Тынымбай әлемінің тереңдігі

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly

Уәдесіне берік, сертінен тайғанап кетпейтін қаламгерлердің қай-қайсысы да өмір шындығын суреткерлік шеберлікпен баяндағанда, ар-ұятының семсеріне жүрегі жараланып, ақиқатты айту жолын іздеп, оны көркемдік тәсілдермен берудің сан-алуан амалын таба білгені бесенеден белгілі. Тіршіліктегі кез келген құбылысты қырағы бақылап, әділетсіздіктермен жаны үнемі  арпалысқа түсіп қалатын талантты тұлғалардың мазасыз ойлары әлемнің келешегіне алаңдаумен өтетіндіктен,  өнердің ұлы мұраты анықталғаннан бері суреткер иллахи шындықтарды халыққа жеткізудегі міндетін әділ атқарып, адамдық ақыл-ойдың адалбақанына айналды.

Адам тағдырынан кіндігі үзілмеген, қоғам қасіретінен қабырғасы сөгілмеген ұстара сауалдарға жауап іздеген көркем сөз шеберінің талантты туындысы шындықтың шарайнасы ғана емес, ұлттық рухтың қан­шалықты биіктеп кеткенінің көрінісі де болса керек.  
Шын мағынасындағы ірі сурет­кердің өткір жанары өнердің  фор­ма, стиль, композиция т.с.с. сыртқы эсте­тикалық сұлулығына ғана қадалып қал­май, әлемнің құпиясын, рухтың жұм­бақ­тығын түп-тамырына дейін қазы­мыр­ла­нып зерттеп, тастай қараңғы түнектен де азаттанудың сәулесін іздеп, ақтарылған шын­дықтардың арасынан тіршілік то­пырағының астында көміліп қалған адам­дық болмысты тауып, әдебиет айдынына адам­дық мұхиттың тұңғиығында жасы­рын­ған сұрақтарды алып шығып,  жауабын беруді оқырман еншісіне қалдырумен келе жатқанына қай заман. Дей тұрсақ та, өмір боранында адасып, оңаша қалып, жүре­гіміз­ді жабырқатқан жалғызды­ғы­мызбен жа­ғаласқанымызда, жан дүниеміздің ас­таң-кестеңін шығаратынына қарамастан, көңілімізге медеу тұтатын жұбанышты басқа жақтан емес, әдебиет әлемінен іздей­тініміздің құпиясы неде, осы? 
Атақты Борхестың дуалы аузынан шы­ғып, бұл күндері мәтелге айналып кет­кеніне қарамастан, ұлы кітаптардың пенде баласына тек қуаныш сыйлап өтетініне өз басым аса сенбеймін. Қайта керісінше кей­бір талантты қаламгерлердің ішкі таби­ғаты­нан қасіреттің дауылы соққан хи­кая­лары қуаныш сыйламақ түгіл, санамызды сансыратып, сезімімізді сергелдеңге салып, өзегімізді өкінішке толтырып, өртеп жібере жаздаумен келеді емес пе? Жұбатудың ор­нына, күлдіріп отырып менің нәзік жа­ным­ды жаралап, жүрегімді жылатып жүрген сондай суреткерлердің бірі – Тынымбай Нұрмағамбетов. 
