Сыр өңірі газбен түгел қамтылады

Сыр өңірі газбен түгел қамтылады

Сыр өңірі газбен түгел қамтылады
ашық дереккөзі

Қызылорда облысына қатысты аймақтар түгел табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Бұл – елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бір тармағы. Ол үшін қазынадан арнайы қаражат та бөлінген.

Газ құбырлары тартылуда

Қазақстандағы мұнай мен газдың мол қоры Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан аймақтарында шоғырланған. Ал Құмкөл кеніші – мұнайлы-газды Оңтүстік Торғай иініндегі пайдалануға берілген алғашқы кен орны. Кеніштің пайдалануға берілуі Қызылорда облысының тарихында атаулы оқиға болып қалды. Өңірде экономиканың мүлде жаңа, қарқынды дамушы саласы өмірге келді. 1995 жылдан бастап Құмкөл кенішін игеруге шетелдік инвесторлар тартыла бастады. 2004 жылдан бері компания кеніштерінде ілеспе газды пайдаға жаратуға қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады.

Халықтың тұрмысы мен әл-ауқатына, әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталықтардан шалғай жатқан аймақтар мен өңірлерді тұтас газбен және ауызсумен қамтамасыз етуді Үкіметке қатаң тапсырған. Осы орайда, 2004 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын секторын ілеспе газға көшіру» жобасы басталды. 2004-2005 жылдары «Қызылорда қаласының тұрғын үй секторлары мен жылу-қуат көздерін ілеспе газға көшіру» жобасының І кезеңіне 7 млрд. 434 млн. 780 мың теңге қаржы қаралды. Оның 5 млрд. 738 млн. 460 мың теңгесі, яғни 71,18 пайызы республикадан, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінді. Қызылорда қаласын газдандыру жобасы өңірімізде әлеуметтік маңызға ие. Қаламызға келген газды мекемелер мен үйлерге жеткізу жұмысымен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның аймақта ашылған «Қызылорда газ шаруашылығы» ЖШС мекемесі айналысқан. Алғашқы жылдары мамандардың жоқтығынан жасалған жұмыстардың сапасы сын көтере бермейтін. Оларға сын айтатындардың, атқарылған шаруаға көңілі толмайтындардың саны уақыт өткен сайын күрт өсті. Расында да, табиғи газды қалай болса, солай жүргізуге болмайтыны белгілі. Сапасыз тартылған газ құбыры қоршаған орта мен адам өміріне өте қауіпті. Аталған кезең аралығында атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталсақ, ең алдымен 124 шақырымдық «Ақшабұлақ – Қызылорда» магистралдық газ құбыры және газ тарату станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Электр қуаты 50 Вт және жылу қуаты 90 Гкал/сағат когенерациялық газотурбиналық электрстанциясының құрылысы аяқталды. «СтройТрансГаз» АҚ 58 400 м жоғарғы, 4535 м орташа, 62200 м төмен қысымды газ құбырларын жүргізді. «Альянс» ЖШС 1 басты газреттегіш, 9 газреттегіш, 9 жәшіктік реттегіш пункттер соқты. 390 көпқабатты үйдің 19133 пәтері және жеке секторлардан 125 үй газдандырылды. Ал, 2006-2007 тапсырысшы ретінде облыстық құрылыс басқармасы бас жобалаушы «КАТЭК» ЖШС-нің келісімімен «Нефтегаз инжинеринг Сервис», «СырэнергоГазСтрой» ЖШС-лері жеке және заңды тұлғалар қаржысына газ құбырын құру жұмыстарын жасады. Қаржысы бар тұрғындар үйіне осылайша газ кіргізіп алды. Мұнан кейінгі екі жылда тұралап қалған саланың бойына қайта қан жүгірді. Нәтижесінде газдандырылған жеке тұрғын үйлердің саны 2010 жылдың басында 3507 болса, қазіргі уақытта 17 400 жеке тұрғын үйге жетті. Жалпы, 594 көпқабатты тұрғын үй, 25 мың жеке сектордағы үйлерге газға қосылуға мүмкіндік жасалған.

