Alatau City: ақылды қаланың болашағы

Бүгін, 14:30 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: alatau.city.ru

Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала болмақ. Мұнда Smart City технологияларын енгізуден бастап, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі инновациялық шешімдер жүзеге асырылуы тиіс. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап өткен басым бағытының бірі.

Цифрландыру: қалалық дамудың жаңа бағыты

2050 жылға қарай әлем халқының 68 пайыз­­дан астамы қалаларда өмір сүреді де­ген болжам бар. Бұл үдеріс жаңа сын-қа­тер­ді туғызуы мүмкін: көлік қозғалысының ар­туы, коммуналдық желілердің шамадан тыс жүктелуі, экологиялық тепе-теңдіктің бұ­зылуы және әлеуметтік теңсіздік.
IMD зерттеу орталығының мәліметінше, ақыл­ды қала – «технология арқылы урбани­за­­­цияның артықшылығын арттырып, кем­ші­лігін азайтатын орта».
Ал Smart Cities Strategy Group негізін қа­лаушы, урбанистика саласының халық­ара­лық сарапшысы Энтони Таунсендтің сө­зін­ше, цифрландыру мен урбанизацияның түйі­суі – XXI ғасырдың басты сын-қатері. Бұл тек технологиялық мәселе емес, қоғам­ның жаңа өмір салтына бейімделуінің көрі­нісі.
Сондықтан көптеген ел осы сын-қа­тер­лерді еңсерудің тиімді жолы ретінде «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасын таңдау­да. Мұндай қалаларда шешім қабылдау про­це­сі дәстүрлі инфрақұрылымға емес, дерек­тер­ге негізделген басқару жүйесіне сүйенеді. Бұл модельдің басты мақсаты – тұрғындар­дың өмір сапасын арттыру, ресурстарды ұтым­ды пайдалану және экологиялық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету.
Цифрландыру үдерісі тек технологиялық жа­ңғыру емес – ол қоғамдық сана мен бас­қару мәдениетін өзгертетін кең ауқымды құ­­былыс. Мәселен, жол қозғалысын бас­қа­ру­дың интеллектуалды жүйесі көлік ағынын нақ­ты уақытта реттесе, «ақылды» жарық­тан­дыру желісі энергияны үнемдеуге және қор­шаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Smart City жүйесі мем­ле­кеттік қызмет көрсетуді жеңілдетіп, ашық­тық пен тиімділікті арттырады. Big Data, IoT және жасанды интеллект сияқты техно­ло­гия­лар енді тек ақпарат жинауға емес, бол­жам жасау мен жедел шешім қабылдауға қыз­мет етеді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Да­на­бек Исабек: «Цифрландыру үдерісі – тек бағ­дар­лама мен сенсорлық жүйе емес, алдымен адам­ға бағытталған әлеуметтік жоба. Тех­но­логияның табысты болуы тұрғындардың қа­тысуына, цифрлық сауаттылық деңгейіне жә­не инновацияға ашық мәдениет қалып­тас­тыруға байланысты. Бүгінде электронды үкі­мет арқылы қызметтің көптеген түрі қол­жетімді болса, цифрланған ортада бар­лық қажеттілік монитор арқылы шешілуі тиіс», – дейді.
Қалаларда енгізіліп жатқан цифрлық ше­шімдер ұлттық нақыштағы қоғамдық кеңіс­тіктермен, мәдени іс-шаралармен және та­рихи мұраларды сақтау жобаларымен ұш­тасқанда ғана толық мәнге ие болады. Мұндай үйлесім цифрландыруды тек тех­никалық емес, рухани және мәдени дамудың құралына айналдырады.

