Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы прокуроры Михаил Керцман дүниеден озды. Суыт хабарды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Елге еңбек сіңірген заңгер, облыстың бұрынғы прокуроры, әділет генерал-майоры Михаил Яковлевич Керцман өмірден өтті.
Ол үшін заң үстемдігі мен Отанға адал қызмет ету – өмірдің басты мәні болды», - деп жазды Нұрымбет Сақтағанов Instagram-дағы парақшасында.
Облыс әкімі марқұм Михаил Яковлевичтің өз ісіне жан-тәнімен берілген ұстанымы берік жан болғанын, өмір жолы кәсіби шеберліктің, әділдік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Оның ерен еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өңірде заң үстемдігі орнап, тәртіп нығайып, адал және білікті прокурорлар буыны қалыптасқан.
«Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының және өз атымнан марқұм Михаил Керцманның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Оның жарқын бейнесі мен өнегелі өмірі халық жадында мәңгі сақталады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.