Екі қазақстандық маман халықаралық теннис төрешісі мәртебесін алды

Бүгін, 12:30 / Інжу Әлихан
ҚТФ

Қазақстандық теннис төрешілері Дамир Дюсенбаев пен Эльвира Исламғалиева Бахрейнде Халықаралық теннис федерациясы (ITF) тағайындаған White Badge Chair Umpire мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл белгі – олардың халықаралық төреші екенін растайды және кәсіби мансабындағы маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл Қазақстандағы төрешілер дайындығының жоғары деңгейін дәлелдейтін маңызды жетістік.

Дюсенбаев пен Исламғалиева Қазақстан теннис федерациясы қолдайтын ұлттық және халықаралық турнирлерде өздерін жоғары деңгейде көрсете білді. Олар ережелерді терең меңгеруімен, тәртіп пен әділдігімен ерекшеленді. ITF олардың кәсібилігін мойындап, енді олар ITF World Tennis Tour және ATP Challenger турнирлерінде төреші ретінде қызмет атқара алады.

Бүгінде Қазақстан өз төрешілерінің жоғары біліктілігімен мақтана алады. Ең жоғары деңгей — Күміс белгі (Silver Badge) елімізде Меруерт Қаукеева мен Юлия Игнатченкода бар. Бұл төрешілер Үлкен дулыға (Grand Slam), Олимпиада және Азия ойындары, сондай-ақ ATP мен WTA турнирлерінде қызмет ете алады.

Өткен жылы Қола белгі (Bronze Badge) иегері атанған Владлена Саменкова да қазақстандық төрешілер қауымдастығы үшін маңызды жетістікке жетті.

Дамир Дюсенбаев пен Эльвира Исламғалиева қосылғаннан кейін, Қазақстанда халықаралық ITF белгілеріне ие төрешілер саны тоғызға жетті. Бұл еліміздегі төрешілер мектебінің жүйелі дамуы мен Қазақстанның әлемдік теннис аренасындағы беделінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.