Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Палата отырысында Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі жобасын талқылау кезінде бұл құжаттың ел дамуындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Цифрлық кодекс жай ғана заң емес, елдің технологиялық болашағын айқындайтын негізгі құқықтық негіз, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін біз жай заң емес, еліміздің цифрлық болашағының іргетасын қалайтын құжатты қарап отырмыз. Бұл кодекс ашық, қауіпсіз және тиімді цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған. Цифрландырудың түпкі мақсаты – адамдардың өмір сапасын арттыру мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру», – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлі Ұлттық даму институтын құру туралы түзетулерге де назар аударды. Оның пікірі бойынша, мұндай институттың міндеттері мен функциялары анық көрсетілмесе, ол тиімсіздікке әкелуі мүмкін. Депутат «Зерде» холдингінің тәжірибесін мысалға келтіріп, бір уақытта цифрландырудың қозғаушысы болған ұйымның кейін бюрократиялық тежегішке айналғанын ескертті.
«Жаңа институт сол қателікті қайталамауы керек», – деді ол.
Парламент мүшесі дербес деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мәселелерін де бөлек атап өтті. Соңғы жылдары интернет-алаяқтық пен жеке ақпараттың таралуы жиілегенін айта келіп, ол Цифрлық кодексте осы тəуекелдерді нақты шешетін тетіктерді бекіту қажеттігін жеткізді.
«Дербес деректер операторларына бірыңғай талап қойылып, ақпараттық жүйелер тұрақты аудиттен өтіп отыруы тиіс. Сондай-ақ, жеке ақпараттың таралу фактілері туралы азаматтарға міндетті түрде хабарлау тәртібі енгізілуі керек», – деді Әбутәліп Мүтәлі.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар қауіптерді ерте анықтауға және азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл тетіктер елдің цифрлық және ұлттық қауіпсіздігі мақсаттарымен тікелей ұштасады.
Әбутәліп Мүтәлі өз сөзінің соңында Цифрландырудың өзі мақсат емес, адамдардың өмірін жеңілдететін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын құрал екенін баса айтты.
«Кодекс жаңа шектеулер мен қағазбастылық тудырмауы тиіс. Біздің міндет – оны нақты нәтиже беретін, заманауи құқықтық тетіктері бар құжатқа айналдыру. Сонда ғана біз ашық, қауіпсіз және сенімді цифрлық мемлекет құра аламыз», – деді депутат.
Ол сөзінің аяғында құжатты екінші оқылымға дейін жан-жақты саралау қажет екенін айтты.