Ғалымдар холестеринді ретке келтіретін жемісті атады

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Бразилия зерттеушілері маракуйя (Passiflora tenuifila) жемісінің қабығынан жасалған ұнтақтың қабынуға қарсы әсері бар екенін және артық салмағы бар адамдардың холестерин алмасуын жақсартатынын анықтады. Бұл туралы Food & Function ғылыми журналында жарияланған зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Клиникалық тәжірибеге 16 ерікті қатысқан. Олар екі апта бойы маракуйя ұнтағын немесе құрамында талшық мөлшері бірдей плацебо қоспасын қабылдаған. Нәтижесінде маракуйя қабылдаған топта қабыну маркерлері IL-6 және sICAM-1 деңгейі айтарлықтай төмендеп, қан тамырларының жұмысы жақсарған және «жақсы» холестерин мөлшері өскен.

Генетикалық талдау барысында маракуйя 370-тен астам геннің белсенділігін арттыратыны анықталды, олардың ішінде ABCA1 гені жасушалардан артық холестеринді шығаруға жауапты негізгі элемент. Сондай-ақ, жеміс организмдегі қабыну мен энергия алмасуын реттейтін PPAR-α және NF-κB сигналдық жолдарына әсер ететіні анықталды.

Ғалымдар маракуйя құрамындағы полифенолдар, С дәрумені мен антиоксиданттар жүрек-қан тамырлары және зат алмасу ауруларының, соның ішінде диабет пен атеросклероздың алдын алуда маңызды рөл атқара алады деп есептейді.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл жеміс болашақта табиғи жолмен қабынуды азайтатын және ағзадағы липид алмасуын реттейтін функционалды тағам түрлерінің бірі болуы мүмкін.

Тэгтер:

жеміс холестерин маракуйя