Смарт-қалалар дәуірі басталды

2024 жылғы Smart City Index рейтингі бойынша әлемнің ең озық 10 ақылды қаласы қа­тарына Цюрих (Швейцария), Осло (Нор­ве­гия), Канберра (Аустралия), Женева (Швей­цария), Сингапур, Копенгаген (Дания), Лозанна (Швейцария), Лондон (Англия), Хе­льсинки (Финляндия) және Әбу-Даби (БАӘ) енді.
Өзіндік тарихы мен қалыптасқан инф­ра­құрылымы бар қалаларды Smart City кон­цепциясына икемдеу тұрғысынан Еуропа ел­де­рі алда келеді. Ал цифрлы-қалаларды жаңадан салу жағынан Азия елдері көш бас­тап тұр.
Оның нақты мысалы – Оңтүстік Корея­дағы Сонгдо қаласы. 2009 жылы құрылған бұл қалада барлық ғимарат интеллектуалды сен­сормен жабдықталды. Қаланың кәріз жүйесінен бастап қоқыс шығаруға дейінгі инф­рақұрылым толық цифрландырылды. Жол қозғалысы, қоғамдық көлік және мем­ле­кеттік қызметтер бірыңғай басқару жүйе­сіне біріктіріліп, қалалық менеджменттің жаңа деңгейін көрсетті.
2017 жылдың қазан айында Сауд Ара­биясы болашаққа бағытталған ең ауқымды жо­баның бірі – NEOM қаласын таныстырды. Мұ­ның ерекшелігі – барлық қызмет пен инф­рақұрылым жасанды интеллект арқылы бас­қарылады. Бастысы, жасыл энергетикамен қам­­тамасыз етіледі. NEOM тек «болашақ қа­ла­сы» ғана емес, жаңа экономикалық орта­лық­қа айналуды көздейді.
2021 жылы Жапониядағы Toyota Woven City жобасы іске қосылды. Бұл қала «тірі зерт­хана» ретінде жұмыс істейді. Онда авто­ном­ды көліктер, жасанды интеллект, робо­то­­техника және «ақылды үйлер» жүйесі сы­на­лып жатыр.
Сондай-ақ Үндістандағы Амаравати, БАӘ-де­гі Масдар Сити, Кениядағы Конза тех­­ноқалашығы, Қатардағы Лусаил, Қытай­дағы Тяньцзинь экологиялық қаласы, Ма­лай­зиядағы Форрест Сити және Фин­лян­дия­д­ағы Сааринен Сити жобасы әлемнің жаңа урбанистикалық бағытын айқындауда... Бұл қала­ларға ортақ сипат – энергия тиімділігін арттыру мен тұрғындарға барынша ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыру.
Қазіргі смарт-қалалардың тірегі – жаңар­тылатын энергия көздері: күн, жел және сутек. Мемлекеттік қызметтер, көлік жүйесі мен коммуналдық инфрақұрылым бірыңғай он­лайн-платформа арқылы басқарылып, то­лық цифрлық жүйеге көшуде. Көлік сала­сында автономды көліктер, аэротакси және жеңіл рельсті желілер дамып келеді.
Қауіпсіздік саласында да жаңа деңгей ор­нады: бейнебақылау, биометриялық жүйе­лер мен Big Data технологиялары қоғамдық тәр­тіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін тиім­ді қамтамасыз етуде.
Сондай-ақ дрондық логистика, блок­чейн, жасанды интеллект және биотехно­ло­гия сынды инновациялар жаңа қалалардың экономикалық өсуінің басты қозғаушы кү­ші­не айналып келеді. Бұл үрдістер тек ур­ба­нистика саласын емес, тұтастай ұлттық эко­­номиканың сапалы жаңаруына жол ашып отыр.

Alatau City-дің артықшылығы қандай?

