Қоғамдағы ажырасу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Бір-бірін сүйіп, бір шаңырақ астында өмір бастаған жұптардың біразы неге бір сәтте жат болып кетеді? Кінә кімде – қоғамда ма, тәрбиеде ме, әлде адамның ішкі жараларында ма? Бүгін біз ажырасудың әлеуметтік, психологиялық түп-тамырына үңіліп көрдік.
– Елімізде отбасылардың дәм-тұзы жараспай, ажырасу процесі жиілеп барады. Ажырасудың себебі көп қой. Ең негізгі себебі неде деп айтасыз?
– Ажырасу – жан-жақты зерттеуді қажет ететін, көпқырлы тақырыптардың бірі. Екі жас үйленгеннен кейінгі өмір – тек бірге тұру немесе тұрмыстық міндеттерді бөлісу ғана емес, бір-бірінің ішкі әлемін, сезімдерін, қорқыныштарын түсіну, арман-мақсаттарына жетуде қолдау көрсету, жұбының жеке-дара тұла екенін қабылдау – жақсы қарым-қатынастың негізі. Осы тепе-теңдік сақталмағанда жиі жанжал шығады, түсінбеушілік туындайды. Отбасылық өмір – бұл қауіпсіздік, қамқорлық, сенім және бірге өсу процесі. Яғни, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы тек материалдық не әлеуметтік одақ емес, рухани байланысқа негізделуге тиіс.
Қазақта «отау құру» ұғымы тегін айтылмаған. Өйткені бұл – жаңа мемлекет, жаңа жүйе іспетті. Сондықтан мұнда екі жастың және сол отбасында туған балалардың бір-біріне деген сыйластығы маңызды рөл атқарады. Әрине, бұл жерде ата-аналар да осы жүйенің бір бөлігі. Олардың рөлі – бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісу. Бірақ шешім қабылдау немесе күнделікті өмірде араласу кезінде шектен шықпау қажет. Сүйіспеншілік пен қамқорлықты сақтай отырып, балаларының дербестігіне құрметпен қарау – ең бастысы. Кейбір ата-аналар балаларының жеке өміріне тым көп араласып, олардың өз бетінше өсуіне кедергі келтіріп жатады.
Бір сөзбен айтқанда, отбасын құрамыз деп шешім қабылдаған екі жас ең алдымен өздерінің үйлесімділігін анықтап алуы керек. Олар бір деңгейде ме? Алға қойған мақсаттары мен құндылықтары ұқсас па? Отбасы жайлы көзқарастары сәйкес келе ме? Осы сұрақтардың жауабын табу өте маңызды.
– Бірін-бірі сүйіп қосылған екі жастың уақыт өте келе екі жаққа кетуі махаббаттың «біткенін» көрсете ме?
– Иә, бәрі махаббаттан басталатыны рас. Дегенмен менің байқауымша, екі жастың арасындағы үйлесімділікті анықтайтын үш негізгі байланыс нүктесі бар. Біріншісі – бас деңгейі. Бұл – ойдың, құндылықтардың ұқсастығы. Болашақ жарыңмен ортақ тақырыпта әңгіме айта аласың ба? Қызығушылықтарың ұқсас па? Дүниетанымдарың сәйкес келе ме?
Екіншісі – жүрек деңгейі. Яғни, «Мен бұл адамды шын сүйемін бе, сыйлай аламын ба, оның бар болмысын қабылдай аламын ба?» деген сұрақтарға жауап беру.
Үшіншісі – тән деңгейі. Отбасында жыныстық үйлесімділік те маңызды рөл атқаратындықтан, мұндай ішкі сезімдерді де назардан тыс қалдырмау керек.
Міне, осы үш байланыс нүктесі – бас, жүрек және тән үйлесімділігі біріккенде ғана берік мемлекет орнайды. Өзімнің өмірлік және кәсіби тәжірибеме сүйене отырып айтарым, егер осы байланыстардың біреуі әлсіз болса, онда отбасында тепе-теңдік бұзылады, ал ол ерте ме, кеш пе – ажырасуға алып келуі мүмкін.
