Оңайлықпен кетпейтін әлдебір вирус тарап жатыр ма? – дәрігер көпті алаңдатқан сұраққа жауап берді

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Бірнеше аптадан бері "оңайлықпен кетпейтін әлдебір вирус тарап жатқаны" жиі айтылып жүр. Осыған байланысты дәрігер Қайырғали Көнеевке хабарласып, "тарап жатқан вирус" туралы сұрап-білдік. Оның айтуынша, бұл – маусымдық тұмау. Денсаулық сақтау министрлігі де жаңа вирус жоқ деп хабарлаған. Дәрігер әсіресе балаларда тұмау ауыр өтіп, қызу 40°С-қа дейін көтеріліп, тырысуға дейін баруы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігер Қайырғали Көнеев жағдайды нақтылады:

«Министрлік жаңа вирус тіркелмегенін айтты. Біз көріп отырғанымыз – тұмаудың әдеттегі маусымдық өршуі. Жаппай эпидемиологиялық өршу жоқ, бірақ тұмаудың өзі, әсіресе балаларда, өте ауыр өтуі мүмкін».

Көнеевтің айтуынша, кішкентай балаларда қызу өте жоғары көтерілуі ықтимал және кейде қызу фонында қалтырау байқалуы мүмкін.

«Бұл тұмаудың клиникалық көрінісіне тән жағдайлар. Сондықтан ата-аналар сақ болғаны жөн», – дейді ол.

Дәрігер инфекцияның таралуын тежеудің қарапайым, бірақ тиімді тәсілдерін атады:

– Ауа жоқ, адам тығыз жиналатын орындарға мүмкіндігінше бармау.
– Қоғамдық және жұмыс орындарындағы ауаны мейілінше жиі тазартып отыру – инфекциямен күрестің тиімді жолы.
– Антибиотикті дәрігер тағайындамайынша мүлдем қолданбау.

«Антибиотиктер вирусқа әсер етпейді. Оларды өз бетінше қабылдау иммунитетті әлсіретуі мүмкін және ең бастысы – бактериялардың антибиотикке төзімділігін күшейтеді», – деді Қайырғали Көнеев. «Тек дәрігер баланы қарап, нақты көрсеткішпен жазып берсе ғана антибиотик қолданылады».

Тэгтер:

Тұмау белгісіз вирус