 Тұтынушылық сұраныс артады

Енді өңіріміздегі табиғи газ қорын игеруші компаниялардың осы уақыт ішіне межелеген нәтижелеріне шолу жасайық. Оңтүстік Торғай ойпаты газ қорынан 43,5 млрд. текше метр газ, оның ішінде 7,8 млрд. текше метр бос газ және 9,9 млрд. текше метр беткі қабаттағы газы өндірілген. Ілеспе газды өндірудің негізгі бөлігі Құмкөл, Ақшабұлақ, Арысқұм, Қоныс топтарының кен орындарында шоғырланғаны белгілі. Газ қорының ең ірі көлемі «ҚазГерМұнай» БК ЖШС – 9,6 млрд. текше метр, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» ЖШС – 9,5 млрд. текше метр, «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС – 7,3 млрд. текше метр жинақталған. Мамандар өндірілген газдың 56,7 пайызы сол кен орындарында ауаға жағылып кететіндігін анықтаған. Бұл – газ қорын тиімсіз пайдаланудың көрінісі, газ қорының 32,9 пайызы кен орындарының қажетіне жұмсалса, оның 10,4 пайызы Қызылорда қаласына келетін тауарлық газды құрайды. Алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар мен объектілердің қатары көбейетіндігі ескеріліп, тауарлық газды тұтыну деңгейі облыста 2020 жылы 1270,8 млн. текше метр, ал 2028 жылы 1800,7 млн. текше метрге жетеді деп болжануда. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша газды тұтынудың көлемі 2020 жылы 496,5 млн. текше метр, ал 2028 жылы 682,9 млн. текше метр болады. Бір айта кететіні, 2014 жылдан бастап облыс аумағы көгілдір отынмен Батыс Қазақстаннан келетін «Бейнеу - Шымкент» газ магистралі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандардың болжамы бойынша, Қызылорда облысында мұнай және газ қоры, игерілген көмірсутекті кен орындары арқылы шаһардың қажеттіліктерін шамамен алғанда 30 жыл бойына өтеуге мүмкіндігі бар екен.

Бүгінгі таңда облыстағы елді мекендер тұрғындарын батыстан құбыр арқылы келетін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Соның 846 шақырымы Қызылорда облысының аумағында. Стратегиялық маңызды жобаның екінші кезеңі биыл, 2015 жылы аяқталмақ. Жобаның мақсаты – тұрғындар тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік облыстарын түгел газдандыру. Негізі Сыр өңіріндегі барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой» газ магистралінің бойында орналасқандықтан газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табады деуге негіз бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2015-2017 жылдар аралығында облыс халқының 70 пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Мәселен, 2013 жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге қаражат қаралып, оған 4 техникалық-экономикалық негіздеме және 10 жоба-сметалық құжаттамалар дайындалды. Олардың 4 техникалық-экономикалық негіздемесі мен 8 жоба-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Сонымен қатар облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, аталған компания аймақты газдандыру ісіне 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Бұл қомақты қаражатқа аймағымыздағы 4 аудан орталықтарына, атап айтқанда, Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстарын жүргізу келісілген. Биыл қала іргесіндегі Талсуат ауылдық округін және осындағы 3 әлеуметтік нысанды газдандыру үшін республикалық бюджет есебінен 271, 2 млн. теңге қарастырылуда. Бұған қоса, алдағы 2016 жылы Қызылорда қаласында бұрын газ құбырына қосылмай қалып қойған тұрғын үйлерге газ жеткізу жоспарланып отыр. Ал, Қарауылтөбе, Белкөл кенттерін газбен қамтамасыз етуге бюджеттік өтінімге ұсыныс берілген. Мамандардың айтуы бойынша, осы бағытта мақсатты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен қаржыландыруға тағы 6 жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2015 жылға 345 млн. теңге қаражатқа бюджеттік өтінім ұсынылған.

