Ақтөбеде 10 жастағы баланы мектеп алаңында соққыға жыққан

Бүгін, 09:55 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақтөбе тұрғыны 10 жастағы ұлы Айсултанды №36 мектептің ауласында жоғарғы сынып оқушысы соққыға жыққанын мәлімдеді. Оқиға салдарынан бала сол қолын сындырып алып, бір жарым айдан бері мектепке бара алмай, онлайн оқып жүр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, оқиға 6 қазан күні сабақтан кейін балалар мектеп алаңында ойнап жүрген кезде болған. Анасы алаңда шамамен 10 шақты жоғарғы сынып оқушысы болып, олар кіші сыныптағы балалардан алаңды босатуды сұрағанын айтады. Солардың бірі Айсултанды итеріп жіберіп, кейін оның иығы мен аяғына екі рет соққы жасаған.

“Сосын орнынан тұрғызды да, қолын ұстап тексеріп көріпті: сынық бар ма, жоқ па дегендей. Ұлым үйге өзі келіп, қолының ауырып тұрғанын айтты. Мен жағдайдың бұлай ауыр болатынын мүлде ойламадым”, – деді баланың анасы.

Ауырсыну басылмаған соң, келесі күні баланы ауруханаға апарған. Дәрігерлер оның сол қолы сынғанын анықтады. Оған ота жасалып, гипс салынған. Бір жарым ай өтсе де, Айсултан әлі еңбекке жарамсыз, сабақтарын онлайн жалғастыруда. Ал мектеп басшылығы “ешқандай соққы болмағанын” айтуда. Директор сол кештің бейнежазбасын журналистерге өзі көрсеткен. Алайда жазба қараңғы болғандықтан, ештеңе анық көрінбейді. Дегенмен мектеп әкімшілігі камера “Айсултанның жарақатты кездейсоқ алғанын” бейнелеп тұрғанын алға тартты.

“Ол күні кешкі жетінің шамасында 10-сыныптың 10 оқушысы күзгі баллға дайындықтан шыққан. Алаңға ойнауға барған. Сол жерде бесінші сынып оқушысы Айсултан да болған. Бірақ ешқандай соққы жасалған жоқ. Жоғарғы сынып оқушыларының бірі Айсултанмен кездейсоқ соқтығысып қалған. Кейін көмектесуге тырысқан”, – деді №36 мектептің директоры Бауыржан Сарин.

Арада бір жарым айға жуық уақыт өтсе де, полиция әлі күнге дейін 10 жастағы баланың соққыға жығылған-жығылмағанын анықтай алмай отыр. Ведомство тек тергеу жүріп жатқанын растады:

“Оқиғаның барлық мән-жайын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтау шаралары қабылдануда. Күдіктінің ата-анасы бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Кәмелетке толмаған жасөспірім мектеп жанындағы профилактикалық есепке қойылды және жасөспірімдер ісі инспекторларының бақылауында”.

Ал мектепте Айсултанды соққыға жықты деген күдікке ілінген жоғары сынып оқушысы бұрын-соңды ешқандай жанжалға қатыспағанын айтады.