«Жыладым, жүрегім ауырды»: Көкшетаулық жігіт анасына бауырын беріп донор болды

Бүгін, 17:34 / Інжу Әлихан
Скриншот

Көкшетауда ер адам өзінің анасына бауырын беріп донор болды. Дінболат Құсайнов анасын аман алып қалу үшін бұл шешімді 6 жыл бұрын қабылдаған. Алайда анасы қарсы болып ұзақ жыл көнбеген, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Кokshetv.kz-ге сілтеме жасап.

Меңдiгүл Латиф – жоғары санатты дәрігер, хирург және анестезиолог. Оның 33 жылдық тәжірибесі бар. Ол Алматы мен Айыртау, Тайынша аудандық ауруханаларында жүздеген адамдардың өмірін сақтап қалған. Алайда сол жұмыс барысында ол дертке шалдыққанын алға тартты.

"Вирус, мүмкін, науқастардан қан немесе қолғап арқылы жұқты. В және D вирустары бауырды зақымдаған. Мен ұзақ уақыт бұл туралы білмедім. 2019 жылы күйеуімде бүйрек рагы анықталды. Мен қатты күйзеліп, көп жыладым. Сол кезде ауру белгілері басталды. Тексеруден кейін маған бауыр циррозы диагнозы қойылды. Сол уақыттан бері алты жыл бойы аурумен күресіп келемін",- деді ол.

Меңдігүлдің ауруы ұлы Дінболатқа ауыр соққы болған. Ол шешесінің өмірін қалай сақтайтынын ойлап, өзін қоярға орын таба алмай жүрген.

"Жыладым, жүрегім ауырып кетті. Анасыз қалай өмір сүремін деп ойладым. Бастапқыда дәрігерлер өлі донордан бауыр керек деді. Бірақ Қазақстанда осындай операцияға төрт мың адам кезекте тұр.

Анамның жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанына қарамастан, мен оған өзім донор болатынымды айттым", – дейді Дінболат.

Сараптама Дінболаттың бауыры донорлыққа толық сәйкес келетінін көрсеткен. Алайда анасы алғашында бұл ұсынысқа қарсы болып, келіспеген.

"Ұлым 2019 жылы донор болатынын айтты. Бірақ ол кезде менің жағдайым ондай ауыр емес еді. Симптомдар байқалмады, сондықтан жұмысымды жалғастырдым. Ал Дінболат менің жалғыз ұлым. Сол уақытта ол спорт шебері атанды. Мен оның өмірін қауіпке тіккім келмеді. Бауырды өз баламнан аламын дегенді мүлде ойламадым. Алайда кейін өмірім жұқа жіпке байланғандай болды, ұлым, қызым және немерем күн-түні жылады. Жалғыз тілегім 80 жастағы анам менің азапқа батқанымды көрмесе екен дедім”, – деп қосты Меңдігүл.

Меңдігүлде қан кету басталғанда Дінболат анасына жылап тұрып өтіген. Меңдігүл балалар жыламас үшін осыы шешімге келісенін алға тартты. Бұл Мендiгүл Латифтің тоғызыншы және ең қиын отасы болды. Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында Дінболаттан бауыр алу 6,5 сағат, анасына трансплантация жасау 9,5 сағатқа созылған.

"Наркоздан оянып, ешкімді көрмегенде ең бірінші ұлымды іздейсің. Ол менің жалғыз ұлым. Көз жасым өздігінен ақты. Содан кейін өзімді жинауға тура келді. Жансақтау бөлімінде сегіз күн бойы ұлымды көруді күттім. Содан кейін оның палатада екенін айтты. Көргенше өте ауыр болды. Біз кездескенде үнсіз қалдық, бір-бірімізді құшақтап, жүрегімізбен сөйлестік. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес", - деп қосты ол.

Қазіргі кезде Дінболат анасына екінші өмір сыйлаған. Өзі спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Отбасы балалары бар. Дінболаттың әкесі де медицина саласында жұмыс істейді. Әпкесі Моңғолияда дәрігер. Мендiгүл Латиф онкологиялық диспансерде пациенттерді емдеуді жалғастыруда.