32 жастағы Ақтөбе тұрғыны әріптесін қатыгездікпен өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот мәліметінше, қаладағы зауыттардың бірінде машинист болып істеген Әсет қылмысты алдын ала жоспарлаған. Ол әріптесінің үйінен шыққанын күтіп, соңынан еріп жұмыс орнына дейін барған, кейін оны өз көлігіне отырғызып, қала сыртында алып кеткен.
Елсіз жерде қылмыскер ер адамды 7,7 миллион теңгеге несие рәсімдеуге және ақшаны өз танысының есепшотына аударуға мәжбүрлеген. Осыдан кейін жәбірленушіні шүберекпен буындырып өлтіріп, мәйітті көліктің ішіне жасырып, Алға ауданына апарған.
Онда Әсет досынан көмек сұраған. Досы оған күрек әкеліп бергеннен кейін, ол шұңқыр қазып, өлтірілген әріптесінің денесін көміп тастаған.
Сот Әсетті адам өлтіру және қорқытып ақша алу баптары бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қылмыстың ізін жасырған досы амнистияны ескере отырып, 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот шешіміне сәйкес, сотталушы қаза тапқан адамның отбасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.