IQ: бізді ақымақтар қоғамы күтіп тұр

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly

Адамзат тарихында ақыл мен ақы­мақ ұғымдары – философиялық, этикалық және әлеуметтік тұрғыдан терең зерттелген. Ежелгі ойшыл­дар­дан бастап қазіргі заман ғалым­дары­на дейін бұл мәселеге тоқтал­май кеткені кемде-кем. Десе де, ға­лым­дар кейінгі жылдары адам­дар­дың IQ деңгейі өсуін тоқтатып қана қой­май, төмендей бастағанын ай­тып дабыл қағуда. Бұл – адамзаттың зият­керлік дамуына қатысты алаң­дататын үрдіс. 2006 жылы жарық көр­ген «Идиократия» атты фантас­ти­калық фильмде болашақта ақыл­ды адамдардың азайып, ақымақ­тар­дың саны артып, қоғамның құл­ды­рауға бет алғаны бейнеленген. Бұл сюжет ол кезде қиял сияқты көрін­се, қазір зерттеушілер дәл сондай сце­нарийдің жүзеге асу мүмкіндігін жоқ­қа шығармай отыр.  

Иә, бұдан 15-20 жыл бұрынғы зерт­теулер де бұл тенденцияға ишара берген. Зерт­теушілердің пайымдауынша, адам­дардың рухани және интеллектуалдық қызығу­шы­лықтары тұрмыстық қажет­ті­ліктермен – те­ледидар мен тоңазыт­қыш деңгейінде шек­теліп қалған. Бү­гін­де жағдай одан әрі күрде­лен­ген: смар­т­фон мен әлеуметтік желі өмір­дің негізгі «ма­ғынасына» айналып бара­ды. 

Флинн эффекті һәм «Кері Флинн эффектісі»

XX ғасырда ғалымдарды таңғалдырған ерек­ше құбылыс байқалды: адамның зият­керлік (интеллектуалдық) қабілеті жыл өт­кен сайын артып келе жатты. Бұл құбылыс «Флинн эффектісі» деп аталды. Атауы – Жаңа Зе­ландиялық философ әрі саясат-танушы Джеймс Флиннің есімімен байла-нысты. Ол IQ (интеллект коэффициенті) көрсет­кіш­тері­нің ұзақмерзімді өсу үрдісін алғаш бай­қаған және ғылыми түрде дәлелдеген зерт­теуші еді. 1984 жылы ол бір ғасыр ішінде АҚШ азаматтарының IQ көрсеткіші 15 балға өс­кенін анықтады. Басқа елдерде де ұқсас өсім байқалды. Бұл әр жаңа ұрпақ алдың­ғысынан ақылдырақ деген сенімнің дәлелі болды.  
Флинн эффектісі – көптеген елде, әсіресе ХХ ғасырда, әр жаңа ұрпақтың алдыңғы ұр­паққа қарағанда IQ көрсеткіші орта есеп­пен 10-20 балға артып отырғанын білдіретін құ­былыс. Бұл тенденция ақпараттық, әлеу­мет­тік және білім беру жағдайының жақ­саруы нәтижесінде орын алған деген тұ­жы­рым бар. IQ-дің арту себептеріне білім беру жүйесінің дамуы, қала өмірінің күрделенуі (жаңа дағдыларды қажет етуі), ақпарат құ­рал­дарының көбеюі, тамақтану мен меди­цина сапасының артуы жатты.
Зерттеушілер IQ-дің өсуі негізінен абстрактілі ойлау мен логикалық ше­шім қабылдау дағдыларының артуына бай­ланысты деп есептейді. Бұрынғы ұрпақ­тар нақты тәжірибеге сүйенсе, жаңа буындар логикалық, теориялық мәселелерді шешуге бейімделе бастады.
XXI ғасырда бұл оң үрдіс тоқтап, IQ дең­гейі керісінше төмендей бастағаны бай­қал­ды. Бұл құбылыс «Кері Флинн эффектісі» деп аталды. Мамандар IQ төмендеуінің ықтимал се­беп­теріне экран алдындағы уақыттың кө­беюі (смартфон, теледидар), кітап оқуға деген қы­­­зығушылықтың азаюы, танымдық бел­сенділіктің төмендеуі, тез әрі үстірт ақпарат тұтыну, білімі төмен отбасылардың бала са­­­нының артуын жатқызды.
Джеймс Флинн өмірінің соңында: «Қа­зіргі жастарда когнитивтік (ақыл-ой) дағ­дылар жақсы дамығанымен, тарихи, мо­раль­дық, философиялық ойлауға қызығушылық азай­ған. Бұл адамзаттың рухани жұтаң­дануы­на әкелуі мүмкін» деп ой түйеді. 

