«Реанимацияда жатыр»: Астанада фельдшердің басына 9-қабаттағы кондиционер құлап кеткен

Бүгін, 11:46 / Алуа Арман
Фото: Еlements.envato.com

Кеше Астанада тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптамасының бір бөлігі мен кондиционер қондырғысы құлап түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салдарынан бес адам зардап шекті, олардың екеуі — фельдшер. Барлығы №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Екі науқас жансақтау бөлімінде, үшеуі — бейінді бөлімшелерде жатыр.

Жансақтау бөліміндегі фельдшерлердің бірінің жағдайы өте ауыр. Оның күйеуінің айтуынша, әйелінің басына тоғызыншы қабаттан кондиционер құлаған. Ол сол сәтте үйінді астындағы зардап шеккендерді шығаруға тырысқан.

«Төтенше жағдай қызметін бес минут күттік — келмеді. Ол жерде кішкентай балалар жылап жатқан. Жарым барып, балаларды шығарып алды. Ер адамды босатуға тырысқанда, дәл сол кезде тоғызыншы қабаттан кондиционер басына құлады», — дейді ер адам.

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екінші фельдшер нейрохирургия бөлімінде жатыр, жағдайы — орташа ауырлықта. Медициналық қызметкерлердің жарақаттары өндірістік жарақат ретінде ресми түрде танылды.

Оқиға фактісі бойынша қалалық полиция департаменті тергеу бастады. Сонымен қатар еңбек жөніндегі мемлекеттік инспектор Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабы («Еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны құру тәртібі мен құрамы») аясында мән-жайды тексеріп жатыр.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі саласында елеулі мәселелер бар. Елде ай сайын шамамен 15 адам өндірістік жазатайым оқиғалар салдарынан қаза табады.

Тэгтер:

Құлау фельдшер реанимация кондиционер