Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік үнімен, терең философиялық астарымен ерекшеленетін суретшілердің бірі – Ерзат Болатхан. Оның шығармашылық жолы бала кезден, бес жасынан бастау алады. Табиғи бейімділік пен ішкі тылсым шабыттың жетегінде ол алғашқы суреттерін күйемен қабырғаға, жерге салудан бастаған. Қой, мысық, сиыр сынды қарапайым жануарлар бейнесін салып, балшықтан түрлі мүсіндер жасау арқылы ол бала көңілдің шынайы көркем әлемін қалыптастырды.
Бұл – кейінгі кәсіби жолының бастау бұлағы болатын.
Бүгінде Ерзат Болатханның көрермендері – көбіне зиялы қауым, өнер саласындағы мамандар, студенттер мен ұлттық болмысқа, тарихи мазмұнға қызығатын жұртшылық. Оның шығармалары – тек көркем туынды ғана емес, рухани-танымдық кеңістіктегі сұхбат алаңы іспетті.
Суретшінің басты бағыты – классикалық реализм мен импрессионизм, кейде экспрессивті тәсілдерге де жүгінеді. Тақырып жағынан ұлттық болмыс, тұрмыс-салт, дәстүр сабақтастығы айқын байқалады. Әрбір туындысы – қазақтың рухани келбетінің, тарихи жады мен бүгінгі тіршілігінің көркем көрінісі.
Ол Қазақстандағы жетекші өнер ордаларының бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Ұстазы – белгілі суретші Жұмақын Қайранбай. Ерзат Болатханның айтуынша, «Суретші болу – өмірді зерттеумен» пара-пар. Бұл көзқарас оның шығармашылық ұстанымының негізі болып отыр. Автор үшін сурет – тек табыс көзі емес, ең алдымен дүниетаным мен таным көкжиегін кеңейтудің, рухани ізденістің көрінісі.
Суретшінің айтуынша, жақсы суретші болуға ұмтылыс – білімге деген құштарлықты талап етеді. Әрбір жаңа тақырыпқа кіріспес бұрын, ол тарихи және мәдени контексті терең зерттеуге ден қояды, ал бұл – оның шығармашылық процесіндегі басты қағида.
Ерзат Болатханның шығармашылық әдісі де ерекше. Кейде алдымен идея туады, енді бірде – композиция ойға келеді. Бұл – оның шабыт көзі. Ол туындыларында заман тынысын, қала өмірінің көріністерін, қазіргі қоғамдағы түрлі құбылыстарды бейнелейді. Көзбен көрген, көңілмен түйген оқиғалар мен адамдар бейнесі шығармаларында ерекше шынайылықпен көрініс табады.
Техникалық тұрғыда суретші пастозды жазу техникасын, яғни бояуды батыл әрі қалың жағу тәсілін қолданады. Жұмсақ әрі жылы түстер арқылы – тыныштық пен ізгілік идеясын жеткізсе, ашық әрі контраст бояулар арқылы эмоция мен драматизмді бейнелейді. Диагональ элементтер, жарық пен көлеңке қарама-қарсылығы арқылы кеңістік тереңдігін шебер ашады. Қылқалам ізінің өзінде де белгілі бір эмоциялық діріл, көңіл күйдің көркем коды сақталған.
Суретшінің басты мақсаты – адамзаттың шынайы құндылығы руханият екенін жеткізу. Ол үшін өнер – халық даналығын, адам жанының нәзік иірімдерін бейнелеудің қуатты құралы. Автордың айтуынша, шығармашылығындағы басты ерекшелік – композициялық шешімдердің үйлесімдігі, түстерді қолданудағы даралық, техникалық шеберлікке деген жоғары талап пен идея тереңдігі.
Суретші Ерзат Болатханның туындылары – қазақ бейнелеу өнерінің қазіргі даму контексінде өзіндік көркем тілімен ерекшеленетін, терең философиялық-рухани астарға ие пейзаждық композиция. Оның шығармашылығы адамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық дүниетанымның өзара тоғысуынан туындайды. Бұл көзқарас оның еңбектерінде нақты көрініс тапқан.
«Алтайдағы ауыл» картинасын алайық. Кескіндемеде алыстан көз тартқан тау сілемдері мен жап-жасыл жазықтар кең тынысты кеңістікті бейнелейді. Бұл – қазақтың төл табиғаты, ұлттың жаны мен болмысын айғақтайтын географиялық-көркем код. Жұмыс композициясы жоспарлы түрде бірнеше жазықтыққа бөлінген: алдыңғы қатарда адам тіршілігінің белгісі болатын құрылыс нышандары, ортада ауылдық ландшафт элементтері, ал арғы көкжиекте – биік таулар мен аспан тоғысқан кеңістік орналасқан.
Түстердің шешімі импрессионизм дәстүріне тән – ашық, таза бояулар кенеп бетіне батыл жағылған. Автор жарық пен көлеңкені дәстүрлі академиялық реализм аясында емес, өз ішкі түйсігі мен сезім әсеріне сүйеніп жеткізеді. Жасыл, көгілдір, күлгін және жылы сары реңктер бір-бірімен нәзік тоғысып, табиғаттың тірі тынысын сездіреді.
Туындыдағы табиғат көрінісі – жай ғана ландшафтық бейне емес. Бұл – суретшінің дүниетанымдық пайымының, рухани рефлексиясының көркем көрінісі. Табиғат пен адам арасындағы үндестік, уақыт пен кеңістіктің тұтастығы арқылы автор ұлттық кодты, қазақ жерінің қасиетті келбетін бейнелейді.
Суретші үшін кескіндеме – тек көзбен көргенді көшіріп салу ғана емес, ол – ойдың, сезімнің, дүниеге көзқарастың көркем формасы. Осы еңбекте де сол ұстаным анық байқалады: сурет деректілікке емес, сезінуге, түйсінуге құрылған. Ол көрерменді нақты бір оқиғамен емес, ішкі сапарға, табиғатпен үндес болуға шақырады.
Ерзат Болатханның бұл туындысы – қазіргі қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық рух пен заманауи көркемдік тәсілдердің табысты синтезінің мысалы. Ол – кескіндеме тілімен қазақ болмысын, руханиятын, тарихпен сабақтас тіршілікті терең әрі шебер жеткізген көркем дүние. Автор шығармашылығының басты идеясы – рухани мұра мен өркениеттік үдерістердің көркем тоғысын насихаттау – осы жұмыста көрнекі түрде іске асырылған.
Суретші Ерзат Болатхан – тек қолына қылқалам ұстаған шебер ғана емес, ұлттық рухтың, көркем зерденің, замана мен тарих тоғысында сыр шертетін шынайы суреткер. Оның туындылары осылайша көрерменді терең ойға жетелеп, уақытпен үндесіп, жүрекпен сездіреді.
Бәтиза ӘДИ,
өнертанушы