Қарағандыда жүргізуші тротуарға шығып кетіп, 4 жасар бүлдіршінді анасымен бірг қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, оқиға 6 қараша кешке «Шығыс-1» ықшам ауданында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода қар үстінде жатқан анасын көріп, баланың жылап тұрғаны байқалады.
25 жастағы әйел баласын балабақшадан алып, үйіне қайтып бара жатқан. Дәрігерлер оның аяғы сынғанын анықтады, жағдайы – орташа ауыр. Бала жарақат алмаған, бірақ қатты қорыққан.
Туыстарының айтуынша, кінәлі адамды табу қиын болған, себебі оқиға орнында бейнебақылау камералары болмаған. Арада бір тәулік өткен соң полиция күдіктіні қолға түсіріп, көлігін айып тұрағына қойды. Тергеу басталды.