Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сарайын күрделі жөндеуден өткізеді

Бүгін, 12:46 / Інжу Әлихан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын қайта жаңғыртуға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Университеттің баспасөз қызметінің ақпартынша, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы пайдалануға берілгеннен бері 30 жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан ғимарат тозып, техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған.

«2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп, тіреуіш және қоршау конструкцияларынан бірақтар ақаулар анықтады: жекелеген темірбетон арқалықтар мен қабырғалардың болмауы, тіреуіш колонналардың тот басуы және қисаюы, түйісу бөліктерінің бұзылуы, жылу оқшаулау қабаты мен шатыр жабындысының зақымдануы. Ақаулардың басым бөлігі әрлеу қабаттарының астында жасырылған.

Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға күрделі жөндеу әр 20-25 жыл сайын жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, 2024 жылғы қаңтар айында Алматыда болған жер сілкіністері ғимаратқа елеулі зақым келтірді.

Анықталған ақаулар мен сейсмикалық қауіптерді ескеріп, университет ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып, оның конструкциялық беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нысанды қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.