаулап алғаны сондай, одан әркім өз Әуезовін танып, тауып алған еді. Енді ер Зекеңнің алдын көрген шәкірті эссеист Мұхтар Құл-Мұхаммед «Менің ағаларымды» ақ қағазға түсіріпті. Екеуінікі де «біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» болып шыққан. Ен­­­­деше, сырты өңді, іші шелді «Менің аға­ла­рымды» оқыған қауым бұдан да өз аға­ларын табатынына сеніміміз зор. Демек, кітаптағы ақыл-ойдың алтын суатындай сән түзеген тұлғалар – менің де ағаларым. Иә, сөз басында келтірген Толстой тәмсіліне салсақ, ұлт тарихының ұстынын ұстатып кеткен діңгегі дүмді ағаларым...

Абзал БӨКЕН

Тэгтер:

ұлт ұстындары