Павлодарда салынып жатқан ғимарат құлап, бір адам ажал құшты

Бүгін, 14:41 / Нұрлан Әлинұр
Павлодар обл. әкімдігі

Павлодарда ғимараттың опырылып, үйінділер астында қалып жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіге тарады.

Оқиғаға қатысты Павлодар облысы әкімшілігі түсініктеме берді. Жергілікті билік жеке жөндеуден өтіп жатқан құрылыс алаңында еден плитасы құлағанын хабарлады.

8 қарашаға қараған түні жарияланған алдын ала мәлімет бойынша, үйінді астында 1967 жылы туған ер адам болуы мүмкін.

"Сонымен қатар апаттық-құтқару жұмыстарына тепловизоры бар ұшқышсыз ұшу аппараты мен ТЖД жедел кинологтар бригадасы жұмылдырылуда. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары барлау жұмыстарын жүргізіп, үйінділерді тазартып жатыр", - деп хабарлады әкімдік.

Оқиға орнында жедел әрекет ету орталығы құрылды.

Полицейлер қылмыстық кодекстің "құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, 8 қараша күні таңертең үйінді астынан ер адамның мәйіті табылғаны хабарланған болатын. Тағы екі зардап шегуші ауруханада қаралған, емделуді қажет етпеген.