Али Мұхамбет: Формат тиімді екенін нақты көрсеткіштер дәлелдеп отыр

Бүгін, 15:04 / Ербұлан Қайрат
сурет: ҚСЗИ

«“C5+1” форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында жүйелі диалог құруға мүмкіндік беретін тиімді көпжақты алаң ретінде өзін танытты», – дейді ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әли Мұхамбет. Оның айтуынша, Вашингтондағы жоғары деңгейлі кездесу формат эволюциясын бекітіп, сауда–экономика, инфрақұрылым және технология бойынша терең ынтымақтастыққа жол ашады. 2015-2023 жылдары диалог негізінен министрлік деңгейінде жүрсе, 2023 жылдан бері мемлекет басшылары деңгейіне көтерілді. Соның нәтижесінде Қазақстан-АҚШ саудасы 2015 жылы 1,9 млрд доллардан 2024 жылы 4,2 млрд долларға өсті; АҚШ-тың 2024 жылғы инвестициясы шамамен 869 млн доллар болды, ал 2025 жылдың I тоқсанында 362,4 млн долларға жетті. Ал Орта дәліздегі жүк ағыны кейінгі бес жылда алты есе ұлғайып, өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайыз артық; алдағы мақсат – 10 млн тонна. Жалпы, сарапшы саммит порттар мен теміржолды жаңғыртуға, цифрлық хабтар құруға инвестиция мен технология тартуға мүмкіндік беретінін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz kisi.kz-ке сілтеме жасап.

– АҚШ бастамашы болған «Орталық Азия + АҚШ» саммиті қазіргі АҚШ әкімшілігіне Орталық Азия бағыты маңызды екенін айқындайды және стратегиялық маңызы артып келе жатқан өңірмен өзара байланысты нығайтуға деген ниеті барын көрсетеді.
«C5+1» форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасын­да жүйелі диалог құруға мүмкіндік беретін тиімді көпжақты алаң ретінде өзін танытты. Бұл алаң өңір мемлекеттеріне жалпы аймақтық мүдделерге қатысты мәселелерді талқылап, бір ауыздан пікір білдіруге мүмкіндік береді. Сол арқылы олардың ірі жаһандық әріптеспен жүргізілетін келіссөздердегі ұстанымдарын күшейте алады.
Вашингтонда ұйымдастырылатын кездесу «C5+1» механизмі аясындағы қарым-қатынастың сапасы жаңа деңгейге көтерілген кезең басталғанын негіздейді. 2015 жылы фор­мат іске қосылғаннан бастап 2023 жылға дейін өзара байланыс тек министрлік дең­гейде жүргізілген еді. Диалогтың 2023 жылы алғаш рет ел басшылары деңгейінде өтуі өңірдің стратегиялық маңыздылығының өскенін айқындайды. Мемлекет басшылары деңгейінде өткізілетін диалог шараның саяси салмағын күшейтіп, сауда-экономикалық ынтымақ­тастықты, инфрақұрылымдық дамуды және технологиялық өзара әрекеттестікті қамтитын терең әрі кешенді ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашылуын қамтамасыз етеді.
«C5+1» форматының тиімділігін нақты экономикалық көрсеткіштермен растай аламыз. Осы механизм жұмыс істеген он жылда АҚШ пен өңір елдері арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастық тұрақты түрде өскені байқалады. Мысалы, Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты сауда көлемі 2015 жылдан 2024 жылға дейін 1,9 миллиард доллардан 4,2 миллиард долларға дейін, яғни екі еседен артық өсімін сақтап, тұрақты түрде өсіп отырды.
АҚШ-тың Қазақстан экономикасына қосқан үлесі де тұрақты оң динамикасын сақтап отыр. Тек 2024 жылы тартылған инвестициялар көлемі шамамен 869 млн доллар болды, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-тан Қазақстанға түсетін жалпы инвестициялар 362,4 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіштер көпжақты ынтымақтастық форматы АҚШ пен өңір аймақтары арасындағы экономикалық байланысты жақсарту үшін қолайлы жағдай жасайтынын дәлелдейді.
Саммит кезінде алдымен шекарааралық инфрақұрылым, транспорттық-логистикалық жүйе­лер және цифрландыру мәселелері талқыланады. Қазақстан үшін АҚШ пен өңірлік серік­тестермен ынтымақтастықты нығайту теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға, Кас­пий өңіріндегі порттық әлеуетті дамытуға және цифрлық орталықтарды қалыптас­тыру­ға қажетті қаржылық құралдар мен заманауи технологиялық шешімдерге қол жет­кізуге мүмкіндік береді.
Осыған орай ерекше мәнге ие болып отырған мәселе – Транскаспий халықаралық кө­лік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту. Кейінгі бес жылда осы бағыттағы жүк тасымалы көлемі 6 есе өсіп, өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 62 пайызға артық. Болашақта Қазақстан бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізуді мақ­сат етіп отыр, Орта дәлізді жаһандық сауданың негізгі маршруттарының біріне айнал­дыруды көздейді. Осы тұрғыда алдағы «C5+1» саммиті бірлескен жобаларды келісу және АҚШ тарапынан инвестиция тарту үшін маңызды алаң болып табылады. Бұл дәлізді да­мытуға қосымша серпін беріп, оның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға мүмкіндік береді.
АҚШ-пен жоғары деңгейде конструктивті диалог жүргізу және Трамп әкімшілігімен нақ­ты келісімдерге қол жеткізу Қазақстанның ұлттық мүдделерін халықаралық қаты­нас­тар жүйесінің трансформацияланып отырған жағдайында іске асыруға септігін тигі­зеді. Еліміз үшін осы механизмге қатысу арқылы инвестиция тарту, сыртқы эко­номикалық байланыстарды әртараптандыру және аймақтық, саяси, экономикалық өзара байланыс орталығы ретіндегі рөлін нығайтуға тың мүмкіндіктер ашады.

Тэгтер:

Қазақстан АҚШ саясат ҚСЗИ