– «Ажырасу – кіші өлім» деген сөз бар. Осының мағынасын ашып түсіндіріп беріңізші.
– Иә, оны бір мағынада өліммен тең деуге болады. Өйткені ажырасу кезінде жұп та, олардың балалары да дәл өлім кезіндегідей қабылдау кезеңінен өтеді. Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, ортақ өмір, жоспарлар мен армандар біртіндеп аяқталады, толық үзіледі. Ажырасқан адам бұрынғы рөлін, өмір салтын, бірге өткізген сәттер мен эмоцияларын жоғалтады. Сол сияқты, жақынымыз о дүниелік болғанда да біз өміріміздің белгілі бір кезеңін жоғалтып, қайғыны бастан кешіреміз. Психологтар мұны «қабылдау кезеңдері» деп атайды. Бұл кезеңдер ажырасу мен өлім жағдайында бір-біріне ұқсас өтеді: бірінші – жоққа шығару, екінші – ашулану, үшінші – саудаласу, төртінші – депрессия, ал ең соңында – қабылдау кезеңі келеді.
Қайтыс болған адамнан кейін бірінші туған күн, бірінші жаңа жыл, алғашқы мерекелер ерекше ауыр өтетіні секілді, ажырасқаннан кейін де дәл сондай психологиялық «бірінші реттер» болады. Бұл – жаңа өмірге бейімделудің бір бөлігі. Егер жұп психологиялық тұрғыдан дұрыс жолмен ажыраса алмаса, онда бұл жара ұзаққа созылады. Мұндай жағдайда адам эмоциялық күйзеліске ұшырап, өткенге байланып қалады. Кейін ол қайғы мен күйзеліс түрінде сыртқа шықса, кейде керісінше, агрессия арқылы көрініс табады. Мұның бәрі адамның ішке сыймай жатқан сезімдерін дұрыс өткере алмауынан туындайды. Өкінішке қарай, бізде эмоцияны психологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолмен емес, ашу мен реніш арқылы шығару жиі кездеседі.
– Ажырасудың ар жағында қаншама сәбидің көз жасы тұр...
– Иә, ажырасу тек ересектердің өміріндегі өзгеріс емес, ең алдымен балаларға әсер ететін күрделі психологиялық соққы. Балалар ата-аналарының арасындағы жанжал мен суық қарым-қатынаста өздерін делдал, медиатор сезінеді. Олар ата-анасының көңіл күйін бақылап, өз қажеттіліктерін кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Уақыт өте келе, өз сезімдерін елемей, ішкі әлеміне жасырып қоюы мүмкін. Мұндай сәттер балалардың психикасында терең із қалдырады. Адамдарға сенімі төмендейді, эмоциясы тұрақсыз әрі қарым-қатынаста қиындықтарға тап болады. Тіпті, соңында отбасылы болудан қорқатын деңгейге жетеді. Психологтар мұны құндылықтар жүйесінің шайқалуы деп түсіндіреді. Ажырасу кезінде бала үшін ең маңызды ұғым – қауіпсіздік пен тұрақтылық бұзылады. Ол эмоцияларын шатастырып, ішкі күйзеліс пен жауапкершілікті өз мойнына алуға тырысады. Мұндай сәтте балаға ата-ананың түсіністігі, шынайы қолдауы және ашық диалогы өте қажет.
Бала өз сезімін сөзбен білдіре алуы керек. Егер ата-аналар ажырасу туралы ашық әрі адал сөйлеспесе, бала ішіндегі ауыр сезімін сыртқа шығара алмай қиналады. Бұл сезімдер үй ішінде қабылданбаса, бала оларды басқа ортада шығара бастайды. Ал баланың «сыртқы кеңістігі» – мектеп. Сондықтан мұндай жағдайда буллинг (қорқыту, мазақтау, агрессия) құбылысы жиі пайда болады. Ішінде жиналған ашу мен ренішті сыртқа шығара алмаған ол буллинг құрбанына, кейде инициаторына айналады. Үйінде эмоциясын білдіре алмаған бала сыртта әлсіздеу балаларға агрессия көрсету арқылы ішкі ауыртпалығын шығарады. Бұл – біртұтас жүйе. Біз көбіне ажырасуды отбасының ішкі мәселесі деп қараймыз. Бірақ шындығында, бұл бүкіл жүйеге әсер ететін құбылыс. Ата-ананың шешімі, баланың күйзелісі, мектептегі мінез-құлық, қоғамдағы қарым-қатынас бәрі өзара байланысты.