Соған қарамастан, оны не үшін сон­ша­лықты қатты жақсы көріп, шығармаларын қайта-қайта оқи бергім келетінімді білмей­мін. Мен мына жалған дүниені сәулелі өне­рімен нұрландырған қазақтың талай-талай мүйізі қарағайдай қаламгерлерімен ара­ласып, шапағатын көрген бақытты жан­­дардың бірімін. Білімі телегей-теңіз Әбіш пен Мұхтар, парасаты биік Төлен, се­зі­мі сыршыл Сайын, көңіл толқыны ар­на­сына симай тасыған Оралхан, тілі тө­гілген Қалихан... айта берсем көп. Алайда Тынымбай Нұрмағамбетовке деген ықы­ласымның неге сондай ыстық, талантына деген құрметімнің неге елден ерекше еке­нінің себебін, өлтірсеңіз де түсінбеймін. Мүм­кін, оның құпиясы, шығармаларын оқығанымда, біз сияқты пенделерге ұқса­май, дүниеуәи тіршілікке қызықпай, көзі тірісінде рух аспанының төріне биіктеп кеткен шыншыл суреткердің  өмірдегіге мүлде ұқсамайтын өнердегі болмысын жаз­бай танып, өзімнің адамдық таби­ға­тымды тапқандай күйге түсетіндігімнен де шығар. Жалғандыққа жаны қас, сезімі сұлу сурет­кердің қолын қысу бақытының таланыма бұйырғанына шүкіршілік етіп, замандасы болғаныма қуанып, сырласы болғаным есіме түссе, кеудемді мақтаныш сезімі кер­нейтінін несіне жасырайын. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қаламгердің әр кітабымен танысқан сайын танымым тереңдеп, тал­ғамым өсіп, ойларымен бірге өз ақылымның да толыса түскенін сезгендей боламын. Ше­бер қолмен өрілген шығармасын құма­рым қанбай оқыған сайын, адам туралы талай-талай жұмбақтардың сырын ұққан менің де дүниетанымым кеңейіп, ойым ке­мелдене бастағандай ма, қалай?..    
Адам – Құдайдың ұлы жұмбағы, ал оның табиғаты – иррационалды (ақыл жет­пейтін) құбылыс. Дүние жаратылғаннан бері адам жақсарған жоқ, Құдайға да жа­қын­дай түскені шамалы, қайта керісінше мейірімділіктің кейпінде келіп, құшағын ашқан зұлымдықтың соңынан ілесіп, жаңа заман орнаған сайын жаны күрделеніп, әлем­нің қаны қарайып, қатыгезденіп барады.  
Адамгершіліктен бөлек, зұлымдықтың да қайнар бұлағы болатынын жақсы біле­тін Тынымбай Нұрмағамбетов  шы­ғар­ма­шылығында ылғи да махаббат пен ғадауат майдандасқан  рух жанартауы қопарылып жатады. Үнемі біз көрмеген дүниелерді бай­қап қалатын суреткер адам санасында жа­салып жатқан қылмыстарды әшкерелеп, оқырманға жоғалтып алған парасаты мен рухани тереңдігін адаспай табуына көмек­тесіп отырады. Иненің жасуындай да жал­ғандық жоқ жазушы шығармашылығында оттай жанған ойлардың жалыны лаулайды. Соған қарамастан бізде әлі күнге дейін Ты­ным­бай талантының табиғатын дұрыстап тану­ға қадам жасалған жоқ. Ол туралы бас­пасөз бетінде азды-көпті жақсы пікір­лер­дің айтылғанына қарамастан, сурет­кер­лік құдіретін сәл де болса ашатын осы та­ным­дардың ешқайсысы да бізге жазу­шы­ның қарапайым да, күрделі творчествосын жан-жақты саралап, егжей-тегжейлі талдап, түсіндіріп бере алмады. Біреулеріміз үшін ол – ауыл тақырыбын жақсы білетін және жақ­сы жазатын жазушы, екіншілеріміз үшін – ұлттық прозамыздағы Бейімбет Май­лин мектебін жаңа биікке көтеріп кет­кен қаламгер, үшіншілеріміз үшін оқыр­ман­ды күлдіріп отырып жылататын – ерек­ше талант, төртіншілеріміз үшін – про­за­мыз­ға қайталанбас ұлттық образдарды әкел­ген суреткер болып қалды. Бәрі дұрыс, бәрі де заңды, айтылып жатқан пікірлердің бәрі де орынды. Дегенмен біз күрішті күр­ме­гінен ажырата алмайтын ойымыздың шо­­лақтығынан Тынымбай шығар­ма­шы­лы­ғын талдауда айтылуға тиісті ең маңызды нәр­сені – жазушының адамтануда көркем про­замызға қандай жаңалықтар әкелгенін ұмы­тып кетіп, ұлттық топырақтан нәр ал­ған таланттың суреткерлік шеберлігінің ар­қасында әлем әдебиетінің классиктері Моп­пасан мен Чеховтардың биігіне көте­ріл­ген адамзаттың қаламгеріне  айнал­ға­нын әлі дұрыстап тани да, зерттей де ал­май, әр нәрсенің басын шала шолып жүрміз.   
