Қарағанды тұрғыны 16 жастағы ұлына тиісті медициналық көмек көрсетілмегенін айтып, қаланың үш медициналық ұйымына қарсы сотқа шағым түсірді. Әйел моральдық шығынды өтеуді талап еткен, себебі баласы кейіннен көз жұмған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың ақпаратынша, 2023 жылдың наурызында жасөспірім анасымен бірге он күн бойы сақталған жоғары қызба, әлсіздік және енжарлық белгілерімен балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.
Жағдайының ауырлығына қарамастан, медицина қызметкерлері оған тек тәулік бойы ауруханаға жатқызуды ұсынған. Алайда анасы бұл ұсыныстан бас тартқан.
Сонымен бірге бас тарту құжат жүзінде рәсімделмеген, ал аурухана қызметкерлері емделушіні ауруханаға жатқызу қажеттілігін жеткілікті түсіндірмеген.
Науқас күндізгі стационарға орналастырылғанымен, оның клиникалық жағдайын ескере отырып, тәулік бойы бақылау мен қосымша тексерулер қажет болған.
Сондай-ақ антибиотикалық ем стерильділікке арналған алдын ала қан талдаусыз тағайындалған. Медициналық құжаттарды жүргізу барысында да бірқатар бұзушылықтар анықталған.
Кейін баланың жағдайы нашарлап, қатерлі ісікке күдік туындағаннан кейін ол тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға жатқызылған.
Дегенмен аурухана басшылығы мен Денсаулық сақтау басқармасы республикалық орталық мамандарын тарту, телемедицина арқылы кеңес алу немесе науқасты бейінді мекемеге ауыстыру мүмкіндігі жөнінде уақтылы хабарламаған.
Бұдан бөлек, жалпы практика дәрігері қан талдауының нәтижесін дұрыс бағаламай, онкогематологиялық ауруға күдік барын растау үшін баланы республикалық деңгейдегі медициналық ұйымға жолдамаған.
Жасөспірім алғашқы рет медициналық көмекке жүгінгеннен кейін бір ай өткен соң республикалық медициналық орталықтың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бейінді мамандарды тарта отырып жүргізген тексеру барысында медициналық қызмет көрсету кезіндегі бірқатар бұзушылықтарды растады.
Бірінші сатыдағы сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, Қарағанды қаласының үш медициналық мекемесінен моральдық зиян үшін 5 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Апелляциялық инстанция бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот ата-ананың баласының өлімі мен медицина саласындағы немқұрайдылық салдарынан терең эмоционалдық күйзеліске – ауырсыну, ашу, үмітсіздік және депрессияға тап болғанын атап өтті.