Aйнұр Нұраділ негізін қалаған AR Sana стартапы – тілі шығуы кешеуілдеген балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы толықтырылған шындық (AR) технологиясымен жұмыс істейтін қосымша.
Қосымша балалар тілінің шығуына арналған жаттығулар істетіп, сөйлеуіне көмектессе, ата-аналар мен логопедтерге баланың даму барысын бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай қосымшаны шығаруға Айнұрдың балаларға деген ерекше мейірімі, сүйіспеншілігі түрткі болса керек.
«Бәрі балаларға деген сүйіспеншіліктен басталды. Кейін ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен сұхбат жүргізген соң, мен оларды мазалайтын өзекті мәселе – сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуін көрдім», – дейді Айнұр Нұраділ.
Айнұрдың айтуынша, ол бала кезінен мультфильмдерді және балалармен жұмыс істегенді жақсы көрген. Нью-Йорк университетінде (New York University) оқып жүрген кезінде ол медианың баланың дамуына әсерін зерттей бастаған.
Кейін Қазақстанға оралған соң, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен 50-ден астам сұхбат жүргізген. Дәл осы зерттеу Айнұрдың AR Sana жобасын жүзеге асыруына итермелеген.
Зерттеу барысында көптеген ата-ана логопедке жүйелі түрде баруға мүмкіндіктері жоқ екенін немесе көмекке тым кеш жүгінетіндерін айтқан.
«Мен көптеген балада аутистік спектрдың бұзылуы, церебральды сал ауруы (ЦП) және басқа да ерекшеліктердің алғашқы белгілерінің бірі – тіл шығуының кешеуілдеуі екенін байқадым. Сол сәтте осындай балалардың қорықпай, еркін дамуына көмектескім келді», – дейді ол.
AR Sana-ның басты ерекшелігі — толықтырылған шындық технологиясын (AR) пайдалану.
Ойын бағдарламасын ашқанда баланың бөлмесінде 3D кейіпкер – Сана есімді қыз пайда болады. Ол балаға ойын арқылы сөз жаттығуларын орындатады.
«Көп бала логопедтен қорқады – сөйлеуді қаламағандықтан емес, бейтаныс адамнан қорыққандықтан. Сондықтан біз кейіпкерді дәл баланың өз бөлмесінде пайда болатындай етіп әзірледік. Осылайша бала өзін қауіпсіз сезінеді және стресске түспей сөйлеп үйренеді», – деп түсіндірді Айнұр.
Қысқа AR-көріністен кейін бала виртуалды бөлмеге өтеді, онда сөздер мен сөйлемдерді қайталап, жаттығулар орындайды. Әр сабақ баланың жасына және даму деңгейіне бейімделеді.
AR Sana толықтай қазақ тілінде жасалып жатыр. Қазақстанда балалардың дауыс деректері бойынша дайын зерттеу базалары болмағандықтан, команда 3-7 жас аралығындағы балалардың дауысын өздері жазып, деректер жиынтығын (датасет) қолмен жинауда. Бұл мәліметтер кейін өздерінің сөйлеу тану моделін үйретуге қолданылады.
«Басқа елдерде бұл деректерді жай ғана сатып алуға болады. Ал бізде ондай база жоқ. Сондықтан бәрін нөлден бастадық. Ата-аналар мен логопедтер: “Бізге қазақ тілі керек” дейді. Сол себепті біз жеңіл жол іздемей,күрделі де болса, бәрін өзіміз жасауды таңдадық», – дейді стартаптың негізін қалаушы.
Команда AR Sana логопедтердің орнын алмастырмайтынын, тек олардың жұмысын толықтыратынын атап өтті.
«Біз логопедтерді алмастырмаймыз. Логопедтер физикалық бөліммен – массаж, ұсақ моториканы дамыту сияқты жұмыстармен айналысады. Ал бала сөздерді қайталап, тілін үйде біздің қосымшаның көмегімен жаттықтыра алады», – дейді Айнұр.
Жоба қазір Ұлттық балаларды оңалту орталығының логопедтерімен бірге тестілеуден өтіп жатыр. Мамандар әр кезең бойынша кері байланыс беріп отырады.
AR Sana – сыртқы инвестициясыз дамып келе жатқан әлеуметтік жоба. Барлық шығынды әзірге жобаның негізін қалаушы өз қаражатынан өтеп отыр. Команда Astana Hub және Әзербайжан университеті ұйымдастырған акселерациялық бағдарламалардан өтіп, жоба ресми түрде әлеуметтік кәсіпкерлік ротонда танылды.
Қосымшаның алғашқы нұсқасы 2026 жылдың мамыр айында іске қосылмақ. Бірінші кезеңде оған алдын ала тапсырыс берген ата-аналар мен логопедиялық орталықтар қол жеткізеді.
«Бұл – менің алғашқы жобам, тиісінше машақаты көп. Десе де бұл жоба бірнеше баланың сөйлеп кетуіне көмектессе, демек, еңбегіміздің зая кетпегені», – дейді Айнұр Нұрәділ.
Айана ЖӨЛЕУОВА,
Астана IT университеті Креативті Индустрия мектебінің студенті