Егер ол күн сайын жанжал, қорқыныш, зорлық, түсініспеушілікті көріп өссе, ол сол көріністі өз өміріне «алып келеді». «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халқымыз. Бұл – жай сөз емес, терең психологиялық ақиқат. Бала өзінің кішкентай «мемлекетінде» көрген мінез-құлық моделін бейсаналы түрде өз болашағына көшіріп әкеледі. Сондықтан ерлі-зайыптылардың некеге тұрар алдында өзін-өзі танып, ішкі жараларын емдеуі – өте маңызды қадам.
– Ажырасқаннан кейін мүлікке, балаға талас, алименттен жалтару сынды міндеттерден қашу нені білдіреді?
– Ажырасу – өмірдің соңы емес. Одан кейін де ата-ананың жауапкершілігі жалғаса береді. Өйткені бала үшін ата-анасының махаббаты мен қолдауы – ең басты қауіпсіздік пен сенімнің бастауы. Ендігі жерде балалармен ашық сөйлесу керек. «Біздің арамыздағы қарым-қатынас өзгерді, біз бір-бірімізді түсінуден қалдық. Сондықтан екеуміз екі жаққа кету туралы шешім қабылдадық. Бірақ біз бұрынғыдай ата-ана болып қала береміз. Сендердің өмірлерің, арман-мақсаттарың біз үшін бәрінен қымбат» деу керек.
Міне, осындай ашық әңгіме мен шыншылдық баланың жүрегінде сенімділік пен тыныштық қалыптастырады. Өйткені бала бәрін сезеді. Егер ол ата-анасынан шындықты естісе, өз өмірінде де шынайы, адал болуға үйренеді. Сондықтан ата-ананың ажырасудан кейін де бір-біріне деген сыйластықты сақтауы – болашақтың мәдениеті мен рухани саулығына қосқан үлес.
– Біздің қоғам ажырасу процесін ауыр қабылдайды, оларды айыптайды. Бұл дұрыс па?
– Ажырасу – кейде ауыр, кейде пайдалы шешім. Қоғам ажырасуды көбіне күйзеліс, сәтсіздік немесе жеңіліс деп қабылдайды. Бірақ психологтар бұл құбылыстың екінші жағы бар екенін, кейде ажырасу пайдалы, өмірге жаңа тыныс беретін шешім болуы мүмкін екенін айтады. Кейде қатынасты жалғастыру ажырасудан да зиянды. Мұндай жағдайда ажырасу дұрыс әрі батыл шешім, бұл – жаңа өмірдің бастауы.
Егер ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы түсініспеушілік, реніш, эмоциялық қысым мен кінә артудан тұрса, мұндай байланыс екі тарапқа да зиян келтіреді. Осындай жағдайда ажырасу жан жарасын жазуға, ішкі тыныштықты қалпына келтіруге және өзін қайта тануға мүмкіндік береді. Бұл тек физикалық бөліну емес, сонымен қатар эмоциялық еркіндік, өз өміріне жаңа көзқараспен қарау, дамуға қадам басу. Ажырасу арқылы адам өз қажеттіліктері мен құндылықтарын, армандары мен мақсаттарын қайта саралап, болашақта бұрынғы қателіктерді қайталамауға мүмкіндік алады. Бұған қоса, ажырасқан ата-аналар өз балаларына да маңызды өмірлік сабақ пен үлгі көрсете алады. Олар арқылы бала сезімдерін бағалауды, сыйластықпен шешім қабылдауды, ішкі хәлін, денсаулығын сақтаудың маңызын түсінеді. Демек, ажырасуды әрдайым жеңіліс деп емес, кейде жеке адамның рухани өсу мүмкіндігі деп қабылдауға болады.
