Павлодар моншасындағы ер адамның өлімі: Сот үкім шығарды

Бүгін, 09:05 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодардың екі тұрғыны моншада ер адамның өліміне байланысты 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға «кісі өлтіру» бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бастапқыда қылмыстық іс «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша қозғалған еді.

Алайда тамыз айында іс сотқа жеткен кезде айыптау «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру» бабына қайта сараланған. Бұл жағдайда айыпталушылар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін болатын.

Іс бірнеше ай бойы алқабилердің қатысуымен қаралды. Ақырында қорғаушылар алқабилерді айыпталушылардың кісі өлімін қасақана жасамағанына сендіре алды.

«Алқабилердің қатысуымен өткен сот үкімі бойынша А. мен Х. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің моральдық залалды өтеу туралы талап-арыздары ішінара қанағаттандырылып, А. мен Х.-тан бірлесіп 9 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шықты», – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай биыл 1 сәуірде болған және видеоға түсіп қалған. Кадрлардан бірнеше ер адамның киіммен моншада өзге келушілерді ұрып жатқанын көруге болады. Сол кезде бір жәбірленушінің басынан бірнеше рет соққы алғаны байқалады.

Тэгтер:

Павлодар Сот үкімі монша