Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы жиналысына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай және жергілікті мәслихаттардың төрағалары, фракция мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, қала, аудандардың әкімдері, партия филиалдарының атқарушы хатшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» өңірлік сайлауалды бағдарламасының ағымдағы жылдың 9 айындағы орындалысы туралы облыс әкімдігінің есебі тыңдалды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықтың табысын арттыру, өмір сүру жағдайын жақсарту, азаматтар мен жастардың әлеуметтік санатын қолдау, экологиялық жағдайды оңалту бағыттары бойынша толық ақпарат берді. Сонымен қатар Мемлекет Басшысының соңғы Жолдауында қойылған стратегиялық міндеттер мен сайлауалды бағдарламадағы жобаларды ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізу міндетін атап өтті.
- 2025 жылы өңір үшін аса маңызды су тұщыту зауыттары, білім, денсаулық және спорт нысандары іске қосылды. Бұл жобалар өңір халқының әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етті, - деді облыс әкімі.
Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша облыста құрылған 12 242 жұмыс орнының 4 196-сы тұрақты. Сонымен қатар екі жылда облыста жалпы көлемі 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары арасында 303 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік қолдау бойынша 150 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді. Өткен жылдары 2 түзету кабинеті ашылды, 7 700-ден астам ерекше қажеттіліктері бар бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды. Әлеуметтік әлсіз топтарға 500-ден астам грант берілді.
Облыс әкімі іске қосылған жобалармен қатар 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысына мониторинг жүргізілгендігін, нәтижесінде қайта қарауды талап ететін 22 тармақ анықталғанын атты. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай осыған байланысты Сайлауалды бағдарламадағы бірқатар мәселелерді талдап, басқарма басшыларына жоспарлау кезінде бюджеттің мүмкіндігін ескеру қажеттігін атап өтті.
Депутаттық фракция жетекшісі, партияның аймақтық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев сайлауалды бағдарламадағы жобаларға жауапты депутаттардың басқарма басшыларымен байланыста жұмыс жасауы өте маңызды екенін ескертті.
Жиналыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Каспий «ӘКК» АҚ инвестициялық және «Ауыл аманаты» жобасы туралы басқарма төрағасы Қалжан Арғынбайдың ақпараты тыңдалды.
- «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023 жылы жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 165 жоба қаржыландырылды, - деді басқарма төрағасы.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай басқарма төрағасы ұсынған туризмді, балық және мал шаруашылығын дамыту, көлік-логистикалық кешенін, шипажай салу жобаларын талдап, жергілікті өнім түрлерін шетелдерге шығару өңір үшін маңызды бағыт екенін жеткізді. Жобалар депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Фракция мүшелері «Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» туралы партияның облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Пәния Сармурзинаның есебін тыңдады.
Күн тәртібіндегі мәселенің мақсаты – қоғамдағы әйелдердің рөлі мен үлесін талқылау. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасына орай еліміздегі әйел көшбасшылығы бойынша өңірдегі бірнеше кәсіпорынға зерделеу жұмыстары жүргізілді.
«Әйелдер қанатының» жетекшісі зерделеу нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізді.
Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету мақсатында «Әйелдер қанатының» бастамасымен облыстық филиал мен екі аудандық деңгейде психологиялық көмек кабинеттері ашылды.
Есептік кезең ішінде «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен 50-ге жуық іс-шара өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсететін семинарлар, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында инклюзивті білім беру және арнаулы түзету орталықтарына мониторингтер ұйымдастырылды.
Оның ішінде «Ana serpini» әлеуметтік жобасын ерекше атап өткен орынды. Жоба аясында әйелдердің кәсіпкерлік бастамалары қолдау тауып, қазіргі таңда 8 қатысушы жеке кәсіптерін ашты.
Сонымен қатар «Әйелдер қанатының» бастамасымен Сам, Тұрыш және Сенек ауылдарына 12 дәрігер барып, 300-ге жуық ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық және консультативтік көмек көрсетті. Сонымен қатар тұрғындарды қабылдап, барлығына ортақ қоғамдық көлік мәселесінің шешімін табуына ықпал етті. Нәтижесінде Сам - Ноғайты – Тұрыш – Бейнеу маршруты ашылды.
Қазан айында «Әйелдер қанаты» өңірдегі ерекше балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалін ұйымдастырды. Іс-шараға 41 команда 123 бала қатысты. Іріктеу кезеңінде өңір намысын қорғау үшін 14 команда 39 бала республикалық кезеңге жолдама алды.
Фракция жиналысында әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту мәселелерін талқылау үшін алдын ала талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінде әйелдердің жалпы саны жоғары болғанымен, басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі төмен екендігі анықталды.
- Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің жалпы үлесі шамамен 40–50 пайызды құрайды, алайда жетекші және жоғары басқару лауазымдардағы әйелдердің үлесі 30–35 пайыз шамасында ғана. Бұл жағдай өңірлік деңгейде де байқалады. Әйелдердің көпшілігі орта буын қызметтерінде шоғырланғанымен, шешім қабылдау деңгейіндегі басшылық құрамда олардың қатысу үлесі аз. Аталған деректер әйелдердің жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерісіне тең қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша қолдау шараларын күшейтуді қажет етеді, - деген Пәния Сармурзина ұсыныстарын жеткізді.
Депутаттар өңірлік «Әйелдер қанаты» жетекшісінің төмендегі ұсыныстарын талқылап, оң пікірлерін білдірді:
1. Облыстық кадрлық резервте және мемлекеттік қызмет жүйесіндегі гендерлік тепе-теңдікті сақтау;
2. Үкіметтік емес ұйымдарға берілетін гранттар конкурсына отбасы институтын нығайтуға бағытталған тақырыптарды енгізу;
3. Жастар саясаты, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ мәдениет салаларында отбасы институтын қалыптастыруға бағытталған мәдени іс-шараларды көбейту;
5. Ірі кәсіпорындарда әйелдердің ықпалын нығайтуға бағытталған іс-шаралар қатарын көбейту;
6. Білім беру, ішкі саясат, жастар саясаты, мәдениет және денсаулық сақтау басқармаларының өзара іс-қимылын күшейтіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын тұрақты түрде өткізу;
7. Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында облыс аумағындағы отбасыны қолдау орталықтарының жұмысын күшейтіп, бақылауға алу;
Бұл ұсыныстар үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын күшейту қажеттігін көрсетті. Ресми деректер бойынша Маңғыстау облысында 120 үкіметтік емес ұйым бар, бірақ бүгінгі таңда 70 ұйым ғана белсенді қызмет атқарып келеді.