– Қазіргі уақытта ажырасудың соңы әлеуметтік желіде бір-бірін айыптаумен, айғай-шумен жалғасып жатады. Мұның себебі неде?
– Өкінішке қарай, ажырасу жиі жанжалмен, өзара айыптаумен, бала арқылы бірін-бірі жазалаумен өтеді. Бұл – ең қауіпті жол. Адамның психикасы өзін қорғау үшін түрлі қорғаныс механизмдерін қолданады. Сырт қараған адамға бұл кек алу сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде, бұл адамның ішкі жан дүниесіндегі ауыр сезімдердің сыртқа шығуы. Ажырасқан адам тек жарынан емес, бірге өткізген жылдарынан, ортақ естеліктерінен, «бақытты отбасы» деген түсінігінен де айырылады. Сол себепті оның бойында реніш, өкпе, қорқыныш, кейде кінә сезімі жиналып қалады. Егер адам бұл сезімдерді дер кезінде айтып, түсініп, қабылдай алмаса, бейсана түкпірге «тығып» тастайды. Ал бейсанада жатқан сезімдер ешқайда жоғалмайды, олар сыртқа шығудың сәтін күтеді. Осылайша, уақыт өте келе кей адамдар бұрынғы жұбайы туралы жаман айту арқылы өзін жеңілдеткісі келеді. Яғни, «Мен кінәлі емеспін, ол кінәлі» деген ой арқылы адам ішкі ауыртпалығын азайтып, өзін ақтағысы келеді. Басқаша айтқанда, бұл – жаны ауырғанының белгісі.
– Әлеуметтік желіде ерлер мен әйелдер арасындағы бірін-бірі қаралаған ақпараттық соғыстың күшеюі қаншалықты қауіпті?
– Бұл да осы жараның жалғасы. Мысалы, феминизм бастапқыда әділдік пен теңдік идеясынан туындаған еді. Бірақ кейінгі жылдары оның кейбір бағыттары шектен шығып, ер адамдарға деген өшпенділікке ұласып бара жатқанын байқаймыз. Психоанализ тұрғысынан алғанда, бұл – адамның өз ішіндегі ерлік пен бастаманың тепе-теңдігін таба алмауынан туындайтын ішкі дағдарыс. Адам өз «менін», өз жарасын түсініп, емдемейінше, қарсы жынысты толық қабылдай алмайды. Егер әйел өзін бар болмысымен қабылдаса, ол ер адаммен күреспейді, керісінше, тең қарым-қатынас орнатады. Ал ер адам өз рөлін түсініп, ішкі үйлесім тапқанда ғана сыртқы әлеммен де, әйелмен де татулықта бола алады.
– Халқымыз бұрын бүкіл ауыл болып, әулет болып шалыс басқан, қателескен жанды тезге салатын. Қазір бұл рөлді психологтар қаншалықты алмастыра алып отыр?
– Психоанализ және психотерапия бағытында жұмыс істейтін мамандар үйленгенге дейін де, ажырасуға бел буған жағдайда да психологқа жүгінуге кеңес береді. Бірақ психолог – тек қиын сәтте ғана жүгінетін маман емес, ол адамның өзін тануына, өткен мен бүгіннің арасындағы шекараны анықтауға көмектесетін бағыт беруші. Бұл жерде ердің де, әйелдің де ішкі хәлі маңызды. Ал егер ажырасу орын алған болса, онда бұл жерде балаларға да психологиялық қолдау қажет. Өйткені әр бала ата-анасы арасындағы салқындықты өзінше сезінеді. Оған түсіндіріп, эмоцияларын түсінуге көмектесу – болашақтағы психологиялық жараның алдын алу. Сондықтан психологқа бару – әлсіздік емес, рухани жауапкершілік пен сауаттылықтың белгісі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