«Экран ақымақтары фабрикасы»

Иә, бүгінгі адамның ақпаратты тұтыну қа­­­білеті артқанымен, оны талдау, терең тү­сіну және ұзақ ой жүгірту қабілеті әлсіреп бара­ды. Егер біз кітап оқуға, терең білім мен сы­ни ойлауға қайта бет бұрмасақ, болашақта ақыл­ды құрылғылардың ішінде өмір сүре-тін, бірақ олардың жұмысын түсінбейтін «ақыл­ды машиналарға бағынышты ақы­мақтар қоғамына» айналуымыз мүмкін. Фран­цуз нейропсихологы Мишель Демурье өзінің «Экран ақымақтары фабрикасы» атты еңбегінде адамзаттың интеллектуалдық дағдарысқа бет алғанын дәлелдермен баяндайды. Оның айтуынша, 1999-2009 жылдар аралығында мектеп және универ­ситет жасындағы жастардың орташа IQ көрсеткіші 3,8 балға төмендеген. Бұл – жай ғана сандар емес, тұтас өркениет бола­ша­ғына қауіп төндіретін дерек. Егер бұл құл­ды­рау жалғаса берсе, 100 жылдан кейін ор­таша IQ дең­гейі 62-ге дейін түсуі мүмкін. Ал 70-тен төмен IQ – ақыл-ой кемістігі бар де­ген медициналық шекара. Демурьенің ай­туынша, мұндай көрсеткішке ие қоғам тех­нология өркениетін сақтап қала алмайды. Се­бебі ол кезде қарапайым техниканы қол­да­ну, басқару, жөндеу қабілеттері жоғала бас­тайды. Бұл жағдайды жасанды интеллект те толықтай құтқара алмайды: өйткені оны да ақылды адамдар жасап, басқаруға тиіс.
Америкалық зерттеуші Уильям Паундс­тоун «Head In The Cloud» атты еңбе­гін­де: «На­­­дандық біздің күнделікті шешім­дері­мізге әсер етеді. Қазіргі өркениет нақты білімді тек­серу құралдарын жоғалтты», – дейді. Адам­­дар шамадан тыс көп ақпарат астында қа­лып, оны қабылдай алмайды. Сол себепті бәрін жеңілдетілген түрде – теледидардан немесе телефоннан көреді, бірақ шын мәнін түсінбейді. Бұл –басқаруға ең қолайлы қоғам. Флинн айтқандай: «Әдебиет оқу мен тарихты зерттеу – ХХ ғасырдың интел-лектуалдық мұра­­сын сақтап, оны мағыналы етуге көмек­тесетін жалғыз жол». 

ЖИ миға әсер ете ме?

«ЖИ құралдары балаларымыздың ойлау қа­білетін тежемей ме?».  Жуырда Сенат де­­­путаты Нұртөре Жүсіп Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мә­диевке осындай сұрақ қойды. Ал елор­дадағы «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифр­лық болашақ» халықаралық форумында се­­на­тор Нұртөре Жүсіп жасанды интеллект ая­­сындағы өзгерістерге халықты алдын ала дайындау керек екенін айтты. 
Бұған IT-маманы Тимур Бектұр өзінің әлеу­­меттік желідегі парақшасында былай деп жауап берді: «Әрине, министр шенеунік бол­ған соң ресми түрде жауап береді ғой. Бей­рес­ми адам ретінде және ЖИ зерттеп жүр­ген маман ретінде менің жауабым мынау –  Иә! Иә, ЖИ оқушылар мен студенттерді топас қы­лады. Егер, дұрыс қолдануды білмесе. Әлем­­дік деңгейде сөз сөйлеп жүрген маман­дардың айтуынша, ЖИ катализатор рөлін атқарады. Бұл не деген сөз? Бұл – ЖИ топас, оқымайтын, жалқау, еріншек адамдарды одан сайын топас, жалқау, еріншек, сауатсыз қы­лады. Ал оқитын, ізденетін, қызығу­шы­лығы көп, білсем екен, көрсем екен, түсін­сем екен деген оқушы мен студентті одан әрі үздік, озат, сұңғыла етеді. Асылында, ЖИ құрал­дары анау Маңғыстаудың Ақшымырау-Қы­­занында, сонау Алматының Кегені мен Нарынқолындағы адамдарға азуын айға білеген АҚШ-тың алпауыт университеттерін­дегі әлемдік білімді беру үшін қажет. Тіл үй­­рену, зерттеу, ғылымға әуестену, ақпарат алу, сан алуан ақпарат көзімен жұмыс істеу үшін қажет. Ол сондықтан да енгізіліп жа­тыр. Енді балалар мен студенттер тапсырма орын­даған кезде миларын қозғағысы кел­месе, оны дұрыс қолдануды мұғалімдер тәп­­­­тіштеп айт­паса, топас бала топастана береді. 
«Тредс» деген әлеуметтік желі бар. Сол жер­де мұғалімдердің барлығы «ТЖБ/БЖБ кезінде оқушылар смартфоннан қарап жазады, ештеңе істей алмаймыз» деп пұ­шай­ман боп отыр.  Біздің білім беру жүйесінде оқы­­майтын баланы баға арқылы жазалау әдісі жоғалып кеткенге ұқсайды. Мәселе ЖИ-де емес, мәселе оқымайтын адам мен оқи­тын адамды бағалау, тиісінше шара қол­дануда боп тұр. Ал оқымайтын топастарға бо­ла оқи­­тын балалардың бағын байлап, ЖИ үй­ре­туді, қолдануды шектеуге болмайды. 
Бұл – қиянат», – дейді маман.
Иә, жасанды интеллект – бүгінгі күн­нің басты құралының бірі. Бірақ осы заманауи технология біздің интел­лек­тіміз бен ойлау қабілетімізге кері әсер етуі мүмкін екенін ғылыми зерттеулер ай­тар­лықтай дәлелдеді. ЖИ-ді қолдану адам­нан ойлау, есте сақтау, шешім қабылдау сын­ды ког­нитивтік процестерін әлсіретеді. Бұл құ­былыс cognitive offloading (ақыл-ойды тех­нологияға «тапсыру») деп аталады.  Зерт­теу деректеріне сәйкес, ЖИ құралдарын жиі қолданатындар мен пайдаланбайтындарды салыстырғанда басты ойлау дағдыларының төмендеуі анықталған. Мысалы, Германия, АҚШ, Пәкістан, Қытай зерттеуінде ЖИ-ге тәуел­ділік шешім қабылдау қабілетінің тө­мендеуіне 27,7% себеп болған. 2025 жылдың MIT зерттеуі ЖИ-мен жұмыс істейтіндердің ми белсенділігін өлшеген кезде қызықты де­рек­тер анықтаған. ЖИ-дің көмегімен эссе жазғандар 60% жылдамырақ болға­ны­мен, олардың ми нейрондары арасындағы бай­ланыс (brain connectivity) 32% төмендеген екен. Бұл ойлау тереңдігінің қысқарғанын, ақ­паратты есте сақтаудың әлсірегенін біл­діреді.

