Қазақстандықтар өздерінің интернеттегі "ізін" өшіре алады

Бүгін, 12:06 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Цифрлық кодексте адамның негізгі цифрлық құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі белгіленеді. Оған қол жеткізу құқығы, құпиялылық және цифрлық сәйкестендіру құқығы, сондай-ақ ұмыту құқығы – интернетте қалдырылған цифрлық ізді өшіру мүмкіндігі кіреді, деп хабарлайды turkystan.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық ортада сәйкестендіру процедураларының, соның ішінде биометриялық және көп факторлы аутентификацияның қауіпсіздігі мен сенімділігін нығайтуға ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар электронды цифрлық қолтаңба жалғыз білікті қолтаңба нысаны мәртебесін сақтайды. Ал цифрлық растаулар (SMS кодтар, биометриялық деректер және басқа да нысандар) жоғары заңды маңызы жоқ әрекеттер үшін қолданылатын жеңіл сәйкестендіру нұсқалары ретінде айқындалады.

Кодексте электронды және цифрлық құжаттарды пайдалану да реттеледі. Электронды құжат түпнұсқаға балама болып саналады, цифрлық қолтаңбамен қол қойылады, ол жүйеден тыс пайдаланушының құрылғысында немесе сыртқы жадында болуы мүмкін. Сенімділікті арттыру үшін қосымша қауіпсіздік деңгейлері енгізіледі. Олар:

- қол қою кезінде құжатты міндетті түрде визуалды түрде көрсету;
- жүктеу сайын міндетті түрде қолтаңбаны тексеру;
- жоғары тексеру стандарттары, бұл электрондық құжатты қағаз нұсқасына қарағанда қауіпсіз етеді және жалған құжат жасаудың алдын алады.

Цифрлық құжат ұлттық анықтамалық деректер тізіліміне кірген кезде динамикалық түрде жасалады және түпнұсқамен тең болады. Цифрлық ақпарат ұлттық тізілімдерден алынған заңды маңызды деректер ретінде танылады.

Алғаш рет смарт-келісімшарттардың құқықтық режимі заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Тэгтер:

интернет із киберқауіпсіздік Қазасқтан