Абай облысындағы әйелдер колониясында 30 жастағы сотталған әйел 50 жастағы сүйіктісімен ресми түрде некелерін қиды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Polisia.kz мәліметінше, болашақ ерлі-зайыптылардың танысу тарихы Астана қаласында, сот процесі кезінде басталған. Сот отырысы барысында әйелдің өзін нашар сезінуіне байланысты жедел жәрдем шақырылған. Көмекке келген фельдшер сол сәтте жас сотталушыға назар аударып, кейіннен онымен байланысын үзбей, моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған. Ол тергеу изоляторына барып, хаттар жазып, кеңес беріп, қиын сәттерде жанынан табылған.
Уақыт өте келе олардың арасындағы байланыс шынайы сезімге ұласқан. Ер адам өз сүйіктісіне өмірлік серік болуды ұсынып, неке қию туралы шешім қабылдады. Әйел есірткі заттарын заңсыз қолданғаны үшін үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқанымен, бұл жағдай олардың қарым-қатынасына кедергі болмаған.
Мекемеге келгеннен кейін екі ай өткен соң, ер адам гүл шоқтары мен үйлену көйлегін алып, ресми некені тіркеу рәсіміне келді. Мекеме әкімшілігінің қолдауымен шағын, бірақ жүрек жылытқан салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ерлі-зайыптылар неке жүзіктерімен алмасты. Шынайы сезім мен қуанышқа толы сәт қатысушылардың жүрегіне әсер етті.
Сотталған әйел өз сөзінде өмірінің осындай қиын кезеңінде сүйіспеншілік пен қолдау табамын деп күтпегенін айтып, қуаныш көз жасын жасыра алмады. Ал күйеуі мекеме әкімшілігіне ризашылығын білдіріп, махаббат адамды адами болмысынан айрылмауға және кез келген сынақтан өтуге күш беретінін атап өтті.
Салтанатты рәсімге режим бөлімінің қызметкері Меруерт Акенова куә болды.
Ол жас жұбайларды құттықтап:
— Өмір кейде сынаққа толы болса да, ең бастысы — адам болып қалу. Бұл неке сіздер үшін жаңа, адал және бақытты өмірдің бастауы болсын, — деді.
Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, мұндай шаралар сотталғандар арасында моральдық және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
— Отбасын құру – адамның өз өмірін қайта бағамдап, болашаққа үмітпен қарауына мүмкіндік береді. Мұндай оқиғалар өзге сотталғандарға да оң ықпал етіп, түзелуге және қоғамға бейімделуге шабыт береді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
Рәсім соңында мекеме қызметкерлері ерлі-зайыптыларға өзара сыйластық, түсіністік пен берік бақыт тіледі. Бұл оқиға — нағыз махаббаттың қандай жағдайда да жол табатынын дәлелдеді.