Темірлан Әбуғали: Орталық Азияның дамуы бәріне тиімді

Бүгін, 14:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: ҚСЗИ

Орталық Азияның дамуы бәріне тиімді. Осылай деп пікір білдірген ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали Пусандағы Трамп пен Си Цзиньпиннің келіссөздері Вашингтон мен Пекин арасындағы прагматикалық диалог мүмкіндігін арттырғанын, осы контексте Орталық Азияның транзиттік әлеуетін, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) кеңейту екі тараптың да мүддесіне сай келетінін атап өтті. Сарапшы Қазақстан мен Әзербайжанның үйлестіруші рөліне тоқталып, АҚШ үшін TRIPP жобасының (Әзербайжанды Нахчыванмен және әрі қарай Түркия, Еуропамен байланыстыратын дәліз) маңызын атады. Ол сондай-ақ Әзербайжанның “C5+1” диалогына қосылуы уақыт мәселесі екенін, ал Ауғанстанды өңірлік күн тәртібіне кезең-кезеңімен тарту терроризмге қарсы іс-қимылды және Солтүстіктен Оңтүстікке баратын дәліздердің қауіпсіздігін күшейтетінін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz kisi.kz-ке сілтеме жасап.

– АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен Орталық Азия елдерінің басшылары Вашингтонда өтетін «C5+1» форматындағы саммитке қатысады. Кездесу мемлекет басшылары деңгейінде өткізілетін екінші жиын болмақ: алғашқы саммит БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы шеңберінде Нью-Йоркте өткен.

Саммитте талқылаудың негізгі тақырыптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және нақты инвестициялық жобалар болады деп күтіледі, оның ішінде критикалық минералдарды өндіру және көлік-логистикалық бағыттарды дамыту бар. Дәл осы экономикалық әлеует пен Орталық Азияның орнықты дамуы Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтатын іргетас бола алады және Вашингтонды қоса алғанда өңірлік әрі өңірден тыс барлық мүдделі тарапқа ортақ пайда әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, геосаяси турбуленттілік пен фрагменттелген жаһандық экономика жағдайында өңір мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлес ретінде қарастыру керек.

Ең алдымен, Орталық Азияны аса ірі державалар арасындағы дипломатиялық көпір ретінде қарастыруға болады. «C5+1» саммитіне бір апта қалғанда президент Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында кездесті. Келіссөздер барысында қос елдің басшылары Вашингтон мен Пекин арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру және геосаяси шиеленіс қаупін төмендету мәселелерін талқылап, ымыраға келуге әзір екенін білдірді.

Бұл оқиға Орталық Азия үшін айрықша мәнге ие, өйткені өңірлік қауіпсіздікті нығайту және көпжақты әріптестікті кеңейту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Қытай Орталық Азиядағы экономикалық қатысуын ұлғайтып келе жатқаны жасырын емес, бұл Трамп әкімшілігін белгілі бір деңгейде алаңдатады, ол өз кезегінде Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға басымдық беріп отыр.

Осы контексте Вашингтон мен Пекин мүдделерінің тоғысатын негізгі нүктелерінің бірі өңірдің транзиттік әлеуетін кеңейту болуы мүмкін. Алайда бұл мақсатқа қол жеткізу үшін орталықазиялық мемлекеттердің шебер дипломатиялық күш-жігері қажет, өйткені әзірге Орталық Азияның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға АҚШ-тың тартылуы экономикалық жобадан гөрі өз геостратегиялық позицияларын нығайту құралы ретінде қарастырылады.

Орталық Азияның транзиттік әлеуетінің басты элементі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, ол Орта дәліз ретінде белгілі. Бұл маршрут тек коммерциялық бастама ғана емес, сондай-ақ әлемдік саясаттың өзге мәселелерінде ықтимал қайшылықты акторларды есептегенде, барлық тараптың мүддесіне жауап беретін тетік.

Осы жағдайда Каспий өңірінің көлік бағыттарын дамытуды үйлестіріп, оларды кеңірек еуразиялық контекстке кіріктіруге ықпал етіп отырған Қазақстан мен Әзербайжан негізгі орта қуатты державалар ретінде ерекшеленеді. АҚШ үшін Орта дәліз шеңберіндегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Әзербайжанды оның эксклавы – Нахчыван Автономиялық Республикасымен Армения аумағы арқылы байланыстыратын, әрі Түркияға, одан әрі Еуропаға шығатын көлік дәлізін құру (TRIPP) болып табылады.

Вашингтондағы саммит қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның өңірлік көлік-логистикалық және энергетикалық держава ретіндегі рөлі маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы, сонымен бірге, Әзербайжанды «Ұлы Орталық Азияның табиғи бір бөлігі ретінде қарастыруға болады» деп, алдағы саммитке Бакудың қатысуы құптарлық екендігін айтты. Әзербайжанның «C5+1» форматы аясындағы диалогқа қосылуы уақыт еншісіндегі мәселе сияқты.

Бұл бағытта Ауғанстан тақырыбының маңызы да бір мысқал кем емес: Вашингтон бұл елдің орнықты дамуына күш-жігерді үйлестіруге және онда орналасқан террористік әрі экстремистік топтарға қарсы іс-қимылды жандандыруға қызығушылық танытып отыр. Айта кету керек, ауған мәселесі Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде де талқыланған. Мәселен, 2018 жылғы қаңтарда Нью-Йоркте өткен «C5+1» сыртқы істер министрлерінің 5-отырысында Вашингтон Орталық Азия елдерін Ауғанстан мен Оңтүстік Азияға қатысты АҚШ стратегиясының қабылданғаны туралы хабардар еткен. Құжатта Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселесіне ерекше мән берілді.

Қазіргі кезеңде АҚШ Орталық Азия елдерімен Ауғанстан бойынша өзара іс-қимылды Кабулды өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық күн тәртібіне біртіндеп тарту мақсатында ілгерілетуі әбден мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл Вашингтонға Ауғанстаннан төнетін қауіп-қатерлерге америкалық әскери қызметкерлердің тікелей қатысуынсыз жауап беруге мүмкіндік берер еді. Бейбіт, тұрақты әрі дамып келе жатқан Ауғанстан АҚШ-қа да, Орталық Азия мемлекеттеріне де бірдей маңызды. Бұл – Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен жалғайтын Солтүстіктен Оңтүстікке созылатын көлік дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор.

 

Тэгтер:

Қазақстан АҚШ сыртқы саясат