Танымал продюсер Мөлдір Мұқан Жанар Байсемізге берген сұхбатынан кейінгі әсері жайлы жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қайырлы кеш, достар. Өмірдің бір сәті бүкіл елдің әңгімесіне айналып кетеді екен ғой... Қоғамдағы дүмпудің ортасында қалдым. Подкасттан шыққанда өзім жеңілденіп, жүрегімдегі мұз еріп, рахаттанған едім. Подкаст эфирге шыққан сәттен бастап, бұл сезімдер мың құбылды. Қолдаған әр сөз, жылы пікір жүрегіме жылу берді. Рақмет, достар! Әсіресе психолог сияқты эксперттерге ерекше алғыс. Бірақ сол сұхбатқа мен суық есеппен біреуге байкот болсын деп бармадым. Өзгеге зиян тигізу ниетім жоқ!», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ ол ер адамның әрекетінен қиналғанын да жасырмады.
«Жүрегім жылап тұрса да, сыртым күліп, жарамды елден жасыруға көп күш жұмсадым. Бірақ ер адамдарға деген құрметім азайған жоқ, ортаймады да. Өйткені олар барда біз әйелміз, нәзікпіз, еркеміз. Өмір ғой... Ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Сондықтан, өтінем, түк кінәсі жоқ балалардың жүрегін ауыртпаңыздар. “Көресіңді сөйлегеніңнен көресің" дейді ғой, алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді... Мен қазір жалғыз мақсатпен өмір сүріп келемін. Өзімді және бес баламды асырау үшін еңбек ету. Менің шығармашылығым хайп үшін емес, тіршілік үшін», – деді продюсер.
Мөлдір Мұқан подкасттағы жіберір алған қателігі жайында сөз еткен.
«Сандардан шатасатыным бар. Подкастта 21 жыл дей беріппін. 22 жылдық неке мені мықты етті, потенциалымды ашты, бақытты ана етті. Бақытты жар да болғанымды жоққа шығармаймын! Алғысым зор! «14 жылыңды шыдаммен өткізгенің қалай?» - деген сұрақ мазалап жатыр бәрін. Мен сұрағыма жауап күтіп, шешім күтіп, белгісіздікте жүргенде осынша уақыт зу еткен. Үмітпен алдап, жылдарымды ұрлаған жанға жамандық тілеуге хақым жоқ. Балаларымның әкесі. Байланыс үзілсе де, балалар бәрібір арамызға көпір салады. Бұл сұхбаттан кейін көп адамның көкейіндегі “Ажырасқаныңыз рас па?” деген сұрақтан өзімді босаттым деп ойлаймын. Мезі еткен еді. Өмірде одан да ауыр күндер өткен. Бұл да өтеді. Бастысы аман болайық! Ажырасқан отбасы көп. Неге біздің жағдай ерекше назарда? Бұл жерде себеп атақ пен танымалдылықта емес. Әйелдер менің жағдайымнан өз іштеріне жасырған больді көрді. Менің дайректім мен ватсабыма қарап түйген ойым, мен сияқты опасыздық көрген әйел өте көөөөп. Мен ашық айтқан соң ортақ жараны қоғам боп тырнап жіберді... Өмір жалғасады. Қызықтың бәрі алда! Бәріңізге рахмет! Әрбір тұрмысқа шыққан қыздың сүйікті болуын тілеймін! Жыламасын аналар! Жыламасын балалар!», – делінген жазба соңында.