Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде ер адам лифт шахтасына құлап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, «Сығанақ» тұрғын үй кешенінде мас күйдегі ер адам лифт есігін теуіп жіберіп, істен шыққан көтергіштің шахтасына құлап кеткен.
Оқиғаның мән-жайын Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді.
«4 қараша күні сағат 05:11-де елордалық ТЖД-нің «112» пультіне Нұра ауданындағы тұрғын үй кешенінің лифтінде адам қалып қойғаны және лифт ішінде зақым алған адам болуы мүмкін екені туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қол құралдарының көмегімен лифт есігін ашып, 1994 жылы туған ер адамды шығарып алды. Сондай-ақ лифт қызметінің өкілдерімен бірге 1987 жылы туған ер адамды лифт шахтасынан көтеріп шығарды», — делінген хабарламада.
Зардап шеккен азамат медициналық қызмет бригадасына тапсырылып, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.