Шындығында, осыдан елу жыл бұрын жарық көрген «Жұмаға қара­ған түн» әңгімесінен-ақ Тынымбайдың кесек талант екені бірден байқалып, ешкім­ге ұқсамайтын суреткерлік шеберлігі жар­қы­рап көрінген-тұғын. Өкінішке қарай, жа­зушының осы шығармасына өз уақы­тын­да назар аударып, бағасын берген сын­шы болмады.  
Көлемі шағын, оймақтай ғана әңгімеде есің­ді алып еліктіріп әкететін керемет сю­жет те, алып бара жатқан шытырман оқиға да жоқ. Бірақ француз қаламгері Флобер сияқ­ты сөзді түрлендіруден гөрі деталь поэ­тикасына қатты мән беретін жазушы кейіпкерлердің түлкі мінездерін ойнатып, хал үстіндегі Пәрікүл кемпірдің жақындары мен туған-туыстарының пиғылдарында жасалып жатқан қылмыстарды асқан ше­берлікпен әшкерелейді. Кішкентай ғана деталь арқылы пенде баласының табиға­тында жасырынған екіжүзділіктің шын таби­ғатын көзіңізге шұқып көрсетіп, ащы ақи­қаттың ішек-қарнын алдыңызға ақта­рып тастай салады.  
Адам қолымен істелетін зұлым­дық­тар­дың бәрі де ең алдымен оның пиғылында туып, уақыт өте келе санасын тұманданды­рып, жүректегі имандылықтың отын сөн­діріп, ақыры бүкіл қоғамның азып-тозып, жан дүниесінің жалаңаштанып кетуіне әкеліп соқтырады. Әңгімені оқып бола са­лы­сымен, Пәрікүл кемпірге ажал тіле­ген­дер­дің адам өлтірген қылмыскерлерден қай жері артық деген ой көңіліңнің бір түп­кірінен оянып, жаныңа тыныштық бер­мей аласапыран күйдің арбауына түсіреді.  Шығармадағы Құдай сүйерлік қылығы жоқ көп кейіпкерлердің бірінен өз болмысыңды жазбай танығандай болып, жұртқа беймә­лім қылмысың әшкереленіп, күнәңді сез­ген­дей қуыстана түсесің. 
Өмір шындығын суреттеуде Тыным­бай бір ғана тәсілдің қазығына бай­­­ла­нып қалмаған – таңғажайып талант. Ли­рикалық прозаларымен орыс әдебиетінің адам­танудағы көкжиегін кеңейткен көр­кем сөз шеберлері Василий Шукшин, Вик­тор Астафьев, Валентин Распутиндердің әң­гіме-хикаяларымен бір қатарға тұруға лайық «Бөрібайдың тымағын ит алып қаш­қан қыс», «Атақоныс», «Шашубай» т.с.с. шы­­­­­­ғармалар туғызған суреткер, соңғы отыз жылда  «Ауған құстары», «Құпия кез­десу­лер» сияқты өмір шындығын мистикалық, гро­тес­кілік, магиялық реализм тәсілімен беру­дің жаңа әдістерін қолданып, толайым та­быс­тарға қол жеткізді. Бақыт іздеп адас­қан жандардың ар азабын тартқан ақи­қа­тын романтикалық, реалистік шеңбердің аясына сиғыза алмаған суреткер көркем про­задағы жаңа көкжиектерге көз тікті. Адамзат мойындаған классиктердің шын­дықты суреттеудегі әдісінен үлгі ала оты­рып, өнердегі өрісін ұлғайтты. «Кене» әң­гі­месінде ол тіпті анау-мынау емес, әлем әде­биетінде өрнегі бөлек жазу мәнерін қа­лыптастырған Франц Кафканың өзімен іш­тей бәсекеге түсіп, адам жанының шыңы­­­­­­рауында  жасырынған трагедиясы­ның қат-қабат құпиясын ашты. Егер Каф­ка­ның «Құбылысында» адамның жәндікке ай­налу процесі ғана сипатталса, Нұрмағам­бетов­тың «Кенесінде» пендешілігі көп Би­меннің жәндікке айналғаннан кейінгі тір­шілігіне зор мән беріледі. Тынымбай үшін адамның жәндікке айналу процесі маңызды емес, жаны жәндікке айналған пен­де арқылы арсыздықты, зұлымдықты әш­керелеп, дүниенің жалғанын оқырман есіне салу әлдеқайда маңыздырақ. 
