Қытай ғалымдары 150 жыл өмір сүруге мүмкіндік беретін дәрі жасап жатыр

10 қараша, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Lonvi Biosciences зертханасы адам өмірін 150 жылға дейін ұзартуға бағытталған ерекше препаратты сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz The New York Times-ке сілтеме жасап.

Компанияның айтуынша, таблеткалар жүзім дәндерінің экстрактындағы процианидин C1 (PCC1) қосылысына негізделген және ағзадағы қартаюға жауапты «зомби-жасушаларды» жоя алады.

Ғалымдардың айтуынша, PCC1 затын сынаған зерттеулерде тышқандардың өмір сүру ұзақтығы 9,4%-ға артқан, ал емдеу басталғаннан кейін олардың өмірі 64,2%-ға ұзартылған. Компанияның техникалық директоры Лю Цинхуа:

«150 жыл өмір сүру бұл енді фантастика емес, алдағы бес жылда мұндай ұзақ өмір қалыпты құбылысқа айналады», – дейді.

Lonvi Biosciences стартапы биотехнология мен қартаюды баяулату саласында жұмыс істейді. Компания әзірлеген препараттың құрамындағы жеке бөлінген молекулалар ағзада жиналып, қабыну тудыратын ескірген жасушаларды бейтараптандыруға бағытталған.

Бұл жаңалық Қытай билігінің де назарын аударған. Reuters, Bloomberg және ABC агенттіктерінің мәліметінше, өткен жылы ШОС саммитінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин өмірді ұзарту және орган трансплантациясы туралы әңгімелескен. Кейін бұл жазба қытайлық CCTV арнасынан алынып тасталған.

Қытайда ұзақ өмір сүру тақырыбына қызығушылық соңғы жылдары күрт артты. Бұрын мұндай зерттеулерге күмәнмен қаралса, бүгінде мемлекет пен жеке инвестициялар бұл саланы заңды әрі табысты индустрияға айналдырған.

2024 жылы Қытайда орташа өмір сүру ұзақтығы 79 жылға жеткен, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен бес жылға жоғары. Lonvi Biosciences өкілдері енді адам өмірін екі есеге дейін ұзарта алатын дәуірдің басында тұрғандарын айтады.

Тэгтер:

Қытай өмір дәрі ұзақ өмір 150 жыл