Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы айтқан «Анашым» әнін енді шырқамайтынын мәлімдеді

Бүгін, 10:53 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы айтып келген «Анашым» әнін енді орындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл шешімге әннің авторы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаровтың өтініші себеп болған көрінеді. 

Нұрлан Өнербаев шешімді 2023 жылы ресми түрде қабылданғанын айтты.

«2023 жылы Алматыда өткен концертімде «Анашым» әнімен қоштасқанмын. Қоштасуға себеп болған композитордің өзі. «Нұрлан, осы әнді енді өзім орындаймын» деді. Мен «жақсы» дедім. «37 жыл айттым бұл әнді, әрі қарай өзің біл. Авторы өзің, композиторы, иесі өзіңсің. Мен тек орындаушымын» дедім. Ешқандай сезімде болған жоқпын. 2018 жылы Астанада 8 наурыз күніне концертімді дайындап жатқанмын. Тура сол концерттің алдында жолығып қалдық. «Нұрлан, концерт бергелі жатқан екенсің. «Анашымды» орындамай-ақ қойсаң» деді. Мен «жарайды» деп келістім», — деді әнші Нұрлан Өнербаев «Таң Нұры» бағдарламасында.

Ал Марат Омаров халық туындыны Нұрлан Өнербаевтың өз әні деп қабылдап кеткенін айтып, авторлардың есімдері аталмайтынына ренішін білдірген. 

«Факт бойынша айтайын. Караокелерде де қарасаңыздар Нұрлан Өнербаев деп жазылып тұр. Ол бейнетаспа жасаған емеспін деген. «Анашымға» бейнетаспа жасаған. Бірақ авторлардың аты жазылмаған. Қайрат Жұмағалиев ағамыздың қызы хабарласып, «әкем өмірден өтіп кетсе де, аруағын сыйламай, аты-жөнін айтпай жүргені мені қынжылтады» деп қатты айтқаны бар. Нұрлан Өнербаев қоңыр дауысты інім ғой. Алла берген дауысына сөз жоқ. Сол дауысымен авторларды айтса, кішірейіп қалмайды. Бұл соншалықты күрделі болғандықтан, оны жамандыққа қимаймын. Өзі де 37 жыл деп мойындап отыр. Сол 37 жылда келісімшарт болды ма?! Халық авторларды білу керек. Негативті өзім жек көремін. Нұрланнан бұрын өзім де бұл әнді айтқанмын», - деді М. Омаров Bugin Live бағдарламасында.