Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров АҚШ-та Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуінің нәтижесіне тоқталды. Айтуынша екі ел арасында құны 17 млрд доллардан асатын келісімдердің жасалуы кеңейтілген стратегиялық серіктесттікке әкеледі.
«Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәліздің бір бөлігіне айналатын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды. Сапар аясында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды», – деп жазды ол.