Атбасарда жасөспірім өгей әкесінің машинасын теуіп кетіп, төрт көлікті соққан

Бүгін, 09:41 / Алуа Арман
istockphoto.com

Оқиға 7 қараша күні Ақмола облысының Атбасар қаласында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көк түсті Toyota Corolla маркалы, құны 9 миллион теңгеден асатын көлігінің ұрланғанын мәлімдеген.

Тергеу барысында полицейлер көлікті жәбірленушінің 19 жастағы өгей ұлы теуіп кеткенін анықтады. Жігіт ата-анасы Астанаға кеткен кезде әжесі және қарындасымен үйде қалған.

Түнде үйдегілер ұйықтаған соң, ол ешкім білмей қалады деп ойлап, өгей әкесінің көлігімен серуендеуге шешім қабылдаған. Гараждың қосалқы кілтін пайдаланып, көлікті оталдырып, қала көшелеріне шыққан.

Түнгі сағат 12 шамасында Бауыржан Момышұлы көшесімен шамамен сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатып, ол көлікті басқара алмай қалған. Көлік шұңқырға түскеннен кейін, көктайғақтың салдарынан сырғып Changan маркалы тұрақта тұрған автокөлікке соғылған. Соққының инерциясынан Changan көлігі Toyota Land Cruiser автокөлігіне соғылған. Бұдан кейін ұры мінген көлік жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.

— Абырой болғанда, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Жас жігіттің мас еместігі анықталды, алайда оның жүргізуші куәлігі жоқ екені және көлікті басқаруға рұқсат берілмегені белгілі болды, — деп хабарлады полицияда.

Ол өз кінәсін толық мойындады. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тэгтер:

Автокөлік Ұрлау