Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының сахналарында өткен бесінші мерейтойлық «Zarina Altynbayeva Youth Music Competition» халықаралық академиялық жас музыканттар байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
150-ден астам өтінімнің ішінен онлайн іріктеу арқылы 46 қатысушы финалға жолдама алды. Солардың ішінде «Ішекті аспаптар» номинациясы бойынша үшінші дәрежелі лауреат атанған – Әнел Данияр ерекше көзге түсті. Ол – музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты кешенінің 8-сынып оқушысы.
Бұл айтулы шара жоғары академиялық өнердің, шабыттың және халықаралық ынтымақтастықтың мерекесіне айналды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Зарина Алтынбаеваның бастамасымен ұйымдастырылған жоба дарынды балаларды қолдауға және жаңа есімдерді ашуға бағытталған маңызды мәдени платформа ретінде танылған.
Айта кетейік, биылғы мерейтойлық байқау «Түркі әлемі мен мәдениеті» тақырыбына арналды. Бұл рухани бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының символына айналып, алғаш рет географиялық ауқымын кеңейтті. Байқауға Қазақстанмен қатар Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркиядан келген жас орындаушылар қатысты.