Тынымбай Нұрмағамбетов адамтануда біз күтпеген жаңалықтарды ашып, оқыр­манын үнемі таңғалдырумен келе жатқан су­реткер. «Періштелердің өлімі» атты жа­зу­шының жаңа кітабы осы айтқан сөзі­міз­дің тағы бір жарқын мысалы бола алады. Бұл еңбегінде жазушы өмір шындығын беру­­дегі  баяғы реалистік тәсіліне қайтып ора­лыпты. Жазушының шығармашылық өміріндегі өзгеріс жасқа қарамайды. Өзгеріс жоқ жерде суреткердің қиялы көмескіленіп, қала­мының сиясы сұйылып кетеді. Әде­биет­те даму болмайды. 
Реалистік прозаға қайтып оралға­ны­мен, бұрынғыдай емес, «Періштелер­дің өлімінде» ол мүлде басқаша жағдайдағы адам­дық болмысқа үңіліп, адамдық бастау­дың қалай лайланғанын суреттейді. Енді ол сау күндегі емес ақыл-есін жоғалтқан кез­дегі, заңды жолмен келе жатқан шақ­та­ғы емес, қылмыстық жолға түскен мезгіл­де­гі, күнделікті тұрмыс пен жанның қалып­ты күйіндегі емес аңдаусыз түнгі стихия­дағы адам табиғатының тереңдігін ашып, оның шегі мен шекарасын зерттеуге ерекше ден қояды.  
Осы тұрғыдан алғанда  «Жыланның уы» хи­каяты қоғамдағы әлеуметтік шындықты суреттеудегі – ұлттық әдебиетіміздің зор та­бысы. Бұл шығармадан біз аласапыран за­ман басталғаннан кейін өзгеріп кеткен жаңа әлем мен жұмаққа апаратын жолдан адас­қан «періштелердің» абайсызда тозақ оты­на өртеніп кеткен тағдырларын көрдік, адамгершілік, ізгілік, мейірімділік сезімдері аяқ астында тапталып, ар-ұяттың еңсесі тө­мендеген өмір шындығына куә болдық.  
Суреткер ар азабын кешкен кездегі ақиқатын айту үшін кейбір әсіре «эстет» жазушылардай стиль таңдамайды. Кез келген жазу мәнерін емін-еркін игеріп әке­те беретін қабілеті күшті қаламгерді фор­­ма мен стильден гөрі, адам мен оның тағ­­дыры, адам рухының жұмбақтығы мә­селесі көбірек толғандырады. Ол біздің кей­бір философ болып көрінуге жаны құ­мар жазушыларымыздай Құдай тақырыбын қызықтап, өз ойын тамашалап  отырып алмайды. Құдайлық сәулені ол адамдардың тағ­­дыры арқылы таниды. Аллаға шын ние­тімен сенетін тақуадай жүрегінің түбіне кір сақ­тамай, адам туралы білетін барлық ақи­қа­тын оқырманға жасырмай жайып салады.     
Осы тұрғыдан алғанда өнерге жан-тәні­мен беріліп, аз күндік жалғанның жыл­ты­ра­ғына қызықпай, мәңгілік тақырыптардың то­заңын жұтып, өнердің тозағына төзіп келе жатқан Тынымбай Нұрмағамбетов шы­ғармашылық мұратына жеткен – ба­қыт­ты жазушы. Қаламгер үшін бойындағы өнерін сатпай, билікке жалтақтамай, әлде­кімдерге жұмсалмай, жалпақшешейлікке салынбай ар азабының ақиқатын қорық­пай айта білгеннен артық қандай биік мақ­сат болуы мүмкін? Айтыңызшы қандай? 
