Бүгін Астанада Қазақстанның барлық өңірінен келген 500-ге жуық баланың қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі басталды. Іс-шара аясында қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және эстафета бойынша екі күн бойы сайысқа түседі. Бұл фестивальдің басты мақсаты – ерекше балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың спорт арқылы әлеуетін ашу және инклюзивті орта құруға ықпал ету, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әділетті қоғамды құру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс» деген еді. Бұл ретте «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, бұл фестиваль қайырымдылық пен бауырмалдық тоғысқан бірегей алаңға айналып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті спортқа ерекше мән беріп келеді. Президенттің тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – соның айқын дәлелі. Іріктеу кезеңіне 2000-нан астам үміткер қатысып, үздіктер анықталды. Қатысушылардың барлығы болашақта үлкен жетістікке жетіп, халықаралық аренада беделді спорттық марапаттарға ие болады деп сенемін. Бұл – баршамыздың ортақ мерекеміз», – деді ол.
Сондай-ақ іс-шараға партияның Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Әбдиев пен Наталья Дементьева, Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Арман Ташметов, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері, спорт қайраткерлері, ұстаздар және ата-аналар қатысты.
Өз кезегінде партияның Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова ерекше қажеттілігі бар балалардың жігерін жанитын, рухын көтеретін осындай игі іс-шаралар ұйымдастыру аса маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздің әр азаматы үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Тең мүмкіндік – баршамызға ортақ құндылық. Партиямыздың бастамасымен өтіп жатқан бұл фестиваль ерекше қажеттіліктері бар балалардың өз күшіне сенуіне, жаңа орта қалыптастыруына және қоғамға бейімделуіне жол ашады. «AMANAT» партиясы инклюзивті саясатты қолдап, осындай жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», – деді ол.
Инклюзия мәселесін жиі қозғап жүрген халық қалаулысы Ерлан Әбдиев өз сөзінде ерекше балалардың ерік-жігері, табандылығы және өмірге деген құштарлығы бәрімізге үлгі болуға тиіс екенін айтты.
«Біз Мәжіліс қабырғасында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықығын кеңейту, әлеуметтік және инфрақұрылымдық қолдауды күшейту бағытында үнемі бастамалар көтеріп келеміз. Бірақ ең маңыздысы – қоғамның сана-сезімі мен көзқарасының өзгеруі. Міне, дәл осындай игі іс-шаралар сол өзгерістің бастауы болып отыр», – деді ол.
Фестиваль қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинеті және 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейімделген спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға баспананы бірінші кезекте алу құқығын бекітетін нормалар енгізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды.