Ақтөбелік оқушылар 4 мың асықтан киіз үйдің макетін жасады

Бүгін, 09:23 / Інжу Әлихан
Фото: Аманжол Айтмағамбетов

Ақтөбеде оқушылар 4 мың асықтан киіз үй жасады. Назарбаев зияткерлік мектебінің білім алушылары оған екі апта уақыт жұмсаған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Киіз үйдің диаметрі бір метр. Ал биіктігі 80 сантиметрден асады. Оқушылар үшін ең қиыны асық жинау болған. Сондықтан Астана, Тараз, Өскемен қалаларындағы Назарбаев мектебінің оқушылары да ат салысқан. Сондай-ақ ұстаздар да көмек қолын созыпты. Туынды Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған.

«Оқушыларға оңайырақ, жеңілірек болу үшін алдын ала картоннан каркасын жасап қойдық. Оқушылар өздерімен келген асықтарымен топ-топқа бөлініп, осы киіз үйді жасауға ақтысты», - деді НЗМ оқушысы Ғани Телағыс.

Мектеп оқушыларының ұлттық ойынға деген қызығушылығы зор. Олар бос уақыттарында және сабақ арасындағы үзілісте арнайы жабдықталған орынға келіп, асық ойнайды. Ұстаздардың айтуынша, бұл балаларды сергітіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретеді.

«Сонымен қатар осы киіз үйді жасаймыз деген кезде оқушылар қатты қуанды. Себебі бұл табиғи метриалдармен оқушылардың тек қолмен жұмыс істеу дағдысы емес, сонымен қатар мәдени мұраны да еске алу», - деді мектеп директоры Қайырбек Сәбитұлы