2024 жылы Алматы облысында жаңа қа­ла – Алатау (Alatau City) пайда болды. Бұл жо­ба – Қазақстанның урбанистикалық бо­ла­шағын айқындайтын, Орталық Азиядағы ха­­лықаралық хаб болуға бағытталған стра­те­­­гиялық бастама ретінде бағаланады. 2025 жыл­ғы 26 қыркүйекте Президенттің Жар­лы­ғымен қалаға ерекше мәртебе беріліп, оның дамуына жаңа серпін берілді. Енді Alatau City әлемдік смарт-қалалармен тең дәре­жеде дамып, өзіндік ұлттық болмыс пен инновациялық бағытты ұштастыратын ерек­ше орталыққа айналмақ.
Шаһардың географиялық орналасуы да стра­тегиялық тұрғыда маңызды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықара­лық дәл­ізі­нің бойында орналасып, Шығыс пен Батыс­тың технология және транзиттік же­тістігін тоғыстыратын нүктесіне айналуы тиіс. 
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұловтың айтуынша, Alatau ар­найы экономикалық аймағы ретінде құры­­лып, салықтық және кедендік жеңілдік ар­қылы отандық және шетелдік инвес­ти­ция­­ны тартуға зор мүмкіндік береді. Бұл қа­дам өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арт­ты­рып қана қоймай, мультимодальды көлік жә­не логистикалық жүйенің дамуына жол аша­ды. Осылайша, жаңа қала – ел эконо­ми­ка­сының жаңа драйверіне айналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жо­лдауында цифрландыруды ел дамуының не­гізгі қозғаушы күші деп атап, техно­ло­гия­лық еркіндік пен адами капиталды ұштас­тырудың маңыздылығын көрсеткен еді. Сол тұрғыдан алғанда, Alatau City – елдің жаңа ур­банистикалық болмысын бейнелейтін сим­волдық жоба саналады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның мәлім­деуін­­ше, 2026 жылдан бастап Алатауда смарт-қала тұжырымдамасы кезең-кезеңі­мен енгізіледі. Жоба аясында қалалық ахуал орталығы, 109+ бірыңғай байланыс жүйесі, көлік пен коммуналдық инфрақұрылымды бірік­тіретін интеграциялық желісі, сондай-ақ бейнебақылау және қауіпсіздік плат­фор­малары іске қосылады. Мұның бәрі қала тұр­ғындарының өмір сүру сапасын арт­тыру­ға бағытталған заманауи технологиялық шешім болады.
Alatau.city ресми порталындағы жаңа­лықтан, 2025 жылғы 12 қыркүйекте қаланың алғашқы ірі жобасы – K-Park мәдени-іскер­лік орталығының іргетасы қаланды. Бұл ор­талық Alatau City-дің инновациялық өзе­гін қалыптастырып, инвесторлар мен тұр­ғын­дарға жаңа мүмкіндік ашады.
Қала дамуы төрт негізгі бағыт бойынша жү­зеге асырылады.
Біріншісі – Green District. Бұл аймақ эко­логиялық туризм мен демалысқа арналған кеңістік ретінде жобаланған. Мұн­да жасыл энергия көздері, экопарктер мен спорттық инфрақұрылымдар салу арқылы та­би­ғатпен үйлесімді өмір салты қалып­тастырылады.
Екіншісі – Gate District, яғни қаланың іскерлік және қаржылық жүрегі. Мұнда ха­лықаралық компаниялардың кеңселері, биз­нес орталықтар және инновациялық стар­тап-хабтар шоғырланып, Alatau City-дің эко­номикалық әлеуетін арттырады.
Үшіншісі – Golden District. Бұл аймақ – білім, медицина және ғылымды біріктіретін ин­теллектуалды кеңістік. Мұнда жоғары оқу орын­дары мен зерттеу орталықтары орна­ласып, қаланы өңірлік білім және инновация орталығына айналдырады.
Төртіншісі – Growing District. «Алматы – Қапшағай» тасжолы мен теміржол бойында орналасқан бұл аудан жаңа буындағы ин­дустрия мен логистиканың негізгі торабы бол­мақ. Мұнда өндіріс, қойма және көлік инфрақұрылымдары дамып, өңірдің эко­номикалық өсіміне серпін береді.
Жалпы алғанда, Alatau City – жасанды ин­­теллект, жасыл энергетика, дрондық ло­гис­тика және ақылды басқару жүйесін бірік­тіре­тін жаңа буынның инновациялық қа­ласы. 

Түйін. 

Қазақстанның ең ірі стратегиялық жобаларының бірі – Астана. Бұл қала ел дамуының жаңа дәуірін бастап, экономикалық өрлеу мен саяси тұрақтылықтың тірегіне айналды. Енді сол дәстүрді жалғаған Alatau City – еліміздің цифрлық өркениетке батыл қадам басуының символы. Бұл жоба – жасанды интеллект, жасыл энергия және инновациялық инфрақұрылым тоғысқан жаңа буын қаласы. Егер Астана елдің саяси жүрегі болса, Алатау – технологиялық болашағының бастауы болмақ.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тэгтер:

Alatau City ақылды қала