Сиань Цзяотун университетінде «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы ашылды

Бүгін, 12:16 / Інжу Әлихан
Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-инновациялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты. 6 қараша күні Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сиань Цзяотун университеті қабырғасында Шәкәрім университетінің  қатысуымен  мәні зор іс-шара өтті. Ол – Сиань Цзяотун университеті жанынан «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының салтанатты ашылуы, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сиань қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған халықаралық конференция  аясында өткен бұл іс-шара ғылым мен мәдениет серіктестігінің жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Шәкәрім университеті мен Сиань Цзяотун университетінің серіктестігінің нәтижесінде ашылған, қазақ ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы – Шәкәрім мұрасына арналған шетелдегі тұңғыш институционалды орталық.

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының ресми делегациясы: Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, проректор Ерасыл Дулатбай және Шәкәрім университеті жанындағы «Шәкәрімтану» орталығының жетекшісі Тұрдықұл Шаңбай қатысты.

Халықаралық деңгейде ашылып отырған орталықтың басты міндеті – қазақ халқының рухани мұрасын, соның ішінде Шәкәрімнің философиялық ойларын Қытайда кеңінен таныстыру, сондай-ақ, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды тереңдету.

Мұнда келушілер қазақ және қытай тілдерінде Шәкәрімнің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың материалдармен таныса алады. Сонымен қатар, қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі мәдени даму кезеңдері туралы материалдар ұсынылады.

Орталық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Шәкәрім университеті мен Xi’an Jiaotong University университетінің серіктестігінің нәтижесінде ашылып отыр.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Сиань Цзяотун университетінің президенті  Чжан Лицюньге және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне екі елдің академиялық және мәдени бастамаларын сенімге, ғылыми прогреске және өзара дамуға негізделген бірыңғай стратегияға біріктіргені үшін шынайы алғыс білдірді.

 «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы – ерекше мәнге ие тарихи қадам. Біздің университет қазақ ойшылы Шәкәрімнің атында. Сондықтан, сіздердің университет жанынан «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Шәкәрім университеті мен Сиань Цзяотун университетінің арасындағы серіктестік мәдениеттер мен ұрпақтарды біріктіретін сенім мен достық кеңістігін қалыптастырады. Бұл орталық ғылыми-мәдени жағынан екі елдің жетістіктерін насихаттауға қызмет атқаратынына сенімдімін»- деді ол.

Вице-министр Гүлзат Көбенова өз сөзінде: «Шәкәрім орталығының ашылуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды экономика мен мәдени дипломатияны дамыту стратегиясымен үндес. Мәдениет пен білім – адам капиталының өзегі және дамудың қозғаушы күші. Шәкәрім орталығы – сенімнің, серіктестіктің және танымға ұмтылыстың символы», - деп атап өтті.

Шәкәрім университеті соңғы жылдары интернационалдандыру мен ғылыми-инновациялық даму бағытында айтарлықтай серпіліс жасаған өңірлік жоғары оқу орны.

Шәкәрім университетінің бастамалары бүгінде өңірлік университеттердің де әлемдік академиялық үрдістерге белсене қатыса алатынын дәлелдеп отыр.

«Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі. Бұл орталық Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды бастама.

Аталған орталықтың қызметі арқылы екі елдің ғалымдары мен студенттері бірлескен зерттеулер жүргізіп, мәдени тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Осылайша, «Шәкәрім» орталығы қазақ руханиятының шетелдегі жаңа шаңырағына айналып, Шығыс пен Батысты жалғайтын рухани көпір рөлін атқармақ.