Алматыда үндістандық туристің телефонын қарақшылар ұрлап кетті. Полиция жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы ақпарат Telegram желісінде журналист Михаил Козачковтың жазбасы арқылы тарады. Оның айтуынша, турист қарақшылардың бірін өзі ұстап алған.
«Кеш қызыққа тола бастады — Үндістаннан келген турист Instagram парақшасында Алматыда қарақшылардың құрбаны болғанын айтты. Оның телефонын тартып алған, ол күдіктілердің бірін ұстауға көмектескен, бірақ полиция екі айдан бері телефонын қайтармай отыр», — деп жазды Козачков бейнежазбаның сипаттамасында.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Үндістан азаматының арызы бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Грабеж жасаған күдікті анықталып, ұсталып, қамауға алынған.
«Қазір тергеу мен жедел шаралар жүргізіліп жатыр. Мақсат — істі жан-жақты және объективті тергеу, сондай-ақ ұрланған мобильді телефонды тауып, иесіне қайтару», — деді департамент өкілдері.