«Ұшақтың есігін өзі ашқан»: Air Astana компаниясы жолаушыдан 23 млн теңге талап етті

Бүгін, 17:31 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қызылорда қалалық сотына «Air Astana» АҚ жүгініп, жауапкер У.-дан материалдық шығынды өтеу туралы талап қойған, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Air Astana» АҚ ұшағы Астана-Алматы бағыты бойынша рейсті орындап, трапқа дейін күтіп тұрған кезде жауапкер У. апатты шығу есігін өз бетінше ашқан.

Апатты шығу есіктері тек төтенше жағдайларда және экипаждың бұйрығы бойынша ғана пайдаланылады.

Апатты шығу есігін ашу және эвакуациялық үрлемелі трапты іске қосу нәтижесінде, талап қоюшыға материалдық шығын келіп, трапты ауыстыру қажеттілігі туындаған. Ауыстыру құны - 22 995 936 теңгені құраған.

Сот тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу жөніндегі құқықтарын түсіндіріп, келісім жасауға мерзім берген.

Берілген мерзімде тараптар өзара келісімге келгендерін көрсетіп, медиациялық келісімді бекітуді сұраған.

Келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға 6 698 426 теңге өтемақыны 2025 жылғы 20 қарашаға дейін төлеуге міндеттенген. Талап қоюшы өз кезегінде 22 995 936 теңгені өндіруді сұраған талап қоюынан бас тартқан.

Сот ұйғарымымен тараптар арасындағы медиациялық келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды.

Тэгтер:

Ұшақ Әуе компаниясы