ЛГБТ насихаты жас өрендеріміздің психикасына кері әсер етеді – Еділ Жаңбыршин

Бүгін, 12:17 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Еділ Жаңбыршин: «Бұл норма ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған»

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салу жөніндегі норманың авторы ретінде Парламент мінберінен арнайы сөз сөйлеп, өз ұстанымын білдірді. Депутат бұл мәселе қоғамда бес жылдан бері қызу талқыланып келе жатқанын және қоғамның айқын позициясы бар екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Бұл мәселенің қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болды. Дәл осы мінберден өзім де, әріптестерім де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқыладық. Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты, – деді Жаңбыршин.

Оның айтуынша, ЛГБТ өкілдері мен оларға қолдау білдіріп жүрген топтар соңғы жылдары кейбір депутаттарға да ақпараттық шабуыл жасап, әлеуметтік желілерде жеке тұлғалық қорлауға барған.

– Бұл барып тұрған бассыздық, заң шығарушы органның өкілдеріне қысым көрсету, адам құқығын таптау, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, мұндай ұйымдар шетелден миллиондаған доллар қаржыландыру алып, ұлттық құндылықтарға қарсы жүйелі насихат жүргізіп отыр.

– Былтыр ғана E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жарияланып, қысқа уақытта 50 мыңнан астам азамат қол қойды. Бұл – халықтың ұстанымы анық екенін көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар, Жаңбыршин халықаралық құжаттарға да назар аударды. Оның айтуынша, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мемлекеттерді балаларды зиянды ақпараттан қорғауға міндеттейді, ал Қазақстан қосылған Женева декларациясы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға мүмкіндік береді.

– Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан Женева декларациясына қосылып, онда әрбір дербес мемлекет өздерінің негізгі құндылықтарын, дәстүрлі отбасы институтын сақтау бойынша ұлттық саясатын жүргізуге құқылы екені айтылған. Бұл Декларацияны АҚШ-тың өзі қабылдаған. Ең бастысы, Трамп осы декларацияны арқау етіп, бір жынысты некелерге шектеу қойып, енді Америкада тек әйел және ер жынысы болатынын мәлімдеді. Арнайы Жарлық шығарды. Осыған байланысты бірнеше халықаралық ұйым Американың жоғарғы сотына шағымданды. Дегенмен, олардың ұсыныстары қабылданбай, Жоғарғы сот Трамптың шешімін дұрыс деп есептеді, – деді депутат.

Сөзін қорытындылай келе, Еділ Жаңбыршин қабылданып жатқан норма дәстүрлі отбасы институтын сақтау, ұлттық иммунитетті күшейту және жастарды деструктивті идеологиялардан қорғауға бағытталғанын айтты.

– Ең бастысы, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ, – деп түйіндеді ол.

Тэгтер:

Еділ Жаңбыршин ЛГБТ