Ақтөбеде ауқымды үш ірі жоба – облыстық драма театр, стадион және спорт кешенінің құрылысы басталды.
Бұл жобалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Аталған нысандар облыс орталығындағы Алтын Орда шағын ауданында орналасатын «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының аумағына кіреді. Бұл орталық қаланың сәулеттік келбетіне көрік беріп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналмақ.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, орталықтың жалпы аумағы – 165,8 гектар және ол өңірдің мәдениет, спорт және қоғамдық өмірін жан-жақты дамытуға бағытталған.
– Орталық құрамында 700 орындық облыстық драма театры, 34 980 көрерменге арналған стадион, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені, сондай-ақ қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері мен Қазақстан картасының пішінін бейнелейтін «Алтын орда» саябағы салынады, – деді Азамат Бекет.
Барлық нысан өзара үйлесімді түрде біріктіріледі. Орталық айналасында демалыста серуендеуге арналған абаттандырылған аймақтар жасалып, тұрғындары үшін қолайлы және тартымды орта қалыптасады.
«Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығы туристік кластер ретінде қарастырылып отыр, мұнда барлық әлеуметтік нысан орналасады. 59 гектар аумақта саябақ салынып, қонақүйлер, сауда үйлері және басқа да коммерциялық нысандар үшін жер телімдері арнайы комиссия арқылы бөлінеді, бұл аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
– Жер телімінің аумағы мен орналасуы біз үшін өте тиімді. Егер нысандар қаладан тыс салынса, логистика мен шығын жағынан қиындықтар туар еді. Ал қазір құрылыс жүріп жатқан жер – қаланың дәл ортасында, қарқынды дамып келе жатқан «Алтын орда» шағын ауданында орналасқан. Бұл өте ыңғайлы, себебі барлық қажетті инфрақұрылым бар және бұл орын стадион салуға да, оның айналасында бизнесті дамытуға да қолайлы. Жалпы аумақ шамамен 180 гектарды құрайды, оның бір бөлігі инженерлік инфрақұрылымға, ал қалған 168 гектары әлеуметтік және коммерциялық нысандарға бөлінеді, – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, орталық аумағында үш ірі нысан – облыстық драма театры, көпфункционалды спорт кешені және футбол стадионының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес атқарылу-
да.
Жаңа драма театры 700 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстары қазан айында басталды. Дайындық және бетон құю жұмыстары аяқталып, іргесінің қаңқасы қалыптанып жатыр. Ал 5 мың көрерменге арналған көпфункционалды спорт кешені 6,1 гектар аумақта бой көтереді. Нысан аумағы толық қоршалып, алаңды дайындау және іргетасқа арналған шұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде.
34 980 орындық футбол стадионына 25 гектар аумақ берілген. Қазір аумақтың қоршауы аяқталып, құрылысқа дайындық жұмыстары жалғасуда.
Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттама дайын екенін де атап өтті.
– Ақтөбеге заманауи үлкен стадион керек. Мұнда балалар мен жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалады. Алдағы жылдары облыс орталығында болашақ чемпиондар жаттығатын заманауи спорт аренасы пайда болады, – деді Асхат Шахаров.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы