Елнұр Бейсенбаев: Ішкі саясат туралы жарлық – еліміздің жаңа саяси дәуіріндегі маңызды стратегиялық құжат

Бүгін, 19:10 / Дана Ізтілеуова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Мәжіліс депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев аталған құжаттың маңызы туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты Жарлығы – еліміздің жаңа саяси дәуіріндегі маңызды стратегиялық құжат. Ол ұлттық дамудың жаңа кезеңіне жол ашып, қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылықтарын нақтылайды.

Бұл ұсынысты әріптестеріміз, Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым және Никита Шаталов Ұлттық құрылтай платформасында ұсынып, оның мәні мен маңызын жан-жақты түсіндірген болатын", – дейді Е.Бейсенбаев.

Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, бұл құжаттың басты мақсаты – мемлекеттілігімізді нығайту, қоғам бірлігін сақтау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Яғни, бұл Жарлық Әділетті Қазақстан идеясын нақты іске асырудың саяси және идеологиялық негізін қалайды.

"Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мыналар: «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан». Бұл қағидаттар – жаңа қоғамдық келісімнің, ел ішіндегі тұрақтылық пен жаңару саясатының тірегі.

Президент белгілеген бағыттар елдің әр саласын жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ол әрбір азаматты әділдікке, еңбекқорлыққа, бірлік пен патриотизмге үндейді.

Әділетті Қазақстан – баршаға тең мүмкіндік беретін, адал еңбек пен заң үстемдігі орнаған мемлекет. Оған қол жеткізу, осы жолда жұмыла әрекет ету – ортақ міндет", – дейді депутат.

Тэгтер:

Елнұр Бейсенбаев Президент Жарлығы ішкі саясат