Екібастұзда біреулер мысықты поштоматтың ұяшығына қамап кеткен

Бүгін, 08:52 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Екібастұзда мысық көшедегі поштоматтың бір ұяшығына қамалып, өліп кете жаздады. Оның даусын өтіп бара жатқан адамдар естіп қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Instagram-да жарияланған видеода әйел адам мысыққа жасалған қатыгездік туралы айтып, Kaspi тапсырыс беру пунктіндегі ұяшықтардың бірінде қамалғанын жеткізді.

"Тірі жанды поштоматқа қалай қамап қоюға болады? Бұл қорап та, зат та емес. Ол тыныс алып тұр, қорқып қалған", – деп жазды жануарларды қорғаушылар.

Олардың айтуынша, банк қызметкерлері жедел әрекет етіп, мысықты босатқан.

"Бірақ мұндай іске барғандарға сұрақ көп. Бұл бірінші жағдай емес. Шынын айтыңыздаршы, жануарларды ұяшықтарға қамап жатқанда ойланасыздар ма? Бұл – қатыгездік. Қауіпті ғой. Мұндайдың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Өтінеміз, істер алдында ойланыңыздар", – деді қорғаушылар.

Видеоға қаржы компаниясының өкілдері де пікір қалдырып, белгісіз адамдардың қатыгездігіне наразылық білдірді.

"Мұндайға жол берілмеуі керек. Мысық босатылды, оның қалай қамалғанын анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесіне қарай барлық қажет шараны қабылдаймыз", – делінген хабарламада.

Осы арада қолданушылар бейжай қалмаған қала тұрғынына алғыс айтып, жануарды қорлағандарды табуды талап етті.

"Мұны бала жасағанның өзінде, оның ата-анасы бар, балаларының тәрбиесіне жауап берсін. Бәрі ашық болуы керек, жануарларды қорлайтын адамдарды жұрт көрсін", – деп жазды олар.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына полиция қызметкерлері келген. Алайда құқық қорғау органдары әзірге оқиғаға ресми пікір білдірген жоқ.