Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында өңір әкімі Марат Ахметжанов хабарлады. Ақмола облысы – еліміздің басты агроөнеркәсіптік және астықты аймағы. Биыл егіс алқабы 300 мың гектарға артып, 5,5 млн гектарды құрады. Орташа өнімділік гектарынан 16,3 центнерді құрап 7,6 млн тонна астық жиналды. Жиналған астықтың 70%-ы жоғары сапалы өнім.
«Ақмола астығы жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды Эстонияның Муга Грэйн терминалымен жасалған меморандум аясында жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды», – деді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есеге ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. 600 мың тоннаға жуық өнім жиналып, қосымша 100 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, 62 млрд теңгеге 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады. Сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту, сондай-ақ елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.