Сөзіміз шектеулі болғандықтан, біз бұл ша­ғын мақаламызда әр шығармасы бір кі­тапқа жүк боларлық «Періштелердің өлі­мін» егжей-тегжейлі талдайтын келелі әң­гімемізді кейінге қалдырғанды жөн көрдік. Оның үстіне сыншы Әмина Құрман­ғали­қы­зының «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көр­ген зерттеуінде бұл еңбектің ұлттық әде­биетіміздегі алатын орнына жақсы баға беріл­гендіктен, тақырыбымыз бір бол­ған­дықтан, ондағы ойлардың қайталанып кетуі­нен сақтандық. Дегенмен ойымыз үн­десіп жатқандықтан «Қазақтың Тыным­байы» атты осы мақаладағы суреткер жө­нін­де сөз қозғаған сыншы пікірінің тобық­тай түйінін  оқырман есіне қайта салғанды артық санамадық. 
««Періштелердің өлімі» – қазіргі қазақ қо­ғамы қасіретінің кульминациясы. Ол шетел­діктердің босағадан жыландай жыл­жып кіріп, бай қожайынға айналып, аңқау қазақты торына түсіріп, қармақ ұшындағы жемге айналдыруы. Күнкөріс үшін ғана ауылдан қалаға ағылған қазақтың бейкүнә, қулық-сұмдықтан ада, аңғал, ақкөкірек жастарының шетелдік қожайынның құр­баны болуы. Нұрмағамбетовтің сурет­теуін­дегі «қай ұлт екені де белгісіз, түксиген қа­лың қабақты, ала көзді» қожайын адам емес, қазаққа болашақта төніп келе жатқан үлк­ен бір сұмдықтың, кесапаттың жанды бей­несі тәрізді. Бұл – қазіргі шындық. Бұл – сіз бен біз қысқа күнде қырық рет сезініп, содан шо­шынып отырған шындық. Егеменді ел бол­дық деген кездің удай ащы шындығы. Соларға әй дер әже, қой дер қожа бар ма? Бұл тақырыпты автор ашына жазады. Атқа тіл бітіре ме, құсты сөйлете ме – әйтеуір  қа­зір­гі қоғамдық биліктің, тіпті сонау «үл­кен» адамдардың каррикатурасын Тыным­байдай жасап берген автор жоқ шығар». 
Әмина Құрманғалиқызының дәл бай­қағанындай Тынымбай ұлттық әде­бие­тіміз­дегі қазақ бейнесін мифологемалық, псев­доромантикалық сипаттан арылтты. Көп­теген қаламгер қазақты тағдыры, тари­хы, тартысы мен күресі жағынан көр­сетсе, біздің автор қазақты ұлттық кескін-келбет, қазақы мінез-құлық, қазақы құндылық пен қа­сиет, қазақы рух, ішкі психологиялық дүр­белеңі, дүмпуі, арпалысы арқылы көр­сетті. Бүкіл қоғамға, тіпті әлемге «кішкене» қазақтың көзімен қарап-ақ баға берді.
Бүкіл советтік әдебиетке ықпалын тигіз­ген әсіре гуманизмнің Тынымбайдың да алғашқы шығармаларына әсері болғаны байқалатын. Алайда уақыт өте келе ол одан бас тартып, түбегейлі өзгеріп, біржола бас­қаша жазуға көшті. 
Өз басым жазушының «Періштелердің өлімі» кітабына енген роман-хикаяттары мен әңгімелерін гуманизмнің жалауын желбіреткен туындылардың қатарына қоса ал­м­аймын. Тіпті, біздің пікіріміз дұрыс бол­май қателескен күніміздің өзінде, оның өрнегі өзгеше тоқылған шығармаларын тра­гедиялық гуманизмге жатқызуға бола­тын шығар. 
Шын мәнісінде, кітаптағы роман-хи­каяттар мен әңгімелер туын­ды­лар ғана емес – қоғам қасіретін ашып берген траге­дия­лар. Трагедия болғанда да оның ерекше түрі. Әлеуметтік фактордан бөлек, гума­низм идеясына алданған адам тағдырының – ішкі трагедиясы. Суреткер өз шығармаларында біреулердің ойын қайталамай, жалғыздық дертінен айыға алмаған адам трагедиясының сыртқа қалы­бынан бөлек, ішкі себебін зерттеп, оны өз тұрғысынан бағалайды. 