Не істеу керек?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын IQ не­ге төмендеп жатыр деген сауалдың ба­сын ашып алайық. Ғалымдар IQ деңгейінің тө­мендеуін екі негізгі себеппен байланыс­тыра­ды. Бірінші,  интеллектуалдық теріс сұрып­талу – яғни, білімді, ойлы адамдардың ба­ла саны аз, ал интеллектуалдық деңгейі тө­мен топтарда керісінше. Екінші, ақпарат­тық революция – технологияның дамуы адамды ақпаратқа тәуелді етіп, ойланбай тұ­тынуға дағдыландырады. Поляк ғалымы То­карский «ақымақтық» пен «ақыл­сыз­дық­ты» ажыратқан. Оның айтуынша, ақыл­сыз­дық – кездейсоқ, иррационал әрекет, ал ақы­мақтық – жүйелі, белсенді, бірақ мән­сіз­дік­ке толы әрекет. Бүгінгі қоғамда белсенді ақы­мақтық белең алуда.  Ғалымдар бұл үр­дісті тоқтату үшін білім беру жүйесін қайта қарау, сыни ойлауды дамыту, ақпаратты тұ­тыну емес, талдау мәдениетін қалыптас­тыру қажет екенін айтады. Әйтпесе, адам­заттың зияткерлік құлдырауы – тек ғылыми термин емес, болашақ шындығына айналуы мүмкін.

Түйін: 

Жуырда екі түрлі ақпараттық өнім қатар шықты. Оның бірі – танымдық бағыттағы зерттеу болса, екіншісі – шоу-бизнес өкілдерінің сұхбаты. Нәтижесінде, танымдық бағыттағы өнімнің қаралымы шоу-бизнес өкілінің сұхбатынан әлдеқайда төмен болды. Бұл мәселе әлеуметтік желіде де талқыланды. Осыған қарап қазір жеңіл дүниелердің оқылымы мен қаралымы артып бара жатқанын, ал танымдық бағыттағы дүниелердің оқырмандары мен көрермендері бір шоғыр ғана екенін байқауға болады. Ғалымдар ғасырлар бойы адамның ақыл деңгейін зерттеп қана қоймай, адамның өз қабілетін қалай бағалайтынын, қандай жағдайда ақылды, ал қай кезде ақымақ шешім қабылдайтынын түрлі тәжірибелер арқылы анықтауға тырысты. Философ Жан Бодрийяр айтқандай, адамзат бүгінде «симулякрлар» – түпнұсқасы жоқ жалған бейнелер әлемінде өмір сүріп жатыр. Бұл – шынайы өмірдің орнына жалған идеалдар мен виртуалды иллюзияларды таңдау. Адамдар TikTok-тағы трендтерді, әлеуметтік желідегі көріністерді өмірдің мағынасы деп қабылдап, солардың соңынан еріп жүр. Бұл өз кезігінде ақыл деңгейінің төмендеуіне, сыни ойлау жүйесінің дамымауына өз әсерін тигізеді. Демек, ақылды қоғам боламыз десек, ақымақтыққа жол бастар себеп пен салдарлардан аулақ болғанымыз жөн.

Наурызбек САРША

Тэгтер:

қоғам IQ ақымақ