Былтыр жыл соңында Қызылорда облысына арнайы іссапарда болған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Төретам кентінен 14 шақырым жерде «Байқоңыр» АГРС құрылысының іргетасын қалау рәсіміне куә болғанымызды айта кетейік. Мамандардың айтуынша, І кезеңде облыс аумағына орнатылатын қалған 8 автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысын салып, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын республикалық бюджет есебінен 2015-2017 жылдар аралығында жүргізу жоспар­ланып отыр. Сондай-ақ, Жосалы және Сексеуіл кенттерінде салынатын АГРС-тер құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 113,9 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінгі күні жобалау жұмыстары жүргізілуде.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбыры Сырға да тиімді

Өңірлік даму министрлігі атқарған жұмыстардың нәтижесінде, қала іргесіндегі екі қонысты газдандыру ісі өткен жылы басталды. Қазіргі күні аталған қоныстарда кварталішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызылжармада газдандыру жұмыстарын «ДС-Тас» ЖШС атқаруда. Мердігер компаниялар келісім-шарт бойынша аталған құрылыс-монтаж жұмыстарын 2015 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс. Мамандардың есебінше, сол кезде Тасбөгет кентіндегі 13 мың, ал Қызылжарма ауылындағы 8 мың тұрғын «көгілдір отын» игілігін көретін болады. Орайлы тұста, аталған қос қоныстың шет аймақтарын газдандыруға 2014 жылы республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлінгенін еске сала кетейік. Ал, биылғы жылы осы аталған жұмыстарды аяқтауға ел қазынасынан тағы 806,4 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл – былтыр басталған шет аймақтарды газдандыру ісі жалғасын табады деген сөз. Сонымен, аймақтағы өзге елді мекендерді газдандыру мәселесі Қызылорда облысын кешенді газдандыру бағдарламасының бірінші кезеңінде, яки алдағы 2 жылда толықтай шешіледі.

Жаңа магистраль бойынша тасымал­да­натын газды енді Сыр өңіріндегі жергілікті тұрғындар да кеңінен пайдалана алады. Ол үшін аталған магистральды құбырдың бойындағы барлық елді мекеннің тұрғындарына газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз» компаниясы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГРС) орнатып, бұған қоса ауыл-кварталішілік газ құбырлары желісін жүргізу жұмыстарын атқарулары тиіс.

Былтыр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталды. Осыған орай облыс елді мекендеріне газ тарту мүмкіндігі туды. Аталған жұмысқа Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы арасында жасалған меморандумға сәйкес 23 миллиард теңге инвестиция тартылып жатыр. Бұл қаражат Арал, Әйтеке би, Байқоңыр қалалары мен Шиелі, Жаңақорған кенттеріне газ тартуға, ауылішілік желілер салуға, автоматтандырылған газ тарату станциясынан көгілдір отын алып, 5 бірдей газ құбырының құрылысын бастауға жұмсалады.

Қажетті құжаттардың барлығын дайын­дауға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініпті. Күзге салым «ҚазТранс Аймақ» өндірсіке қажетті жабдықтар алуға конкурс өткізді. Таяуда Оралдағы «БатысМұнайГаз Жабдықтары» зауытында бес автоматтандырылған газ тарату станциялары құрастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайын болады. Аймақты газдандыру аясында мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Өңірдегі елді мекендерге газ тарту жұмыстары облыстың солтүстік және оңтүстік аудандарынан қатар жүргізіледі. Соған орай, Арал және Жаңақорған аудандарының орталықтарындағы газ тарту жұмыстары басталды.

«Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы бірінші кезеңде Арал қаласы 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. 363,5 шақырым құрайтын газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы 2015 жылдың аяғына дейін аяқталады. Кезең-кезеңімен Арал ауданының барлық елді мекендері газдандырылатын болады. Аса кең ауқымдағы жобаның алғашқы кезеңінде Жаңақорған кенті де толығымен газдандырылады. Кентке 240,7 шақырым газ құбыры жүргізіледі. Кейін ауданға қарасты барлық елді мекен түгел көгілдір отын игілігіне қол жеткізеді. Жоба аясында қос аудан халқының аңсап келген көгілдір отыны әрбір үйге қолжетімді болып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсері сөзсіз. Жуырда Қазалы, Шиелі аудандарында да автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталады. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда.

«Көптен күткен көгілдір отын ауылда­ры­мызға жеткізілгелі отыр. Енді отын жарып, пешке от жағып, күл шығармайтын боламыз. Әсіресе, қыз-келіндеріміздің қуанышында шек жоқ. Олар қолдарын ыстық суға малып, жылы үйде уайымсыз тіршіліктерін қамдайтындықтарына дән риза. Тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды деген осы емес пе? Алыстағы ауылдардың өзі өркениетке қарай оң қадамдар жасап жатыр. Қой үстіне бозторғай жұмыртқылаған заман деп міне, осыны айтуға болады», – дейді Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Шермағамбетов. Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық окгругі мен Тасбөгет кентін газдандыруға байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. 2014 жылы осы мақсатта республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге қаралды. Осының арқасында биыл облыс халқының 70 пайызы тұратын елді мекендерге газ жеткізу жоспарлануда.

Нұржан Әлібаев: Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

– Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының 846 шақырымы Қызылорда қаласы арқылы өтеді. Соның арқасында, аймақтың елді мекендерін табиғи газға қосу арқылы, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына импульс береді және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

Осы орайда, Қызылорда облысын кешенді газдандырудың І-ші кезеңінде 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жалпы облыс елді мекендерін 13 автоматтандырылған газ тарату стансалары арқылы газдандыру көзделуде. Оның ішінде бесеуі Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан орталықтарына (Арал қаласы , Әйтеке би кенті, Шиелі кенті және Жаңақорған кенті ) және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен квартал ішілік газ құбырларының құрылысын салу келісілген.

Қазіргі таңда, 5 елді-мекен бойынша газдандыру жұмыстары басталды. Аталған жобалар жүзеге асқанда облыстың 70 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Қалған 8 автоматтандырылған газ тарату стансалары бойынша, қазіргі таңда, облыстық бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстарын республикалық бюджет қаржысынан 2016-2018 жылдары аралығында жүргізу жоспарлануда.

Серікхан Уақасұлы Байзақов: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры – 2013 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен компания қаланың газ желілерін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырына қосқан болатын. Нәтижесінде облыс орталығының тұрғындары отандық газды тұтына бастады. Сонымен қатар біздің компания биылғы жылы Арал, Байқоңыр қалалары мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған елді мекендерін газбен қамтамасыз етеді. Бұл жөнінен арнайы инвестициялық бағдарлама дайындалды. Оны жүзеге асыруға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Қызылорда облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Жоба іске асқан жағдайда, Қызылорда облысының 170 мыңнан аса халқы табиғи газ отынын пайдалануға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бұл жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, сапасына айрықша мән берудеміз.

Зинаддин Шермағамбетов: Жаңақор­ған аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы

– Көптен күткен көгілдір отын ауылда­ры­мызға жеткізілгелі отыр. Енді отын жарып, пешке от жағып, күл шығармайтын боламыз. Әсіресе, қыз-келіндеріміздің қуанышында шек жоқ. Олар қолдарын ыстық суға малып, жылы үйде уайымсыз тіршіліктерін қамдайтындықтарына дән риза. Тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды деген осы емес пе? Алыстағы ауылдардың өзі өркениетке қарай оң қадамдар жасап жатыр. Қой үстіне бозторғай жұмыртқылаған заман деп міне, осыны айтуға болады.