Тынымбай ұлттық топырақтан жара­тылған – рух қозғалысының суреткері. Мұн­дай дауылды қозғалыста барлығы да қалыпты орнынан жылжып, өзгеріске ұшырайды. Ол адамды құмарға батып қи­налған жағдайдағы кезінде ашады. Сон­дықтан да суреткер адам рухының тереңін­дегі төңкерістерді көріп, ондағы қайшы­лық­тардың сырын жақсы біледі. Тыным­бай­дың өнері  көбінесе – рухани болмыс­тың тереңдігін, метафизикалық шынайы өмірді сипаттайды, эмпирикалық тұрмыс­қа ол қызықпайды. Қылмыстық  романдар­ды еске түсіретін «Жыланның уы» хикаяты­ның ішкі желісінен біз үйреніп қалғаннан бөлек басқа бір шындықтың сәулесі жар­қырайды. Әділін айтсақ, бұл шығармада суреткер сипаттаған тұрмыстың келбеті, өмірдің тәртібі, жершіл типтер – аса шын­шыл емес. Адамның рухани тереңдігі, пенде баласының рухани тағдыры – шыншыл. Оқырманға ой салатын идеялар – шыншыл. Сондықтан да «Періштелердің өліміндегі» роман-хикаяттар мен әңгімелерді біздің қалыптасып қалған түсінігіміздегі нағыз реалистік шығармалардың қатарына қосу қиын. Ақиқатында, нағыз өнер – өмір­дегі­ден де терең шындықтарды зерттейді емес пе. Нағыз өмірдің суреткерлік шеберлікпен тек символдар арқылы берілуі мүмкін еке­нін есімізден шығармайықшы, ол өнер­ге мін­детті түрде шынайы күйінде енбейді. Өнер еш уақытта да эмпирикалық шы-найы­лықты көрсетпейді, барлық кезде де ол бас­қа әлемге еніп кетеді, бірақ бұл басқа әлем өнерде символдық бейнелердің көме­гімен танылады.
Ақиқатында, сөз патшалығында Ты­ным­­­­­бай­дай ешкімге ұқсамайтын, ерекше құбылыстың пайда болуы кездейсоқтық емес. Заңдылық. Мифологема мен әсіре ро­­мантизмнің дертіне шалдығып, шындық ауы­лынан мекені алыстап бара жатқан қа­зақ әдебиеті күндердің-күнінде Ты­ным­бай сияқты кесек ойлайтын, біздің желбуаз үмітімізді аямай талқандап тастайтын қа­ты­ғез талантты туғызуы тиіс еді.  
Жазушы адамдық ойдын кенін кітаптан ғана іздемейді, көп жағдайда оны өзінің та­­за болмысынан, өнерге берілген адал мұ­­­­ра­тынан, шыншыл жүрегінің шыңы­рауы­нан табады. Көп оқып, көз ізден­гені­мен, өмірдегі алаяқ, екіжүзді, даңғойқұмар, мақтаншақ, пысық, жағымпаз, мансапқор пенделердің неге кемел дүниелер туғыза алмайтынының себебін зерттеп көрдіңіз бе? Өйткені Алланың алтын сарайындай жар­қыраған ұлы Рухтардың қақпасы, шы­ғар­машылығы былғанбаған, адал махаб­ба­ты мен адамдық табиғатына кір жұқтыр­ма­ған адамдар үшін ғана айқара ашылады. 
Әдебиет адамтануды ғана емес, адам бо­лып қалуды үйрететін – ұлы өнер. Міне, сон­дықтан да шын талант әдебиетке, адам­дық бастаудың қайнарын лайлайтын қо­ғамның зұлымдығынан өмірді тазарту, ар азабының ақиқатын айту үшін келеді. Жү­регі оттай жанып, өмірдің әділетсіздігі­мен күресе алмаған жазушы еш уақытта да адам жанының суреткері бола алмайды. 
Сөз өнерінің дертіне шалдыққан Ты­ным­бай Нұрмағамбетов әдебиетке берген сер­тіне адал болып қалғанының арқасында адам жанының суреткері бола білді. Оның туын­дылары арқылы ұлттық әдебиетімізге ойы анық, сезімі тұнық, тылсымы терең жаңа әлем келді. Ол әлемнің аты – Тыным­бай. 

Амангелді 
Кеңшілікұлы

Тэгтер:

Тынымбай Тынымбай Нұрмағамбетов