Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысуымен болған жол апатына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген ол, қылмыстық істің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын еске салды.
«Қазіргі уақытта тергеу әрекеттерінің барлығы дерлік аяқталды, соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Нәтижесіне қарай айып тағу және істі сотқа жіберу туралы шешім қабылданады», – деді Санжар Әділов.
Аталған баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейін айыруды көздейді.
Еске салайық, Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы қатысқан жол апаты 2025 жылдың 27 шілдесінде болған.
Полицияның мәліметінше, Алматы – Екатеринбург бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі – Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласына қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған.
Жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапты. Белгілі спортшының жұбайы мен ұлы ауруханаға жеткізілді, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.